«Жәкішев 99 миллиард қарызын қайтаруға ұмтылған жоқ...»

Сәтжан Қасымжанұлы - 25.07.20193795

Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек ШЫМЫРОВТЫҢ Мұхтар ЖӘКІШЕВТІ жазасын мерзімінен бұрын өтеп шығуға берген өтінішін қабылдаудан бас тартқаны туралы үкімі көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Судья Шымыровтың сөзіне сүйенсек, Жәкішевтің «қаржы жымқырды» деген айып тағылып, мемлекет алдындағы қарызының 99 миллиард теңгені құрағаны оның жазасын жеңілдетуге жол аша алмайды. Жәкішевтің адвокаты Нұрлан БЕЙСЕКЕЕВТІҢ тәулік бойы оның денсаулығы нашарлағаны, гипертония сырқаты туралы айтқандары да судьяның жүрегін жібіте алмаған сыңайлы. Шымыровтың тап осы сәттегі кейпі әділ үкім шығаратын сот судьясынан гөрі «жоғарыдан түскен» нұсқауды орындайтын бағынышты халдегі қызметшіге ұқсады. Судья сөзін аяқтап болысымен, «Позор! Сотта әділдік жоқ!», «Ұлт сатқынысың!» тіпті, «Ты убийца!» ден қызбалана айғайлағандардан құлақ тұнды. Сот қызметкерлері ашуланғандарды сабырға шақыруға қанша тырысқандарымен ешкім құлағына ілген жоқ. Судья болса, залды жылдам тастап шығып кетуге мәжбүр болды.

Сонымен Семейдегі 11 колонияда жазасын өтеп жатқан Жәкішевті түрмеден шығарудың жөні жоқтығы ақылға сыя ма? Осы сот процесіне Елордадан әдейілеп келген қоғамдық белсенді Мұхтар ТАЙЖАНДЫ сөзге тарттық.


«Дәл осылай аяқталады деп күтпеген едім. Үлкен үмітпен келген болатынмын. Айтарға сөзім таусылып тұр. Мен үшін өте өкінішті болды. Бірақ, ары қарай аппеляциялық сотқа шағымданып, әрекеттене беру керек. Алматыда Кузнецов деген кісі өлтірген қылмыскерді бір жарым жылдан кейін бостандыққа шығарып жіберді. Ал 14 жылға сотталған Жәкішев он жыл өмірін түрмеде өткізді. Жазасын өтеу мерзімінің тең жартысынан әлдеқашан асты. Мен жаңа адвокатымен сөйлестім, ол қаншама дәлелдер келтірді оны қорғай алатын. Сот оның ешқайсын да қаперіне алған жоқ. Сол себептен де Жоғары сотқа аппелияциялық шағым түсіруіміз керек. Мұхтар Жәкішев шындап келгенде түрмеде отыруға тиіс адам емес», - дейді М. Тайжан.

Сот процесінен кейін Семей қалалық №2 сотының төрайымы Жанат ӘБЕНОВА мен судья Ермек Шымыров БАҚ өкілдерімен арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Әбенованың айтуынша, М. Жәкішев мемлекетке келтірген шығындарын қайтаруға ешуақытта ұмтылмаған. Ал, Ермек Шымыровтың сөзіне сенер болсақ, Мұхтар Еркінұлының бостандыққа шыға алмауының тағы бір себебі жазасын өтеп жатқанда марапаттар алуы азайып кетіпті. Яғни, 2016, 2017,2018 жылдары тәртібін түзеп, жұмысқа деген ынтасын арттырып жақсы қырынан көрсетуге аса ынталанбапты. Шымыровтың сөзінше, Жәкішевтен тек «ҚазАтомпром» ғана емес, одан бөлек бес өндіріс орын зардап шеккен көрінеді. «Сонда олардың бәрінің қаржысы тоналуына жалғыз Жәкішев қана кінәлі ме?»  деген сауалымызға Әбенова мен Шымыров «Дәл солай. Тек қана Жәкішев кінәлі» деп қосарлана жауап берді.

Фотолар автордікі.


 

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

серикбай 28 Шілде, 2019

нурлар кетпей Жәкішев түрмеден шықпайды

Жауап беру

Ұқсас жаңалықтар