«Дара жол» бағдарламасы және қысыр әңгіме

Қанағат Жүкешев - 26.07.20196157

Қазақстан телеарналарының бірінен көрсетілетін «Дара жол» деген бағдарлама бар. Жүргізуші оған еліміздегі танымал қайраткерлерді – жазушыларды, ғалымдарды, саясаткерлерді шақырады. Демек, олар көпшіліктің алдына шығып алып, қоғамның даму жолында көлденең тұрған, өзекті саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғайды дерсіз. Жоқ, мүлдем олай емес. Әңгіме тек тұрмыстық және жеке басқа ғана қатыстылар төңірегінде өрбиді. Танымал қайраткерлер жиналып алып, өздерінің отбасы, балалары, жеке жетістіктері туралы, достармен бас қосқандағы «қызық» әңгімелерін айтады. Жүргізушінің оларға қоятын жетектеуші сұрақтарының сыйқы мынадай болып келеді:

– Сіз зайыбыңызбен қашан, қай жерде таныстыңыз?

– Алғаш кездескенде сіз оған гүл сыйладыңыз ба?

– Қанша балаларыңыз, немерелеріңіз бар?

– Олар сіздерді қалай сыйлайды?

– Таңертең келініңіз сізді қалай қарсы алады? Сәлем жасай ма?

– Немерелеріңіздің қайсысын жақсы көресіз?

Танымал қайраткерлер мұндай сұрақтарға құлшына және тәптіштей жауап береді. Қоғам, даму, мәдениет, ғылым, демография, тағы басқа әлеуметтің  алдында тұрған өзекті мәселелер туралы тіс жармайды. Ойға ой қосатын жаңа идея, шығармашылық табыс, саясатта, ғылымда, мәдениетте пікірталас тудырып жүрген мәселелердің маңына бармайды.

Қазақтар мұндайды қысыр әңгіме дейді. Ол еріккен, бейсауат адамдардың жиналып алып, айтатын іске татыр ойлары жоқ болған соң, уақыт өткізу үшін әрнені сөз етіп отыруын көрсетеді. Сананы тұрмыс аясынан шығармаудың кең таралған әдістерінің бірі осы. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі ең көпшілікқолды түрі – теледидарды пайдаланып, танымал қайраткерлерді қатыстырып, ақпарат таратудағы метаморфозаның тағы бір мысалы осындай.

Осы бағдарлама бойынша 2018 жылдың желтоқсанында эпизодтың шебері атанған киноактердің өмірін арқау еткен берілім көрсетілді. Оған белгілі режиссерлер, актерлер, бенефицианттың достары мен таныстары қатысқан екен. Бұл берілімде де қазіргі қазақ киносының мәселелері туралы ешкім ауыз ашпады. Кино өнерінің тақырыбы, мазмұны, көркемдігі, мұраты, өзектілігі, көңіл аударатын мәселелері, рухани жаңғыруға қосып жатқан үлесі сияқты мәселелердің бірі де сөз болған жоқ. Кино өнерінің халықтың көзіне түсіп жүрген қайраткерлері жиналып алып, өздерінің қашан және қалай танысқаны, кімнің қанша ақша табатыны, төбелескені, түсірілім барысында арақты қалай жасырып әкеп ішкені... туралы қысыр әңгімемен уақыт оздырды.

* * *

Көркемөнер шығармаларының идеялық бағыты мен мазмұнын өз  қолайына қарай өзгерте отырып, бұқаралық сананы реттеуді Кеңес кезіндегі билеушілер жақсы білген болатын. Кеңестік идеология қазақтың шарасын қоқыспен толтырып кетті. Бұл құбылысты қазіргі билік өз пайдасына – биліктен кетпеу ниетін жүзеге асыруға тиімді қолданып отыр. Қазақ сауатсыз болуы керек, әсіресе, саяси-құқықтық жағынан. Бұған қоса, өзінің мүддесіне қайшы әрекеттермен айналысуы керек. Нәтиже ойдағыдай, қазіргі қазақтар өзін өзі көктетпейтін, биліктің басынуына қарсы дәрменсіз, сүреңсіз массаға айналып отыр.

Дарақы күлкі тудыратын бұралқы сөзге, әдетте, интеллекті мен мәдениеті төмен, бейсауат адамдар үйір келеді. Қазақша телеберілімдерде өлмелі кемпірдың аяқ астынан билеп кетуі, асханаға тамақ ішуге келген адамдарға аспаздың картоп тазалап беруін талап етуі, бірдеңе сатып алғаны үшін келушінің кассаға мен «көбірек төлейінші» деп тұрып алуы,.. сияқты қарапайым қисыннан тыс қылықтарды көріп, қазекең «қызық екен» деп, мәз болып күліп отырады. Осы жерде менің ойыма Австралияның жергілікті тұрғындарын зерттеген біреудің әңгімесі түсіп отыр. Онда бір топ аборигендер жиналып, біреуі аң аулауға барғаны туралы әңгіме айтып отырады. Әңгіме желісі бойынша аңшы бір ағаштың бұтағында отырған құсты көріпті. Әлгі «құс ширк-ширк деп шиқылдайды» дегенде аборигендер ішек сілесі қатып күледі екен. Австралия аборигендерінікі жөн-ақ – жаһандағы өзге халықтармен салыстырғанда, олардың интеллект деңгейі төмен екендігі белгілі. Ал біздікіне не көрініпті. Қисынсыз сөзге күлген адамды қазақ «әйелдің қары күлкіші, ердің қоры күлкіші» деп, қатты күстаналаушы еді. Сонда қазақ теледидары бұқараны қарлық пен қорлыққа бағыттайтын болғаны ма?

Сананы қисынды ойлау жолынан тайдырудың ақталған құралдарының бірі – жалған ақпарат. Жалғанды естіген адам алдымен ашуланады. Одан кейін оны елемеуге тырысады. Біртіндеп үзіліссіз жалғанға оның құлағы үйренеді. Ақыры ол өзін жалған ақпарат санасын билеп алғанын байқамай қалады.

Жалғанды үнемі қайталай беру адамды оған сендірудің кең таралған әдісіне айналған. «Шындық шалбарын киіп болғанша, жалғанның жарты әлемді аралап үлгіретіні» рас (У. Черчилль). Жалған бәрімізге қарсы басты қаруға айналып, күрес жүргізіп келеді және жеңіп те келеді

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: itube.kaztrk.kz

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.