«Қазақ – өте жалтақ, парақор, жағымпаз халық»

Қанағат Жүкешев - 31.07.20193889

(Сұрақтың жауабы)

Мен олардың қолына философия тасын

ұстатар едім. Араларында философтар жоқ екен.

Уильям Шекспир

Енді жоғарыда Ж.Бабалықұлы қойған сұрақтың жауабын іздестіріп көрейік. «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады» дегенді қазақ жақсы біледі. Сондықтан қазақта бетіне қарамай, шындықты жайып салатын, өткір адамдар аз болмаған. Өткеннен Бұқардың, таяудағыдан Абайдың әркімнің шымбайына тиетін, іреп айтқан сөздері қазақтың есін жиюына түрткі болса керек еді. Бірақ олай болмады. Қазақ нағыз шамшыл халыққа айналды, құрғақ мақтанға далиып, кемшілікті түзейік дегенге аузынан көбігін шашып, шыға келеді.

Өркениетті қоғамдарда өз халқының санасын билеген кесірлі мінездерін көзге шұқи көрсеткендер аз емес. Олар – тура жолдан тайған, кір жаққыш емес, сол халықтың ұлы тұлғалары, елін сүйетін, оның мүддесі үшін өмірін арнаған адамдар. Кемшілікті ашып айта отырып, оны түзету қажеттігін есі дұрыс адамның бәрі құптайды. «Туған халқымыз болғандықтан, оны тек мақтай берейік» деу – өсетін жұрт қабылдайтын ұстаным емес. 

Қазіргі қазақ қауымында да шындыққа тура қарай алатын адамдар аз емес. Журналист С.Аббас-шах қазақты «өте жалтақ, парақор, мақтаншақ, дарақы, жағымпаз халық» деген екен. Белгілі мәдениет қайраткері Е.Тұрсынов қазақтың қылығына қатысты былай депті: «өз қолымыздан келер іс шамалы болды. Соның салдарынан біруге ұқсап бағуға тырыстық. Бірақ өзгелердің жақсысын емес, жаман қасиеттерін жұқтырдық. Көршіміз қия басса, кеңірдегінен ала түсуге дайын тұрамыз. Біз суайттыққа, біреуді сыртынан көрсетуге үйрендік. Біз өр кеуделігімізді жоғалттық, қадірімізді кетірдік» (Мы. ОП. № 44. 2018).

Объективті қарағанға бәрі рас. Қазақ құзіреттілігі тапшылығынан үнжырғасы түскен, зарлаумен өткен күйін әлі кешіп жатыр. Саяси дамудың бағыттарын, қоғам қайраткерінің рөлін шамалау қабілетінен айырылып қалған. Қоғамды дамытуға бағытталған саяси-құқыққорғау ұйымдарына бірігуге, келешектің конфигурациясын жасасуға қатысуға, қандай да бір мақсатты әрекет жасауға қабілеті де, құлқы да жоқ. Иран-Ғайып айтқандай, «өлікке тең, тіріле алмайтын», сұр тобырға айналған.

Ендігі ой сырағысын қазақтың осындай бейшаралыққа қалай тап болғаны және оны сол тұңғиықтан қалай суырып алып шығуға болатынынын көрсететін бағыттарға бұрғанымыз жөн болар. Қазіргі қазақтың санасын меңдеген келеңсіз мінездерді жоққа шығарып, қазақ ондай емес деп, халықты ақтаумен айналысудан да, керісінше, жат қылықтарын тізіп, халықты көзге шұқи беруден де келер пайда жоқ. Бәрінен бұрын осы құбылыстарды зерттеп, олардың орын алу себебін айқындап, бұқаралық сананы дұрыс жолға бағыттайтын ғылымын табу керек. Өйткені, бұқаралық санада көрініс беріп жүрген кейбір жағымсыз құбылыстардан арылмай алға жылжу мүмкін емес.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: massaget.kz

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.