Дін үстемдік құрғанда қоғамды түнек басады

Қанағат Жүкешев - 22.07.20194452

Ендігі үміт – құдайға сеніп, алыстағы сағымға телміру ғана

Дін – адамның табиғи құлшылыққа бойсұнуының

кең ауқымды көрінісі.

Мартин Эмис

Діндер, бәрі бірдей ебдейсіз: моралі балаларды

шатастыруға лайықталған, уәделері

эгоистік және өрескел ессіздіктің өндірімі.

Ги де Мопассан

11 жыл мектепте оқып, екі ауыз сөздің басын құрастырып, қарапайым ақпарды жеткізе алмайтын, білімнен де, әрекеттен де мақұрым қалған ауыл жастарының ендігі үміті – құдайға сеніп, алыстағы сағымға телміру ғана. Мұғалімдері солай оқытқандай, олар «түбінде құдайдың әйтеуір бірдеңе бере салатынына» сенеді. Олардың өмірлік арманы, мақсаты, идеалы дегендерінің бәрі тек күту тұжырымдамасымен алмастырылған. Білімнен іргесін аулақ салып, тек діннен опа іздегендердің кейбір фанатик деңгейге жеткендері шет елдердегі лаңкестік ұйымдарға қосылуда. Кейбір баспасөз мәліметтері бойынша, қазақ жастарының жарты мыңнан астамы Сирияда соғыста жүр.

Қарапайым бұқара дінге бетбұрысты имандылыққа, ізгілікке бет бұру деп түсінеді. Рас, діннің адамгершілік-моральдық догмалары бір тыңдаған адамды ізгі бастауларға бастайтын сияқты. Алайда, адамзат тарихы діни жолға түскен қоғамдардың прогресін айғақтамайды. Керісінше, дін үстемдік құрғанда қоғамды түнек басатынын, ғылым жолына түскен кезден әлеуметтік прогрес басталатынын айғақтайтын мысалдар толып жатыр.

Тарихи анықтама:

Христиан діні пайда болып, күшіне енгеннен бастап Еуропаны қараңғылық басты. Ватикан үстемдік құрып тұрғанда еуропалықтар антик дәуірінің ғажап философиясын, білімін, ғылымын ұмытты. Шіркеу білімді адамды қудалады, ғалымдарды отқа өртеді. Ақыры бір жарым мың жылдан кейін, XVI ғасырда протестанттық қозғалыстардың нәтижесінде христиан шіркеуіне реформа жасалған соң ғана еуропалық қоғамдар дамудың прогресшіл жолына түсті. Адамдардың санасы оянды, ғылыми білімдерге, мәдениетке жол ашылды. Соның арқасында, соңғы бес жүз жыл ішінде Батыс қоғамдары адамзат өркентетінің көшін бастап келе жатыр.

Ал ислам діні бүкіл Шығысты Батыстың алдында мүшкіл жағдайға түсірді. Ғылым мен техникадан адыра қалған, жағрапия мен зеңбірек дегендердің не екенін білгісі келмеген араб және түркі елдері жаппай отарлықтың зардабын шекті. Ислам ортодокиясының кесірлі тұжырымдарын ессіз қабылдаған мұсылман атаулы көттерін көтере тоңқаңдап, намазын оқып болған соң, шелпегін жеп, бет сипағанан басқа ештеңе бітірмеді.

«Адам – алланың құлы, оның тағдырын алла алдын ала белгілеп тастаған», «құран сөзін өзгертпей, сол күйінде қабылдау керек», «құдайға сыйынып, тыныш жүрсең ол бәрін өзі бере салады» деген догмаларды жаттап алған мұсылмандар бәрін құдайдан күтіп, қол қусырып, қарап отырды. Ақыры, құдай өзі «жақсы көретін» мұсылмандарына расында да бере салды. Бірақ онысы тек май шелпек емес, отарға түсіп, жүздеген жылдар кәпірлердің табанында жаншылу болып шықты. Қазақ та дәстүрі мен мұсылманшылығының қаймағы бұзылмай тұрған кезде осы кепті киген болатын.

Конституция бойынша, біз зайырлы қоғам құрып жатқан ел едік. Солай бола тұра, әр ауылға мешіт салдық. Кейбір ауылдарда оның бірнешеуін салдық. Кейбір рулардың мешіттері де пайда болды. Орта мектептерде ғылым негіздерін оқытудан гөрі, дінді уағыздауға басымдық берілетін болды. Қазір түрлі атаулармен енгізіліп жатқан дінді уағыздайтын сабақтарға (дінтану, теология, исламтану, тарих-дінтану) гранттар бөлу жыл сайын көбейтілуде (https://univision.kz/granty/granty-2018/1062). Гуманиарлық бағыттағы ЖОО-лардың «Хабаршылары» көлемінің 70-90 %-ына дейін тек дінге қатысты материалдарды ғана жариялайтын болған. Философияға, саясатқа, құқыққа қатысты немесе әлеуметтік мәселелерді қозғайтын материалдарды қабылдамайды.

Осы бағытты ұстанудың түпкілікті себебін аңғарған кім бар? Жалпы санасына дін догмалары үстемдік еткен адамның дүниетанымы шектеулі болады. Сананы меңдеген таптаурындармен өмір сүреді. Ол ғылымнан ғана емес, саясаттан да аулақ болады. Биліктен ештеңе талап етпейтін, «құдай өзі тыныш жүргенге бередімен» өмір сүретін, сауатсыз, қорқақ, бәріне енжар қарайтын, сұр массаға айналады. Бізде осы құбылыстардың бәрі бар.

«Білім берудің орнына дінді енгізуді біздің билеушілеріміз айқындаған» деген екен көрнекті орыс ақыны А.А.Фет. Жазушы А.И.Герцен дін туралы былай депті: «Дін – бұқараны ауыздықтайтын, қатардағы жұртты қорқытып ұстап тұратын басты құрал, айналада не болып жатқанын жасыратын үлкен бүркеніш». Сөйлемдегі «айналада» деген сөзді «билік дәліздерінде» деп жазсақ, бұл афоризмнің мағынасы айшықтала түседі екен.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: yaplakal.com

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар