Сайрамда 500 адам жұмыс істейтін жылыжай салынуда

Бақытжан Әбдіраш - 19.07.2019686

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында еліміздегі ең үлкен жылыжайлардың бірі салынып жатыр. Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осы нысанға арнайы барып, оның жұмысымен танысып қайтты.

«Ecoinvest SA» ЖШС-інің өнеркәсіптік жылыжайы Польша инвесторларының қаржысына салынуда. Оның аумағы 20 гектарды құраса, ағымдағы жылы 11 гектардың құрылысын бітіру жоспарланған. Қызанақ, қияр сынды көкөністерден жылына 16 000 тонна өнім беруді көздеген жылыжай алдағы уақытта 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Өнімдерін Қазақстан, Ресей нарығына шығаруды жоспарлаған жылыжайдың жалпы сметалық құны 7,5 милиард теңгені құрайды. Серіктестік басшысы Берік Иляев құрылысқа жұмсалған шығынды 5 жылдың ішінде толықтай өтеуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Жалпы ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Сайрам ауданында бұдан басқа да ірі жобалар жүзеге асқан.

Манкент ауылында орналасқан «Нұрым Груп» ЖШС-і мал бордақылауда тың технологияларды қолданысқа енгізген. 10 000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы мен құрама жем цехы бар серіктестік жылына 5000 тонна ет өнімдерін экспорттайды. Қазіргі таңда мұнда 6000 бас ірі қара мал өсіріліп, экспортталуда. Толық циклды ақылды ферма болып саналатын кәсіпорын  ішкі нарыққа және Иран Республикасына 2000 тонна сиыр етін экспорттаған. Кәсіпорын басшысы Сырым Ертаев мұнда 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылғанын және алдағы уақытта Арыс қаласы аумағынан 20 000 малға арналған мал бордақылау алаңын салу жоспарланғанын айтып отыр.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.