Көшербаев өлшемі: Неге Әбдірахымов қана саяси сенімнен айырылды?

Қанат Тілеухан - 31.07.20195637

Президенті Әкімшілігінің басшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВТЫҢ отставкасына қатысты пікір білдіріпті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ атап өткендей, қазір ең бастысы – халық пен билік арасындағы диалог. Ғабидолла Әбдрахымов еліміздің басшылығы тарапынан қолдауға ие болып, сенімге ие болғанын жақсы білесіздер. Оның еліміздегі ең жоғары және жауапты лауазымдарға тағайындалуы. Өкінішке қарай, ол мұны жеткілікті түрде түсінбеді. Ол адамдардың көпшілігі мемлекет көмегіне мұқтаж болған кезде, Арыс қаласын қалпына келтіру жүріп жатқанда және Түркістан дамып жатқанда Әбдрахымовтың жүріс-тұрысы БАҚ-тарда, әлеуметтік желілер мен интернетте егжей-текжейлі талқыланды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына қайшы келеді, жалпы алғанда, биліктің беделіне нұқсан келтірді. Бүгінде Әбдірахымовқа көрсетілген саяси сенім түгесілді», – депті  Көшербаев.

Сонда саяси сенімнен айырылу үшін интернетте даулы шуға себеп болуың керек екен. Ондай болса, Павел Кулагиннің әлгі түнгі клубтағы видеосы неге саяси сенімнен шығармай отыр. Ол да әлеуметтік желіде әбден талқыланған еді ғой. Әлде ол биліктің еркесі ме? БАҚ пен әлеуметтік желіде шу тудыру саяси сенімнен айыратын болса, кезінде жұрт назарынан бір түспеген Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ неге саяси сенімнен айырылмаған? Қыста тірідей отқа оранған бес періштенің қазасы кезінде халықтың ашуына тиіп, көп балалы аналардың жағдайы жақсы деген, сол кезде «Форбеске» сұхбаты шығып, жұрт наразылығын тудырған Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА неге саяси сенімді? Министрліктен кеткенмен, Ұлттық банктің басшыларының бірі болып отырған жоқ па? Әлде бұрынғы президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен бүгінгі президент Тоқаевтың билігінде саяси сенім туралы өлшем өзгерген бе? Жалпы Қырымбек Елеуұлы бұл өлшемді қайдан алып отыр? Мемлекеттік қызметтегі кез келген лауазымды тұлғаның қызметінің өлшемі не болуы керек? Оның қызметі қалай өлшенеді? Ылғи «жақсы» сұхбат беріп, өзін-өзі жарнамалап, зиялы қауымның аузын алатын «пысықтықпен» өлшене ме? Әлде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түзеп, ел идеологиясына ұлттық тұрғыда ықпал етіп, бірақ көрінбей жүрумен өлшене ме? Қалай? 

Жалпы Қырымбек Көшербаев Абай өлеңін оқу эстафетасында да: «Қазақтың жауы – масылдық дер едім. Ағайын масылдықтан арылып, биліктен туысқан іздемей, тәуелсіз болса, әлеуметіміз де, экономикамыз да мықты болады емес пе?» дейді. Өзі Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі масылдық туралы ойларын оқып тұр. Дұрыс. Бірақ осы балық басынан шіріп жатқан жоқ па? Қазаққа Абай өлшемін түсіндіру үшін, алдымен соған лайық жұмыс жасалу керек қой. Неге биліктегі адамдар Абайдың осындай ғибрат айтқан сөздерін оқып, халықтың төбесінен қарайды. Осыдан-ақ билік пен халық арасындағы алшақтық байқалмай ма? Әділет, достық, адамгершілік туралы сөздерін неге үлгі етпейді? «Қарашада өмір тұр, тоқтатсаң тоқсан көнер ме», «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда», «Сағаттың шықылдағы емес ермек, һәмиша өмір өтпек ол білдірмек» деген сөздері неге терең түсіну арқылы оқылмайды? Осы бір науқанды Абайды түсіну үшін емес, халыққа өз ойын айтып қалу үшін пайдаланып жатқан шенеуніктерге қарап, тағы бір езу тартасың. Айтпақшы Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғанда жастарды мемлекет ісіне тартамын деп айтқан. Расымен біраз жас билікке келді. Солардың арасында алпыстан асқан Қырымбек Елеуұлы да жүр...

Енді дейміз, мейлі бұндай жүріс-тұрысы «еркін» шенеуніктердің қызметтен кеткені дұрыс болсын. Оны шешетін де біз емес (ал негізі халық шешуі керек еді ғой!). Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Елеуұлы осыдан кейін биліктегілердің бәріне бірдей қарайтын шығар. Тура Көшербаевтың сөзіндегі өлшемдермен. «Айтқан сөз – атылған оқ» емес пе?!

Коллаж: zhasalash.kz


Мақала авторы:

Қанат Тілеухан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар