Егіншіліктің жазғы маусымы талапқа сай

Калибаев Нурсултан - 23.07.2019772

Шілденің ортасы ауып барады. Қазақстан дихандары не дейді? Астықтың шығымы қалай, биылғы өнім қай деңгейде болмақ? Міне, осы сұрақтардың қойылатын кезі де дәл осы кезең – шілденің қақ ортасы. Әрине, көктем – егіс кезі үлкен маңызға ие. Көктемгі егіс кезінде жеріңнің ылғалы жақсы болса, тұқымыңның жағдайы тәуір болса, ауа райы болысып берсе – істің оңынан болып, сәтімен жүргені деген сөз. Ал, керісінше жағдайда көлденең қиындықтар туатыны сөзсіз. Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы министрлігі биылғы көктемнің дихандарымызға болысып-ақ бергенін айтқан бұған дейін. Көктемгі науқанның сәтті өткенін, биылғы ауа райының арқасында күзде астыққа кенелетінімізді де сол кезде ескерткен.

Сонымен, көктемде 19 миллион гектар жерге себілген дәннің қазіргі жай-күйі жаман емес. Бәрі ойдағыдай жүріп келеді. Агроөнеркәсіп саласының мамандары ауа райы аяқ асты тосын мінез танытпаса биылғы кұз алтын дәннің күзі болады деп отыр. Биылғы меже – жалпы көлемі 20 миллион тонна өнім алу. Әрине, мұның басым бөлігі (жартысынан көбі) бидай құрайды. Ауылшаруашылығы министрлігі де биылғы өнімнің былтырғыдан аз болмайтынын, 20 миллион тоннадан астам өнім қамбаға құйылатынын хабарлады.

Айтылған межеге жету үшін тиісті шаруалардың бәрі атқарылып жатыр. Ең алдымен егінмен қатарласа бой көтеретін арамшөптермен күрес. Одан кейін, әрине, күн қыза сала тірілетін, қаптап шыға келетін зиянды жәндіктерді жою. Сосын топырақтың құнарын, жердің ылғалын реттеп отыру. Мұның бәрін атқару үшін – дәл уақытында, дер кезінде қимылдау шарт. Өйткені, арамшөп те, зиянкестер де бір күн кешіккенді кешірмейді. Аз уақытқа кешіктің екен, егістік алқабыңда ауру пайда болуы мүмкін, бір бұзылған өнімің қайта қалпына келгенше күзде қамбаға құйылуға тиіс қаншама дән солып қалуы мүмкін. Осы жағын есепке алсақ, дәл шілденің кезі дихандар үшін маңызды. Ал, дихан дегеннен гөрі кәсіпкер деген атқа лайық ауылшаруашылығы саласының майталмандары дәл қазіргі сәтте істің сәтімен жүріп, желдің оңынан соғып тұрғанын айтады.

- Биылғы көктемгі егіс жұмыстары сәтті өтті. Бәріміз үшін. 25 күн ішінде тиісті дәндерді егіп болдық. Егіп болған соң арамшөптер мен зиянкестерге қарсы күресті бастады. Одан кейін түрлі ауруларға қарсы жұмыстар атқарылды. Осының арқасында қазіргі өнімнің жағдайы өте жақсы. Ауа райы да қолдау білдіріп тұр, күзге осы күйде жетсек жаман болмайды, - дейді кәсіпкер Қ.Зияев.

Кәсіпкерлердің қай-қайсысы болмасын осыған ұқсас сөзді айтады. Олардың сөзін тыңдасаң биылғы егінге қатысты ешқандай мәселе жоқ сияқты. Тек, ауа райы қолбайлау болмаса, күзде тиісті жеріне өткізіп, еңбегіміздің шарапатын көрсек дейді. Дегенмен, кейбір өңірлерде керек уақытында жаңбырдың аз болғанын, соған орай бірқатар қиындық туындағанын айтқандар да бар. Бірақ, мұндай кемшіліктерді техниканың араласуымен дұрыс шештік деп есептейді. Қаншама қиындық болғанына қарамастан егіс кезінде тиісті технологиялар сақталған. Ал, қазір бәрі де өз орнымен. Ешқандай қиындық жоқ, бәрі жоспар бойынша, егін технологиясына сәйкес атқарылып жатыр. Бидай масақтанып, майлы дақылдар гүлдеп жатыр. Енді бір аз уақыттан соң олар да дән салады. Күзде орылатын астықтың мөлшерін сол кезде дәлірек болжауға болады.

Айта кететін тағы бір жайт Қазақстанның астық экспорттаудағы басты бәсекелесі саналатын Ресей Федерациясы биыл жылдағы көрсеткішінен төмен нәтиже беріп отыр. Өткен айдағы зерттеу нәтижесінде Ресейдің егін алқабының түсімі – 4 миллион тоннаға дейін түсіп кеткені анықталды. Яғни, биыл күзде Ресей дихандарының өнім көлемі былтырғы 130 миллион тоннадан 126 миллион тоннаға дейін түсуі мүмкін. Оның үстіне қамбаға құйылған астықтың сапасы да негізгі көңіл аударатын мәселе. Астықтың салмағы ғана емес, оның құнары да басты назарда болу керек. Мамандар Қазақстан астығының осы жағынан алда келе жатқанын алға тартады. Әрине, Ресейдің көлемімен салыстырғанда Қазақстанның егістік көлемі де, өнімі де әлдеқайда аз. Бірақ, бұл басты фактор емес. Нарықта өнімнің санынан гөрі сапасы басты бағаға ие. Сапалы өнімді қымбат бағаға сатуға да болады. Осы жағын ескерген дихандар көлем жағынан ғана емес, сапа жағынан да жақсы нәтижеге жетуді көздейді. Қай бір жылғыдай астық қардың астында қалып, шіріп кетпеуі керек. Оған әсер етуші фактордың бірі де осы сапа мәселесі. Сапалы өніміңді бір мәрте тұтынған өзге ел келер жылы да айналып келіп тұрмай ма. Сол себепті, астықтың сапалы болуы үшін дәл осы жазғы маусымның маңызы зор.

Астықты аймақ саналатын солтүстік жақта егін енді бой көтеріп жатса, күні ыстық, көктемі ерте келетін оңтүстік аймақта қазірдің өзінде өнім жинау басталып кеткен. Бұл жақта қазірдің өзінде 510 мың тонна астық жиналып, бастырылған. Мамандар арнайы зерттеу барысында бұл жақтағы өнім әр гектарға шамамен 20 центнерден келетінін айтады. Ал, солтүстік өңірдегі дихандар биылғы егіннің кеш бой көтергенін күннің салқындығынан көреді. Дегенмен, бұл күзге дейін пісіп үлгермейді деген сөз емес. Барлық жағдай қатаң бақылауда. Солтүстікте биыл соя егуді бастағаны белгілі, күннің салқындығы осы секілді майлы дақылдарға болмаса, солт.стіктің негізгі өнімі бидайдың өсіміне ешқандай зиян тигізбейді деп отыр егіншілер.

Қазір түрлі заманауи техника мен егіншілік технологияларының пайда болғанына қарамастан, ғасырлар мен жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі егіншілік технологиясын ұстанғанды жөн көретіндер аз емес. Міне, осындай дихандар ауа райын алдын ала болжап, соған орай уақтылы қимылдап қалуға тырысады.

Халықаралық сарапшылар биыл Ресейде өнімнің аз болатынын, ал Украина мен Қазақстанда жылдағыдан асып жығылмаса азацймайтынын болжап отыр. Балапанды күзде санайтыны секілді, түрлі жақылдардың өсімі мен түсімі күзде белгілі болады. Әзірге егіс алқаптары жайқалып-ақ тұр.

Фото: inform.kz

Мақала авторы:

Калибаев Нурсултан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.