Көп адам іштен тынып жүр

Темірхан Медетбек - 25.07.20193698

Дәл қазір

Көп-көп адам,

Көп адам

Іштен тынып жүр.

Долы қуатын,

Бұла қайратын,

Сұрапыл сөздерін

Сыртқа шығармай

Тығып жүр.

Іштен тынып жүр.

 

Мына өмірде

Біреулердің асқаны,

Біреулердің тасқаны,

Біреулердің қорлығы,

Біреулердің зорлығы,

Біреулердің аузынан

Нанын тартып алғаны,

Біреулердің мойнына

Бұтын артып салғаны,

Біреулердің - ақ әділ! -

Үнін құртып жатқаны,

Біреулердің - қастерлі! -

Тілін қырқып жатқаны

Шыдатпай бара жатса да

Түптің түбі - ертең-ақ! -

Келеді деп кезек бір

Өз-өзіңе құрық сап,

Өзін-өзі тежеп жүр.

 

Олардың намысы -

Ертең-ақ!

Жарқ етіп шығамын деп

Қылыш боп

Қайралып жатыр

Олардың ашу мен ызасы -

Ертең-ақ! -

Бұрқ етіп жарыламын деп

Оқ - дәріге

Айналып жатыр ...

Көп-көп адам,

Көп адам

Іштен тынуда!

Фото:  talkypic.com

 

Мақала авторы:

Темірхан Медетбек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар