Түлкібастықтар атаулы әлеуметтік көмекпен кәсіп ашып жатыр

Бақытжан Әбдіраш - 23.07.2019918

Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмек арқылы кәсіп түрін ашып, одан әжептәуір пайда тауып отырғандар да бар.

Қазір шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету мәселесі жиі айтылады. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар да белгіленген. Бұл қолдау әсіресе ауылшаруашылығы төңірегіндегі жиі байқалып келеді. Дегенмен, мемлекетке қол жайып, қашан көмек береді деп отыра бермей, өзге де қолдауларды сәтті пайдаланып, тұрмысын түзеп, кәсібін ашуға ниеттенгендер де жоқ емес.  

Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Кемербастау ауылдық округінің тұрғыны Нүрилә ҚАРАТАЕВА үй шаруасындағы көпбалалы ана. Қосағымен бірге 3 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр. Отағасы Мұқамеджан, мекемеде жүргізуші қызметін атқарады. Бірақ, атаулы әлеуметтік көмекті місе тұтып отыра бермей, осы бір сәтті ұтымды пайдаланып, ауылшаруашылығы саласы бойынша шағындау болса да кәсіп ашып, түскен пайда арқылы күнкөрісті жақсартып қана қоймай, алдағы уақытта шаруашылығын ұлғайта түспек. Рас, қазірдің өзінде күндік табыстары әжептәуір көбейген, дегенмен, үлкен көлеммен алыстырғанда бұл өте шағын кәсіп деуге болады. Әйтсе де, бұл бастама болашақта үлкен шаруашылыққа ұласуы әбден ықтимал.

- Мен осы ауылға 2005 жылы келін болып түскенмін. Көп балалы анамын. Қазіргі таңда елімізде көпбалалы аналарға барлық жағдай жасалуда. Солардың бірі атаулы әлеуметтік көмек. 
Аталмыш бағдарлама іске қосылды дегенде дереу қажетті құжаттарымды жинап, көмек алуға асықтым. Атаулы  көмекті алған соң жағдаймызда едәуір жақсарды. Баяғыдай, қалай жеткіземіз деген ойлар азайды. Бірінші қаржы 340 мың теңге мамыр айында қолымызға тигеннен соң, отағасы екеуміз ақылдасып, 200 мың теңгесіне сауынды сиыр алып, ал қалған 140 мың теңгесіне ауладағы 15 сотық жер теліміне мол өнім беретін голандтық «Аякс» сортты қиярды егуді ұйғардық, - дейді біраз жұртқа ой саларлық бастама жасап отырған көпбалалы ана Нүрилә Қаратаева.

Қазіргі уақытта отбасы күн ара 60-70 келіден өнім алуда. Жинаған өнімді Түлкібас кентіндегі көк базарға және консерві зауытына келісін 70-100 теңге аралығында өткізіп, бала-шағаның қажетті киім-кешегін түгендеп, сонымен бірге малдарының қысқы жем шөбін дайындауда.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.