«Агропарктегі жаз» - заманауи шаруашылықты қолдайды

Калибаев Нурсултан - 11.07.2019394

Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан «Оңтүстік агропаркі» егістік алқабында «Агропарктегі жаз» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты бірлесе отырып өткізген семинар дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл кеңестің пайдасы сол – ауылшаруашылығындағы келелі мәселелер мен түйткілдерді қозғап, шаруашылықты дамыту тұрғысынан диқандарға, кәсіпкерлерге қазіргі әлемдік агробизнес пен агроөнеркәсіп тұрғысынан тың мағлұматтар береді. Сондай-ақ бұл семинар-кеңес ауылшаруашылығы саласы мамандарының тәжірибе алмасатын алаңы деуге де болады.

Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастап, «Байсерке-Агро» агрохолдингінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Абай Сағитов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары С.Ахметов, С.Звольский, М.Теміржанов, С.Құсайынов және Қарасай ауданы әкімі Жандарбек Далабаев қатысты. Сонымен бірге, түрлі деңгейдегі шаруақожалықтарының иелері мен ауылшаруашылығына қатысты бірқатар ажуапты мамандар, сондай-ақ осы сала бойынша әртүрлі әріптестікте жұмыс істеп келе жатқан компаниялар қатысты.

Семинар-кеңестің аты айтып тұрғандай, бұл күні ең алдымен келушілерге заманауи ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі ұсынылды. Одан кейінгі негізгі әңгіме түрлі дақылдардың жаңа сорттары мен оларды будандастыру арқылы алынған жаңа түрлері, егін өнімін арттырудың инновациялық технологиялары, ауылшаруашылығы техникаларын цифрландыру мәселелері төңірегінде өрбіді.

Семинар басында Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ауылшаруашылығында еңбек өнімділігін және қайта өңдеуден өткен өнімді экспорттауды 5 жыл ішінде екі жарым есе ұлғайту керек. Бұл алдағы бес жылға қойылған міндет. Сондықтан былтыр республика бойынша үш жерден – Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарынан «Оңтүстік агропарк» сияқты полигондар жасалып, нәтижесін көрсетуде. Заманауи технологияның, жаңа техниканың арқасында толағай жетістіктерге жетіп отырмыз. Бұл орайда, семинарға қатысушы шаруашылық басшыларының еңбектері өлшеусіз. Бүгінгі күнде озық технология мен техниканың маңызы зор. Тиімділік артқанда ғана жетістікке жетуге болады, - деді ол.

Министрдің орынбасары сонымен қатар бұл күні ауылшаруашылығын бұдан әрі де қарқынды дамытуда қандай шаралар жасап, нені жүзеге асыру қажеттігі жөніндегі ұсыныс-пікірлердің де тыңдалатанын айтты.

Соңғы жылдары Қазақстан агробизнесінде аты жиі аталып жүрген көшбасшы холдингтің бірі «Байсерке-Агро» ЖШС-нің тәжірибесі еліміздегі шаруалардың қай-қайсысына да үлгі. Әрине, бәрінің қолы жете бермеуі мүмкін, бірақ, мүмкіндігі жеткен жерге дейін үйренем деушілерге қашан да есік ашық. Қазір тек мал өсіріп, егін егіп, оның өнімін сатуды малданып, аздаған пайданы қанағат тұтып жүре беруге болмайды. Және шаруашылық пен ғылымды ұштастыру мәселесінде де осы агрохолдингтің атқарған шаруасы аз емес. Заманауи технологиялар мен цифрланған техникалар арқылы әр атқарған шаруасын ғылымға негіздеп жұмыс істеп жатқан заманауи шаруашылықтардың артта қалғаны жоқ. Солардың бәрінің тәжірибе алаңына айналған, шаруашылық қана емес, ғылыми-зерттеу орталығы болып отырған «Байсерке-Агро» ЖШС президенті былай дейді:

– Жыл сайын «Байсерке-Агроның» оқыту базасында 200-ге жуық семинар өтеді. Шаруашылық иегерлеріне ғылымның көмегінсіз нәтижеге жетудің мүмкін еместігін ғалымдар мен мамандар түсіндіреді. Төккен тер ақталу үшін жаңа технологияны пайдаланудың тиімділігін білу шарт. Тұқымды дұрыс таңдап, оны сеуіп, өсірудің технологиясы толық сақталғанда ғана мол өнім алынады, – дейді.

Әрине, істің бәрі семинар өткізумен біте салмайды. Тәжірибе алмасу, тікелей үйренудің маңызы зор. Он рет тыңдау мен бір рет істеп көргеннің айырмашылығы жер мен көктей. Сол себепті, әр дамыған, ісі жолға қойылған ірі шаруашылықтар мен холдингтер тәжірибе алаңына айналуға тиіс. Сонда ғана ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі артып, ел ішінде де, сыртында да бәсекелестік күшейеді. Бәсекелестікте жеңіске жету үшін соңғы технологиялар мен заманауи техникаларсыз, ғылымсыз жеңіске жету тағы мүмкін емес. Сондықтан, осындай басқосулардың маңызы қашан да зор. Жұрт не істеп жатыр, өзің қай деңгейде тұрсың, ғылымда қандай жаңалық, қандай тұқым пайда болды, шаруашылығын дамытып отырам деген адам бұлардың барлығынан хабардар болып отыруы шарт.

Сонымен қатар, тек шетелдің тәжірибелерін қайталап, жұрттың ғылымына сүйене бермей, отандық ғылымды да дамытып, жаңа будандар, жаңа түрлер ойлап табу, өнімділікті арттырудың заманауи жаңа тәсілін енгізудің де ролі ерекше. «Қаскелең агропаркі» жобасының жетекшісі академик Абай Сағитов кеңесте осы мәселені қозғады.

– 2013 жылдары Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабында жаңа технологияға негізделген ғылыми тәжірибе жемісін беріп, осындай игілікті істердің ілгерілеуіне жол ашты. Алдағы кезеңде шетелдік емес, отандық ғылымның жетістігін пайдаланатын уақыт келеді. Жалпы, өнім көлемін еселеп ұлғайтудың басты тетігі – биотехнологияны қолдану, – дейді ол.

Оның айтуынша тұқымды күтіп-баптау мен жерді тыңайтып отырудың маңызы зор. Бұл жағынан биотехниканың тигізер пайдасы орасан. Сондықтан, алдағы уақытта елімізде бұл ғылымды дамытып, жаппай тәжірибе жүзінде қолдану маңызды. Өйткені, химиялық тыңайтқыштар мен қоспалар алдымен жерді тоздырады, тұқымды да тез бұзады. Ал, биотехнологияға көшсек, алдымен, өнім таза, табиғи болады, адам денсаулығына да зияны жоқ. Екіншіден, тұқым жоғалмайды, жер ескірмейді.  

Семинар кеңесте жастарды оқыту мен тәжірибеден өткізу, оларды жұмыспен қамту немесе ауылшаруашылығы саласына қызықтыру, жас, жаңа мамандарды шетелдерде оқыту, дәстүрлі емес шаруашылықтарға да батыл-батыл қадамдар жасау, шаруашылықтарды автоматтандыру, цифрландыру жүйелерімен қамтамасыз ету, бірден болмаса да жылдамдата заманауи техникаларға көшпей болмайтыны сөз болды.

Фото: kaznau.kz


Мақала авторы:

Калибаев Нурсултан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.