Өмір – сені сүйген сәттер боп қалды...

Жадыра Байбұланова - 25.07.20192351

***

Айырып тұрып ақ пен қараны,

Адасқың келсе әдейі, бәлкім, сол – Өнер!

Кей-кейде...

Егілгің келетін сәттер болады,

Бақытты көрінгің келетін сәттерден бөлек ол!


Сол – Өнер, жақының жаттай қыспаққа ап,

Үзілмеу...

Бірақ үзілер сәтке шақ қалу!

Әлемге айқайлай алатыныңды ұстап қап,

Айта алмай қалатыныңды ақтару!


Шынайы естілмей, күлсе үні,

Сол – Өнер, тамшыдай мөп-мөлдір етсе егер, мұң соны!

Бұл Өмір – біреуге жай ғана сағаттың тырсылы,

Біреуге – жүректің дүрсілі...


***

Ақ серек, көк серек,

Ал Сізге кім керек?

Бақытты балалық,

Бақытты ем, шын бөлек!


Бұл уақыт тұрмайды, ә?

Әр сәтін бұлдай ма?

Үзіп ап тобымнан,

Әкеткен ұл қайда?


Есейдік. Жоқ қызық...

Тұрмаймыз топ тізіп.

Үзілмес достықты

Тағдырым өтті үзіп.


Қазір дос – жел өкпек,

Бөтендеп, бөлектеп,

Шақырмас мені ешкім,

Меңді қыз керек деп...


Жалғызбын, демек, шын,

Жылауға себепшім,

Сен маған керексің!

Сен маған керексің.


***

Әке, сенің қызыңмын ғой!

Бәлкім, сосын қорықпаймын күйреуден,

Бәлкім, сосын ерте кеттім үйден мен...

Қайтпауды да кері мүлде,

Тек Өзіме сенуді де,

Бәрін сенен үйренгем!


Әке, сенің қызыңмын ғой!

Тырнағын да батыра алмай көп қыран,

Сол үшін де сескенбедім соққыдан!

Қолдан жалғыз қалам түспей,

Жақсы көріп анамды іштей,

Сен өкпелеп қалмаса екен деп тұрам...


Әке, сенің қызыңмын ғой!

Ешкімге де сосын кеткен жоқ есем,

Арман бар ма алғанымды өтесем?!

Жеткен кезде көпке күшім,

Кенет сынып кетпеу үшін...

Жазылуға тиістісің, Әке, сен!

 

***

Түсіңе тағы ендім бе түніңде бүгін?

Қанатым әлі қатпады, қауырсын-жүрек.

Телефон шалып ертемен дірілдеп үнің,

«Суықтап қалдың ба, күнім?

Тәуірсің бе?» – деп,


Сұрамашы, апа,

Тән емес, жанды мұз қарып

Жаурадым, бірақ сонда да шыдайын күліп!

Қара түн сенен ақ арай таңды қызғанып,

Ұйқысызсың-ау, қызыңды уайым қылып,


Жыламашы, апа!

Онсыз да разы қылмадым.

Тайғақтау жолда тағдырым тайқып келеді.

Өмірге менің өтелмес жазығым барын,

Өлеңім ғана өзіңе айтып береді...


АЛҒЫC

Алғыс айтқым келеді екен саған, рас!

Осыменен тәмам күлкі, тәмам жас.

Бас кейіпкер мұратына жеткен-ді,

Ертегіге сенгенімде ең алғаш...


Мені өлтірмеу болған шығар мұратың,

Жалғыз едің жанымды үнсіз ұғатын.

Көзің мөлдір десе біреу, ол көзде

Саған деген сезім ғана тұратын!


Көңіліңе кеп тигенше салқыны,

Әп-әдемі сәттер кештім әр күні!

Сен арқылы сағынуды үйреніп,

Өмірді де сүйдім Өзің арқылы!


Сөйте тұра, түк қалмастан тоналды іш,

Ұшар болсаң, бақыт тілеп, қол ал да ұш!

Күйрегенім үшін талай көп раxмет,

Сүймегенің үшін мені зор алғыс!


Алғыс айтқым келеді екен саған, рас!

Осыменен тәмам күлкі, тәмам жас.

Бұл ертегі басқаша аяқталу керек қой!

- деп ойласаң, xабарлас...



***

Таңғы шай.

Таныс дәм алғыздық.

Тек үнсіз ішеміз.

Сендегі мұң менен мендегі жалғыздық

Түсі – егіз...


Біз күнде келетін шайxана.

Даяшы – өңді қыз.

Ол тағы таңырқап қарайды, байқама,

Сол дұрыс.


Тағы іште қалады айтылмай соншама ой,

Кетеміз аптығып.

...Өмірге қант қосып алуға болса ғой,

Тәтті ғып.

 

***

Осылай боларын сезгем-ді,

Сезімді шығарған қай олақ?

Түнімен жылаған көздерді,

Таңертең бояп ап,


Жүрудің ауырын мұншама

Білсең ғой... Керегін тағы емдеу!

Жанарға шық тұнып тұрса да,

Жымиып «сәлем!» деу...


Бітпейтін не күй бұл, қоймайтын?

Таяқ жеп жүрсем де тартыстым!

Бақытты рольдерде ойнайтын

Бақытсыз әртіспін.


Жан-жағым қол соққан адамдар –

Біз өмір – ойын деп ұғындық.

Қойылым бітсе егер, тараңдар!

Шымылдық.


***

Дұрыс қой сенің кетіп қалғаның,

Мендегі бұлдыр Әлемнен!

Кембағал еді, кетік-ті арманым,

Сен келмей тұрып, әуелден...


Шыдай алмасың шын, ағыстарға,

Тағдыр сап берген белгімен!

Өзім сенбейтін қуаныштарға,

Өзіңді қайтіп сендірем?


Сол күмән бізді тыныш қоймады,

Қайғымды қан ғып жұттың іш.

Ұмытсаң мүлде – дұрыс қой, бәрі...

Сағынбасаң да – дұп-дұрыс!


Қасірет тұман торуы жанды,

Сен бірақ мұңға малынба!

Кетсең, бір себеп болуы заңды,

Және оны айтпағаның да!


Заңдылық кету бөлек болғанда ой,

Сыртымда және ішімде!

Жоғалту Сені керек болған ғой,

Өзімді табу үшін де!


***

«Сізге» айналып кеткелі «Сен» дейтінім,

Өлең болып барамын өң-кейпі – мұң...

Махаббатты сол шығар, жырлайтыным,

Махаббатқа сол шығар, сенбейтінім...


«Сәлеметсіз...» – жалғыз сөз сенен естір,

«Амансыз ба?..» – мендегі елемес түр.

Тағдыр, саған түк емес екі жүрек,

Егілерін білсең де, ерегестір!


Бәрі мәңгі деуші едік, қалды онымыз,

Бақыттымын сенсіз де – ал, көріңіз:

«Кетпешінің» орнына – «Көріскенше!»

«Сағындымның...» орнына – «Сау болыңыз!»


Жазғанымен қалуды бір жүздесіп,

Тірлік кешіп келеміз – тілсіз кешіп...

Өмір өтіп барады, өкініш – сол,

Сен екеуміз жүргенде «Сіз-Біз» десіп...


***

Естеліктер кетпес үшін босқа өліп,

Қалайықшы дегім келген дос болып,

Қалайықшы дегім келген сыйлас боп,

Кейін күйді кешпеу үшін бос, кемік...


Мүмкін емес екен ол да, білмеппін,

Алғашқы әрі соңғы рет бір гүлдеппін...

Сені қалай төмендетем, ойлашы,

Есімін де атамаған Құрметтім?!


Содан Өлең еттім қалған шоқтарды,

Ал сен қалай арнап жүрсің жоққа әнді?

Өлім – талай тастаған шақ отқа арды,

Өмір – сені сүйген сәттер боп қалды...


Содан маған болып алды мұң бейім,

Содан маған болып алды жыр бейім,

Жолымда егер жолықтырсам бір кейін –

Кім дейін?...

 

***

Жылы жаққа кетпеңдерші, ей құстар!

Мұнда да күн жылынар.

Жат өлкеден бақ іздеген байқұстар

Жүрегінде жүгі бар...


Тым алысқа кетпеңдерші, құстар-ау!

Жақын ба өзі жылы жақ?

Мен сүйетін ғұмыр неге қысқалау,

Күту неге тым ұзақ?..


Қоштасқанда қап кетеді өкініш,

Сүйген ауыр, себебі!

Мені тастап кетпеңдерші, өтініш!

Ол да оралам деп еді…


«РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» ҚОЙЫЛЫМЫ

Театрға барғанбыз.

Ең бақытты шығармыз деп барлық осы жаннан біз.

Көз алдыңда кіріп келді,

Бір кездегі арман қыз.


Жиып қойып маңайды,

Көз астымен сен де оған қарайсың, ол да саған қарайды.

Қасындағы ер жігітін аядым,

Мені қойшы, жарайды.


Менікі – жай бақылап...

Қайран, жүрек!

Қайдағысы еске түсіп жатыр-ақ.

Тағы өтірік құшақтайсың,

Бəрін сезем, ақымақ!


Ең қиыны – жыламау,

Бірін бірі ұмытпаған екеуге – шыдау əрі шыдамау!

«Шын сүйгендер қосылмайды» – 

Қойылымның түрі анау!


Көз алдымда сурет па?

Əлде мəңгі жазылмайтын сезім деген қу дерт па?

Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін,

Ей, Ромео-Джульетта?!


***

Қоштасу үшін бір кездесейік,

Бір тілдесейік соңғы рет.

Қап-қара Түнге Күнді іздесейік,

Ойлап жүр Ол да сөнді деп.


Күнменен бірге көріп қалайын,

Көңілің содан күйсе артық...

Әтірді ұнайтын сеуіп барайын,

Сағынышымның иісі аңқып!


Ұзын көйлектің сыз ап етегін,

Саған айтатын сәт ұттым –

Өмірдің сонша ұзақ екенін,

Тым қысқа екенін бақыттың...


Ойнады жалған солай – көнейік,

Жасымды жыр қып жаттайды ел.

Уақытқа үздігіп қарай берейік,

Сен бірақ сағат тақпай кел...

Мақала авторы:

Жадыра Байбұланова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар