Тарихи тағлым, құрдымға кеткен құрбақа немесе санадағы серпіліс

Тоқтамыс Мендебаев - 23.07.2019800

Қоғамдағы жүйелі жемқорлықтың ордасы іспеттес шикізат экономикасы ғылымда дәлелденген ыстық судағы құрбақаны еске салады. Егер құрбақаны ашық ыдыстағы суық суға салып, суды біртіндеп қыздырса, қауіпті сезіну түйсігінен айырылған жәндік ыдыстан секіріп шығатын мүмкіншілігі бола тұра, қайнаған суға пісіп қалады. Тарихта ұлттық болмысқа негізделген дамудың сара жолын таңдай алмай, сырттағы келімсектердің ықпалымен табиғи қорларын талапайға салып, жерінен айырылып, қайнаған судағы құрбақаның тағдырын қайталап, жер бетінде ізі де қалмаған халықтар баршылық.

Тұрақты экономикасы бар, қуатты мемлекетке айналудың бірден-бір мүмкіншілігі адам капиталын дамыту екенін түсінбестен, тау-кен өндірісінен шикізатты сыртқа сатуды күнкөріске айналдырған елдердің келешегі қандай болатынын бүгінгі Венесуэладағы ішкі саяси шиеленістің шырмауынан шыға алмай, халқының босқынға айналғанынан байқауға болады. Венесуэла – сапалы мұнай қоры жағынан әлемдегі ең бай ел, басқа қазба байлықтары, құнарлы жері, жұмсақ табиғаты болғанына қарамастан, биліктегі ұзақ уақытқа созылған соқыр тауық саясаттың салдарынан экономикасы күйзеліске ұшырап, елді жаппай жұмыссыздық жайлаған. Мемлекет қолдауынан тыс қалған ішкі өндіріс сырттан келетін бұйымдарға, дайын өнімдерге бәсекелес бола алмай тоқтаған, ауыл шаруашылығы жойылған. Тамақ өнімдері – жұмыртқа Колумбиядан, ет Бразилиядан, ұн Гайанадан, май Америкадан әкелінсе, қол сүртетін және дәретхана қағаздары Аргентинадан жеткізіледі. Жергілікті кәсіби мамандардың жоқтығынан Венесуэла өздігінен құрылыс, жол салу жұмыстарымен айналысуға қауқарсыз, ол шаруалар қытайлардың еншісінде.

Мемлекеттің мешел ауруына ұшырауын халықаралық сарапшылар өткен ғасырдың 50-жылдарындағы мұнай бағасының қымбат болуымен түсіндіреді. Шикізат саудасынан түскен мол қаржы отандық ғылым, білім саласын дамытуға, жергілікті өнеркәсіпті қалыптастыруға емес, ел басшылығы арзан беделге ие болуы үшін халыққа тегін тұрғын үй, тамақ беруге, метродағы ақысыз жүруге жұмсалды. Жергілікті мамандар дайындау қажетсіз болып, олар үлкен жалақыға Испаниядан, Португалиядан шақырылды, билік халқына емес, шетелдік өндірісті ұйымдастырушыларға сенім білдірді. Нәтижесі – бүгінгі дағдарыс. Бұл жағдайға Венесуэла халқының көпшілігі мұнай бағасының бір баррелі 100 доллардан жоғары болып тұрғанда мемлекетті сыртқы қарызға белшесінен батырған бұрынғы президент, марқұм Уго Чавесті айыптайды, оның ізбасары, саясатын жалғастырушы Никола Мадураны тақтан тайдырып, сотқа тартуды талап етуде.

Жаппай жұмыссыздықты тудыратын шикізат экономикасы, көпшілік халықты күнкөріс үшін ұсақ тірлікпен, білімді қажет етпейтін шаруалармен айналысуға мәжбүрлейді, ұлттың ой-өрісін шектейді, құлдық сананы қалыптастырады. Екінші жағы – қоршаған ортадағы табиғи жаратылысты бұзып, жер қыртысын істен шығарып, қойнауын, су жүйелерін күйретіп, орны толмас қазба байлықтарды өндіру, арзан бағаға сыртқа сату, сонымен келер ұрпақтың өмір сүру аясын тарылту, мүмкіншіліктерін шектеу.

Болашақ үшін тау-кен өндірісінің қатерлі тұстары – кен орындарындағы өмір үшін аса қауіпті радиация жер бетіне көтеріледі, ауамен, сумен айналаға тарайды, жер қойнауынан шығатын тау жыныстарының көлемі 100-200 миллион тоннаға жеткенде ол ауданда күші 3-5 балға жететін зілзала ошақтары пайда болады. Қазақ жерінің қойнауында жасанды зілзала пайда болатын бос кеңістіктер барлық жерде кездеседі, аса қауіптілері – Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған қаласы орналасқан аймақ, Шығыс Қазақстандағы байырғы кен орындары, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы уран өндірісі, Қаратаудың фосфоры, полиметалы.

Келешекте еліміздің тұщы су жетіспеушілігі жағдайында өмір сүруіне тура келетінін ескерсек, уран өндірісінде қолданылатын күкірт қышқылының жерасты су жүйелеріне тигізген залалын бағалау қиын. Геологиялық құрылымда уран кені су қабаттарына орналасқан, оны өндіру үшін үлкен қысыммен жіберілетін күкірт қышқылы су қабаттарын бойлай жарықшақтармен жүздеген, мыңдаған шақырымға тарайды. Өз жеріндегі уран өндірісінде күкірт қышқылын пайдалануды әлдеқашан тоқтатқан өзбектер біздегі қатерлі сұйық олардың жеріне жетеді ғой деп қауіптенеді. Көршілес қырғыздар жақында ғана заң қабылдап, уран өндіруге тыйым салды.

 Егер отандық уран өндірісінде жер қойнауын қорғау шараларының орындалуына кәсіби тексерістер жүргізілсе, ұзақ жылдар бойы қордаланған, тасада қалған, өмірге қауіпті болашақ апаттардың беті ашылуы мүмкін. Баспасөзде талай рет көтерілген мәселе, бірақ «жабулы қазан жабулы күйінде». Уран кен орындары орналасқан аймақты аралай өтетін Сырдария өзеніне күкірт қышқылы және радиоактивті қосындылардың түспеуіне кім кепілдік бере алады, ары қарай Арал теңізі. Халық тығыз орналасқан Түркістан облысының бірнеше ауданының, Қызылорда облысы түгелдей дерлік тіршіліктері Сырдария өзеніне байланысты, суы ластанып, пайдалануға жарамсыз жағдайға жетсе, ондағы халық немен айналысады, қалай күн көреді?!

Тап осындай жағдай таяу болашақта еліміздің батыс аймақтарында болары анық. Ондағы негізгі кәсіп көздері – мұнай-газ кен орындарының көпшілігі ескірген, табыс әкелетін межеден асып кеткен, жерасты сулары жоғалған, сақталғаны ластанған, мұнайға бөккен жер қыртысы ауыл шаруашылығына жарамсыз. Жер бетін, қойнауын және жерасты суларын қорғаудағы енжарлығымызды ушықтыратын жағдай – көптеген кен орындары шетелдіктердің иелігінде. Олар жеріміздің болашағын ойлап бастарын ауыртпайды, қоршаған ортаны қорғаудағы жобада көрсетілген, келісімшартпен бекітілген қаржыны үнемдеп, табыс табуды көздейді. Өндіріске байланысты іс-әрекеттерінде жергілікті билікпен санаспайды, жұмыс орындарына тіпті республикалық мемлекеттік бақылау ұйымдарының өкілдерін жібере бермейді, Қазақстан заңдарына назар аудармайды. Әсіресе қытайлық компанияларға «әй дер әже, қой дер қожа жоқ».

Үстіміздегі жылдың наурыз айында Қаламқас кен орнындағы ұңғыдан өрт шығып, апатты ауыздықтау бірнеше тәулікке созылды. Қоршаған ортаға зиян келді. «Біз апат туралы ақпарат көздерінен естідік, кен орнының қожайыны  «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (басшылары қытайлар), мұнай өндіруші қытайлық «Сибу» фирмасы тараптарынан ешқандай хабар алғанымыз жоқ» дейді Маңғыстау облысы қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшылығы. Қосып-алары жоқ шындық. Сонда апат болған жердегі өндіріс басшылары жергілікті билік, ресми бақылау орындарына жедел хабар беруі керектігі туралы жазылған заң қайда қалды? «Жаман үйді қонағы билейді» деп, атам қазақ босқа айтпаған екен. Қызметтегі жауапкершіліктері жер қойнауын пайдалануды бақылау бола тұра, шетелдіктерден заңымыздың орындалуын талап ете алмаған дәрменсіздіктен, жалтақ санадан арылатын уақыт жеткен жоқ па?

Әлемдік экономиканы зерттеу орталықтарының болжамдарынша, 2030 жылдан кейінгі уақытта мұнайға сұраныс азаяды. Себептері – ғаламдық жылынуды тежеу үшін қайтарымды қуат көздеріне көшу, электромобиль өндірісінің күтулі өсімі. Электромобильдің қызмет мерзімі 800 мың шақырым, осы аралықта олардың әрбірі бағасынан 3-4 есе көп жанармайды үнемдейді. Бұл саладағы және бір жаңалық, жуықтағы жылдары өмірге сутегі қозғалтқыштары бар автомобильдер ене бастауы мүмкін. Жобалаушылардың мәлімдеулерінше, бір рет құйылған сутегі отыны 10-12 ай жүріске жетеді. Әрине, жанармай қозғалтқыштары бар көліктер оларға бәсекелес бола алмайды, мұнай өнімдеріне деген сұраныс төмендейді. Айтылған жайттардың салдарынан бүгінде қылаң бере бастаған су тапшылығына байланысты елімізде ішкі көші-қон мәселесін шешуге бағдарлама қабылдауға тура келеді. Жерінің 76 пайызы шөл және шөлейт далаға айналған еліміз үшін бұл өте ауыр, шығыны орасан зор бағдарлама болуы мүмкін.

Ғылыми болжамдарға сенсек, ауа қызуы 2050 жылға қарай 3 градусқа, ғасыр соңында 5 градусқа көтерілуі мүмкін. Қазақ жерінде соңғы 100 жылда ауа қызуының 1,370 көтерілуінен көптеген ішкі өзендеріміз географиялық картада ғана қалған, арналарында көктемде ғана су пайда болады, жылдың басқа мезгілдерінде жоқ. Егер ауа қызуы әрі қарай көтеріле берсе, үстіміздегі ғасырдың ортасына таман ішкі өзендерімізді түгелдей жоғалтамыз. Олармен табиғи байланыстағы жерасты суларының нақты қоры белгісіз. Атыраудан Алтайға дейінгі аралықтағы су ұңғыларын тереңдегі бейнекөрініс арқылы зерттеулерге зер салсақ, жерасты су кен орындарының басым көпшілігінде ертеректе анықталған, мемлекеттік қорда бар деп көрсетілген, жер бетіне жақын орналасқан тұщы су қабаттары жоғалып кеткен, тереңдегілерінің көлемі азайған. Су мәселесіне байланысты өмірден алшақ, жоғарғы билікке берілетін жалған есептемелер елімізді жарға жығуы мүмкін. Келешекте Қазақстанда орын алатын аса күрделі жағдай – жеріміздегі су қорының 44 пайызын сырттан келетін өзендер құрайды.

Ресейдің бізбен шекаралас бес облысы су жетіспеушілігінің зардабын тартып отырса, халық өсімі үлкен, су қажеттілігі жыл сайын ұлғайып, шешімсіз түйінге айналған Қытай мен Өзбекстан, олардан бізге келетін, әзірге суы мол өзендердің ағысын жерлерінде шектеулері мүмкін. Болашақ мемлекетаралық қатынаста тұщы су бөліске түспейді, әркімге өз мүддесі қымбат. Елімізде тек Шығыс Қазақстан облысы ғана су қорларына бай, сонысымен сырттағы сұғанақ көздерді өзіне тартады. Аспанасты елінің Цин империясы (1644-1912 жж.) бейнеленген географиялық картасында Шығыс Қазақстан облысы Қытай жері деп көрсетілген.

Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында елімізде бағдарламалар қабылданып, орындауға шешімдер шыққан. Соңғылары – «Таза су» және «Ақбұлақ». Бағдарламаға енген біраз елді мекенде құбырлар тартылып, ескісі жаңартылып, тіпті ұңғылар бұрғыланғанымен, халықтың қолы таза суға жетпеді. Бүгінде ауылдардағы қаңырап жатқан құбырлар, қаңтарылып тұрған ұңғылар бағдарламаның орындалуына жауапты болуға тиіс шенеуніктердің кәсіби білімсіздіктеріне қойылған «ескерткіштер». Ешқандай алдын ала геологиялық тексерістер жүргізбестен, су қорлары әлдеқашан сарқылған жерлерден ұңғылар бұрғыланса, құбырға су қайдан барады? Үйреншікті көрініс, желге ұшқан, ұрланған қыруар қаржыға ешкім жауап бермейді. Тек соңғы уақытта сенат депутаттары бағдарламаға жұмсалды деген 500 миллиардтан астам қаржыны іздеп әуре.

Еліміздегі орталықтандырылған жүйелерге су жіберіп тұрған ұңғылар ескірген, апатты жағдайда. Мысалға, Алматы облысындағы зерттелген 23 ұңғының 19-ында сүзгіштері істен шыққан, тереңдегі тұщы су қабаттары жер бетіне жақын орналасқан лас су арналарымен жалғасқан. Таяп келе жатқан ғасыр апатын сезінуге, салдарын бағалауға көрегенділік, үлкен саяси ерік-жігер, білім керек. Бойымызға әбден сіңген, бірінен-бірін ажыратып бөліп қарауға болмайтын тұтас дүние, жер, оның қойнауы, қоршаған ортаға бүгінгі немқұрайды, тоғышар көзқарасты өзгертетін уақыт әлдеқашан жеткен. Жерімізде су жетіспеушілігі орын алатын болса, экономиканың дамуы, халықтың тұрмыс деңгейінің жоғарылауы жайында сөз қозғау артық.

Еліміз үшін өзекті, өмірлік мәні бар мәселені түпкілікті шешу үшін табиғи мүмкіншіліктерімізді, ауа қозғалысы құбылыстарын, физикалық заңдылықтарды пайдалану керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жас Алаш» газетінде жарияланған мақалада Хан Тәңірі тауындағы мәңгілік қайтарымды қоры бар су қабаттарын ашып, ішкі өзендерімізге бағыттау туралы ұсыныс айтылған-ды. Ұсыныс ескеруcіз қалды. Ал бүгінде, ақпарат құралдарының хабарлауынша, қытайлар шекаралас үш мемлекетке ортақ Орталық Азиядағы ең биік таудың суын өздеріне қарай жіберетін жобаны қолға алмақшы.

Сыртқы саясатының басты бағыттарының бірі саналатын су мәселесінде қытайлар өзгелердің пікірін елемейді. Көршілерімізге жалтақтай бермей, бұл салада түбірлі бетбұрыс жасап, су қажеттілігін тың идеяларға негізделген берешегі мол ғылыми ізденістердің, зерттеулердің нәтижелері – жаңа технологиялар енгізілген, ауқымды стратегиялық жобалар арқылы шешуіміз керек.

 Бастылары – жерімізге солтүстік-батыстан келетін атмосфера шөгінділерін (жауын, қар) ауа кеңістігімізде тежеп, ретті басқару, жерасты су қорларын анықтау, оларға баратын түтікшелерге сүзгіштер орнату, өзгелермен шекаралас жердегі жерасты су кен орындарын бірінші кезекте игеру, ел аймағында су қорлары бар аудандарда тау-кен, құрылыс жұмыстарын жүргізуге үзілді-кесілді тыйым салу, экономиканы суды тұтынбайтын қайтарымды қуат көздеріне ауыстыру, өндірісте су шығыны аз өнімді, бұйымдарды шығаруға басымдық беру, ауыл шаруашылығын жерасты суларын пайдалануға жаппай көшіру, елді мекендерде халық тұтынатын судың көлемін, қорын, тазалығын тұрақты бақылау.

Заманауи технология мүмкіншіліктерін пайдалана білсек, аталған ұсыныстарды іске асыруға үлкен қаржының қажеті жоқ, тек санамызға серпіліс енгізіп, уақыттан ұтылмасақ болғаны. Елімізге ыстық судағы құрбақаның тағдырын қайталауды жазбасын.

Фото: rg.ru

Мақала авторы:

Тоқтамыс Мендебаев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар