Білім беру жүйесін бұл салаға қатысы жоқтар басқарады

Қанағат Жүкешев - 20.07.20194805

Ол бірдеңе туралы айтады, екінші бірдеңе туралы

ойлап тұрады, жемежемге келгенде үшіншісін істейді.

Кеңес адамына берілген мінездемеден

Елдегі білім беру мәселесіне қатысты сөз қозғалғанда, біздің есімізге білім беру стандарттары мен бағдарламаларын жетілдіру, сапалы оқулықтар дайындау, жаңа педагогикалық технологияларды енгізу, мектептер салу... мәселелері түседі. Мұғалімнің беделін көтеру тақырыбы да баспасөз беттерінен түспей келеді. Осы және басқа шаралармен біз заманауи өндіріс үшін жоғары квалификациялы кадр дайындай алатын елдер қатарынан екенімізді паш етуге ұмтыламыз. Сырт көз бізді баршаға білім берумен айналысып жатыр деп ойлайды және оған сенеді. Шынтуайтына келгенде, Кеңес адамынікіндей, бұлар – біздің айтып жүретін сөздеріміз.

Ал, біздің ойымызда не бар дегенге қатысты мынаны айтуға болады. Қазақстанда білім беру жүйесін, көбінесе, мамандығы бойынша бұл салаға қатысы жоқ адамдар басқарып келгені белгілі. Бұдан билік үшін білім беру мәселелерін шешу мақсат емес, алдымен бюджеттен салаға бөлінген қаражат пен өзге материалдық игіліктерге бақылау орнату маңыздырақ болған шығар деген қорытынды шығаруға болады. Расында да лауазымға келіп алғаннан кейін мамандығы басқа бастық не туралы ойлауы мүмкін? Қисын мынаған тіреледі: ақша қаражаты қай жақтан ағылып, қайда кетіп жатыр? Оларды қалай бағыттап, «өз үлесімді» қалай жырып алып қалуым керек? Түсімді орынды қалай көбірек ұстап қалуға болады? Жоғарылаудың қисыны қайсы?.. Мінеки, қысқаша кеңестік тәрбиенің субъектісі білім беру жүйесіндегі жауапты лауазымда отырып, осылар туралы ойлайды деп жорамалдауға негіз бар. Өйткені, халық шаруашылығы салаларының ішіндегі ең жемқорлыққа көбірек малшынғаны осы сала екені талай айтылды. Білім сапасы ешқашан қанағаттанарлық баға алып көрген емес. Осы жағдайлар бізді саладағы шенеуніктер тура жоғарыда біз келтіргендей ойлайды деп қорытынды шығаруға итермелейді. Тереңірек үңіліп қараған адамға салада түсініксіз құбылыстардың да орын алып отырғанын аңғару қиын емес.

Енді, үшіншіден, не істеліп жатыр деген сұрақтың жауабын табуға кіріспестен бұрын, оның өзекті және ұзақ түсіндіруді қажет ететін мәселе екендігін ескертіп өту керек. Біздегі беріліп жатқан білімнің сапасы жөнінде қалам тартқандардың көбі деңгейдің тым төмен екендігіне алаңдайды. Бұл бағалаудың негізсіз емес екендігінің айғағы да аз емес. Солардың бірі және бастысы ретінде мыңдаған жастардың жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерге оқуға жіберілуін келтіреді. Бұдан өзімізде 127 ЖОО бола тұра (2018), бюджеттен қырауар қаржы бөліп, осы бағдарламаны енгізудің қажеттігі неде деген сұрақтың тууы заңды. Оның жауабы: отандық университеттердің дипломдары бағаланбайды. Олардың жоғары квалификациялы маман дайындайтын қаухары жоқ. Бұдан басқа да білім сапасының төмендігін паш ететін, бұлтартпайтын айғақтар толып жатыр.

Енді осы мәселенің қарапайым көз аңғара алмайтын, сондықтан  осыған дейін айтылмай келген қырларына үңіліп көрейік. Бәрі түсінікті болуы үшін талдауды әлеуметтік-психологиялық барлаудан бастайық. Жазушы А. Конан-Дойлдың танымал романының кейіпкері өзінің әрекет ұстанымын былай тұжырымдағаны бар: «алдымен кімге тиімді екенін біліп алыңыз – сонан кейін қылмыскердің үстінен түсесіз». Демек, мәселе мотивацияға барып тіреледі. Осы  қисынмен бажайлап қарағанда, алдымен «білімді, жоғары мәдениетті, әлеуметтік белсенді халық кімге керек?» деген сұраққа тірелеміз. Әрине, адал адамдардың бәріне керек, тек ... билікке заңсыз амалдармен келіп алып, енді одан айырылғысы келмейтіндерден басқаларға. Авторитарлық билік иелеріне бұқараның саяси сауаты төмен, құқықтарын қорғауды білмейтін, әлеуметтік пассивті болғаны керек. Мұның себебін түсіну қиын емес. Сауатты халық материалдық және рухани игілікті, оны қамтамасыз ете алмағанда, билеушінің орнын босатуын талап етеді. Ал жалпы сауаты төмен, мардымсыз жалақысынан айырылып қалам ба деп қорқып отыратын бұқара билік қалай айдаса – солай жүреді, нені бұйырса – соны істейді. Ең бастысы, сайлауларда билік ұсынған кандидаттарға 100 % дауыс береді.

Бұл жерде Қазақстан билігіне алдымен қазақтардың кедей және шаласауатты болғаны керек екенін аңғару қиын емес. Өйткені, жоғарғы және жергілікті билік органдарын сайлау кезінде биліктің статус-кво жағдайын автохтонды халықтың дауысы қамтамасыз етеді. Ол үшін қазақ айдауға көнетіндей, нұсқау бойынша дауыс беретіндей, сауаты төмен, кедей, сонысымен қорқақ, тастаған сүйекке сатылатындай, рухани әлсіз болуы керек. Осыдан елдің 45 %-ын құрайтын ауыл тұрғындарының, бюджетке қосатын үлесі мардымсыз болса да (4,5 %), «өздігінен бірдеңемен шұғылданушылар» деген атпен, өнеркәсіп өндірісінен тыс қалып отыруының себебін көреміз. Білім беру саясатына қатыстының бәрі биліктің осы ұстанымы тұрғысынан шешіліп жатқанын аңғару қиын емес.

Бұқараның жалпы сауатының төмен болуына мұқтаж тағы бір топ бар. Ол – араны ашылған кәсіпкерлер. Оларға сауаты аз адамдар жалақыны аз төлеуі және реті келгенде жұмысын істеткізіп алып, лақтырып тастау үшін қажет. Реті келгенде атап өту керек, біздегі шынайы шағын және орта бизнеспен (ШОБ) айналысушылардың бәрі жоғарыда қорғаушысы барлар. Демек, биліктің маңында жүргендердің туыстары. Өзгелерге мұнда баратын жол жоқ. Билік иелеріне ШОБ-ны дамытқаннан гөрі «дамытайық» деп, әрекідік айғайға басып қойып, шынайылығында қарапайым бұқараның ШОБ-мен айналысуына тосқауыл қойып отыру тиімді. Оның себебі жоғарыда аталды: қазақ байымауы керек.

Әрине, билік иелеріне жоғары лауазымдарға отырғызып, ойындағысын дөп басып, бүлжытпай атқарып отыратын, сауатты орындаушылар, сенімді ізбасарлар да керек. «Болашақ» бағдарламасы ол баста авторитарлық биліктің сол мақсатын іске асыру үшін жасалған болатын. Осылай елде білімді таңдаулыларға және басқаларға алалап беру бағыты ұсталған.

Жалпы, биліктің білім беру саласындағы қитұрқы метаморфозасы жас ұрпақ өкілінің білімге, ғылым мен техникаға, мәдениетке, жалпы рухани жетілуге деген мотвациясының жойылуынан көрініс табуда. Қатардағы мектептердің оқушыларының білім алуға деген құштарлығы сүртіліп тасталған.

Бұл қалай орын алды? деген сұрақтың түсіндіруі көп және ұзаққа созылады. Бұл жерде олардың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталайық.

Қазақ жастарының рухани жетілуге мотивациясының жойылуының бірінші және басты себебі авторитарлық билік басқарған қоғамның өзінің қазіргі күйінен бастау алып отыр. Авторитарлы қоғам жас адамға кәсіби біліктіліктің, интеллекттің, мәдениеттіліктің қажетсіздігін, перспективасыздығын, олардың тағдырын айқындаушы фактор бола алмайтындығын іс жүзінде көрсетіп отыр. Кадр іріктеудегі жаппай етек алған сыбайластықты, бәрінің патрон-клиент деңгейінде шешіліп жатқандығын оқушы көріп отыр. Оның түсінігі бойынша бәрі түсімді орын тауып беретін ағашка немесе тәтешканың табылуына тәуелді. Олар келіп ұсыныс жасағанда мұның қалтасында тек екі нәрсе болуы керек – жоғары білімнің дипломы және бірдеңе. Орналасу деген осы.

Екінші себеп: саяси-құқықтық білім беретін пәндер қазақ мектептерінің жоғары сыныптарында оқытылмайды. ҰБТ-ға дайындық сылтауымен, 10-11 сыныптарда өтілуге тиісті «Қоғамдық білім негіздері», «Құқықтану», «Дүниежүзілік тарих» пәндері сабақ кестесінде құр жазулы тұрады. Бұл әрекет жастардың саяси-құқықтық білім деңгейінің көтеріліп кетуін болдырмау үшін ашық және басынған формада жасалып отыр.

Үшінші себеп мұғалімдердің кәсіби-интеллектілік және моральдық деңгейінің төмендігінде, оқушының санасына заманауи білім мен мәдениетті жеткізе алмайтынында, оны рухани жетілуге бағыттай алмайтынында. ҚызПУ-да дәрісті сағыз шайнап отырып «тыңдаған», тестілер жинағымен ғана жұмыс істейтін, тек «жаттап алыңдар» деген әдістемені ғана меңгерген мұғалімдердің шәкірттерінің алдында беделі жоқ, кез келген оқушы мұғалімді балағаттап кете береді. Білімді алғысы келмейтін оқушы мен бергісі келмейтін (нағызында, бере алмайтын) мұғалімнің арасындағы қатынас осындай.

Осылай бастауыш сыныптардағы оқушының санасындағы білімге құштарлық жоғары сыныптарда білім алуға қарсылық пиғылға ұласқан. Бұл метаморфоза оқушының білім мен ғылымға қатысты резистенттік тұрғы ұстануын айғақтайды. Резистенттік тұрғы ұстанған бала оқыту үдерісіне қосылмайды, сабақта уақытын бос өткізеді. Бұдан оның «санасы да бос тұрады» деген қорытынды шықпайды, әрине. Вакуум – теориялық ұғым. Материяда ешқашан бос орын болмайды. Бір заттың орнын екінші зат басып отырады. Олай болса, оқушының кәлласына барып түсуге тиісті ғылым негіздерінің орнын басып отырған қандай қоқыс?

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: kaztag.kz

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар