Ұзынағаш: Әкімдік шағын кәсіпкерлерге кедергі келтіріп жатыр

Алмас Нүсіп - 24.07.20191497

Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылының сауда-саттықпен айналысатын бір топ тұрғыны аудандық әкімдікке наразы. Олардың айтуынша әкімдік «Дарабоз» базарының орталыққа қарайтын негізгі қақпасын жауып тастаған.


- Бұл жерде 66 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Әр нүктеде үш-төрт адамнан істейді, өйткені бір арендаторда екі-үш көмекші болады. Осыны есептесек, 280-дей адам жұмыс істеп жатыр. Бәрінің отбасы бар. Бұл кешеннің ерекшелігі – аудандағы төмен бағадағы сауда орталығы, - дейді кешеннің иесі, «Дарабоз» ЖШС-нің төрағасы Тоқтар СЕТЕНОВ.


Базар иесінің айтуынша, аудан орталығының тұрғындары ғана емес, ауыл-ауылдардан келетін тұрғындар мен шағын саудамен айналысатындар керегін осы жерден «оптом» алады. Кешен тауарларының шамамен 60 пайызы – азық-түлік, 15 пайызы – жеміс-жидек, көкөніс, 15пайызы – шаруашылық және құрылыс заттары, қалған 10 пайызы – киім-кешек.


«Дарабоз» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1995 жылы ауданда алғаш ашылған ЖШС. Содан бері көлемі ұлғая келе қазір аудан тұрғындарының 37 пайызын қамтамасыз етіп отыр.


Бұл туралы Тоқтар Сетенов былай дейді:

- Былайша айтқанда зорлық-зомбылық сияқты болды, «жабамыз» деді. Қақпамыздың алдынан ешқандай жол қалдырмай жауып тастады. Адамдар секіріп, аттап-пұттап кіріп жүр. 1947 жылдан бері базардың бас қақпасы осы болған, кейін тағы екі қақпа аштық. Бірақ, негізгі қақпа – осы Абай көшесіне қарайтын қақпа. Базардың адресі де сол Абай бойынша көрсетілген – Абай көшесі, 56 «А». Мен бұл мәселе бойынша 7 жерге арыз жаздым. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА, Бас прокуратураға, «Нұр Отан» партиясына (мен өзім осы партияның мүшесімін), аудандық, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына (бұл палатаның да мүшесімін), облыс әкімі Амандық БАТАЛОВҚА жаздым, сосын аудандық прокуратуға жаздық.


Қақпаның жабылуымен базардың саудасы азайып кетіпті. Өйткені, негізгі қақпа болған соң келушілер «базар жабылып қалды ма?» деп ойлайды...

Біз көргенде Абай көшесіне қарайтын қақпаның алдын жабу үшін қойылатын биік дуалдың іргетасы қаланып бітіпті. Ескерту тақтайшалары қойылыпты. Бірақ, «уақытша ыңғайсыздықты» аттап өтіп, келіп-кетіп жатыр.


«Жұрт бәрібір келіп жатыр екен ғой?» дегенімізге саудагерлер шу ете түсті: «Қайдағы! Бұрын бұл жер қайнап жататын».


Бір қарағанда қақпаны жапқан ештеңесі жоқ, қақпаға келер жолды жапқан. «Енді қалған екі қақпадан неге кірмейді?» деген сұрақ туатыны заңды. Сөйтсек, әкімдік тек қақпаның алдын ғана емес, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарды да жауып тастапты. Абай көшесі – республикалық маңызы бар жол. Ал, осындай маңызды жолдың шетіндегі тротуар жабылған соң, жұрт айналып өту үшін үлкен жолға шығуға мәжбүр. Үлкен жолдың шетінде жаяу жүргіншілерге арналған жолақ та жоқ.


Біздің көз алдымызда іргетасты аттап өтті дегеннен гөрі, іргетастың үстіне мініп, бері қарай ауып түсті деуге болатындай әуремен өткен кәрілі-жасты талай адам базарға кіріп-шығып жатты.


- Орталықтан келетіндердің бәрі базарға осы жерден кіреді. Мынау кең көше еді, көлік қоюға да ыңғайлы. Қақпаны жапса да, жаяу жүретін жолды қалдыру керек еді, біз қалай айналып өтеміз? Тоғыз жолдың торабы ғой мына жер, сол жерге келіп тіреліп қаламыз. Жолға шығу қиын, амал жоқ, осылай аттап өтеміз, - деген тұрғын аты-жөнін сұрағанымызда алды-артына қарамай «қаша» жөнелді.


Тұрғындардың бәрі жолдың жабылғанына наразы. Әсіресе, базарға емес, көшеде жөнімен кетіп бара жатқан тұрғындар тротуардың жабылып қалғанына аң-таң. Олар да базарға кірушілер секілді аттап өтіп жатыр.


- Бес жылдан бері осында істеймін, нәпақамыз осыннан түсіп тұр. Жеміс-жидек сатамыз, тура осы қақпаның кіре берісі бізге, сатушыларға өте ыңғайлы еді. Машинамен кіріп-шығып, оптовый ала беретін еді адамдар. Күн көрісіміз жақсы еді. «Жастар жылы» деп бастап алды да, біз сияқты жас ата-аналарға қысым көрсетіп жатыр. Бес балам бар, ешкімнен тиын сұрап отырған жоқпыз, ештеңе бермесе де осындай тіршілігімізге кесірін тигізбесе ризасың ғой. Бұрын тауардың бәрін көлікпен тікелей кіргізіп, түсіріп ала салушы едік, қазір мына жерден тасимыз, жүк көтеру түгілі жай өтудің өзі мұң, - дейді сатушы Айнұр КӨБЕКБАЕВА.

Осында сауда нүктесі бар әр кісі өзін шағын кәсіп иесімін деп есептейді. Сол себепті соңғы жылдары көтерілген шағын және орта бизнесті қолдау туралы мәселеге күмәнмен қарайды. «Қақпаның алдына түскен мына кедергі біздің кәсібімізге жасалған кедергі», деп қалды сатушылардың бірі. Ал, кешеннің қожайыны Сетенов мырза бұл кәсіпті ашу үшін, ары қарай дамыту үшін кәсіпкерлер палатасынан да, басқадан да бір тиын көмек алмағанын айтады. Жеңілдетілген несие де алмаған. Қарапайым азамат ретінде алған, банкке 120 миллион теңге қарызы бар екен.


- Өзіңіз де көріп отырсыз, адам кәдімгідей азайып кеткен. Қараңызшы, мына аялдамадан келіп жатқан, оның артынан өтіп жатқан тротуардың екеуі де мына жерге келіп тіреліп қалады. Бұл қандай заңға сүйеніп жасалып отыр? Түсіндірген де жоқ. Біз айттық, тыңдаған да жоқ. Сұрап едік, «жабылады» деді. «Не болса да жабылады» деді. Адамдар құлап жатыр, өткенде бір кісі құлап басын ұрып алды. Клиенттің бәрі айтып жатыр, мынау дұрыс емес деп. Клиент те көп келмейтін болды, менің саудам 50 пайызға азайып кетті, - дейді ет сатушы Серік ДАНАБАЕВ.


«Не болса да жабылады» деп, іске бел шеше кіріскен Ұзынағаш ауылының әкімі Ескелді ҚАСЫМОВ:

- Бұл жердегі негізгі мақсат – олардың бизнесін жауып тастау емес. Базардың алдындағы Абай көшесі стратегиялық маңызы бар, республикалық жол. Негізі базарға бұл қақпаның керегі де жоқ. Қалған үш қақпамен де жұмыс істей беруге болады. Әшейін базардың директоры «на принцип» кетіп отыр. Бұл Жандарбек Ермековичтің (Жандарбек ДАЛАБАЕВ. ауданның бұрынғы әкімі. – Ред.) кезінде басталған үлкен әңгіме. Абай көшесі жағынан келетін машиналар тоқтауға болмайды деген белгіге қарамастан тұрып алады. Үлкен кісілер (?) өтеді, үлкен мерекелер болады, сол себепті Бағдат Байшалович (Бағдат ӘЛИЕВ. Қазіргі аудан әкімі. – Ред.) те «мына жерді жабыңдар» деген бізге нұсқау берді. Біз ол қақпаны жауып тастаған жоқпыз, жаяу жүргінші жүретін жол қалдырдық. Басқаша тегі болмайды, - дейді.

Ауыл әкімі айтқан жаяу жүргіншілер жолы алдағы уақытта ашылмаса, әзірге айналып өтер ешқандай жер көре алмадық.


Айтпақшы, архитектуралық құжатта бұл қақпа «Дарабоз» базарының өрт жағдайына арналған қақпасы. Бірақ, ауыл әкімі бұл қақпа өзінің өртке қатысты міндетін орындай алмайды дейді.

Қысқасы, базар иелері мен саудагерлер бізге зиян жасады, кедергі келтірді дейді. Ал, әкімдік «біз оларға ешқандай зиян келтірген жоқпыз. Олардың территориясына кірген жоқпыз. Қоршап отырған ол өкіметтің жері», дейді. Бұл жағын базардағы жұрт сарыла жауап күтіп отырған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ немесе өзге тиісті орындар келіп анықтап бермесе, аудандағылар жақын арада тіл табыса алмайтын сияқты...

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар