Ыстықкөл сапары

Алмас Нүсіп - 31.07.20192208

Біз қонған үш күнде де Ыстықкөлдің аспаны бұлтсыз болған жоқ. Бірақ жаңбыр үшінші күні ғана жауды. Алғашқы екі күні батыс жақтан түнеріп шыққан қара бұлт дәл көлге жеткенде ашуы тарқап кеткендей, ыдырап сала береді. Түстен кейін шөкім-шөкім дерліктей ғана шарбы бұлттар болмаса, аспан шәйідей ашық болды деуге болады. Бір қызығы, қанша естіп жүрсек те Ыстықкөлдің таудың етегінде жатқанын ойлап көрмеппіз. «Бардық» деген ел де бұл жайлы онша айтпайды екен. Мұның себебін кейіндеу ұқтық.

Алатаудың қырғызға қарайтын күнгейі бір қарағанда тым жалаңаш көрінеді. Алатау десе қарағайы көк сүзген көкала тауға үйреніп алғандікі ме, басына қар тоқтамайтын, қоңырқай тартып жатқан тақыр биікке Алатау деген атты қомсынатындайсың. Дегенмен, көз үйренген соң анықтап қарасаң, Алатау өзің ойлағандай жалаңаш емес екенін де байқайсың. Сай-салаларында көзден қалқалау тұстарында өскен шырша мен жыныс ормандар көзге шалынады. Бірақ айнаның сынығындай шашылып түскен қадау-қадау шоқ қарағайлар мынадай алып таудың иінін жаба алмайды. Бұл жердің негізгі көркі – Алатау емес, Ыстықкөл. Тау көлдің бағасын асыра түсер көрініс іспеттес қана.

Биіктікті тереңдіктің десі басқан бір жер болса, ол осы Ыстықкөл ме дейсің. Елдің тау туралы айта бермейтіні де содан.

Ыстықкөл әлемдегі терең көлдердің алтылығына кіреді. Бейресми ақпарат тереңдігі 700 метрден асып жығылады дейді. Ресми ақпараттар да әр түрлі болғанына қарамастан, осы шаманы межелейді. Қалай қарасаң да өз жағалауыңнан өзге ештеңе көре алмайсың. Керіліп жатқан томпақ су. Рас болса, жердің домалақ екені туралы ой алғаш мұхитта жүзіп бара жатқанда келіпті дейді ғой адамзатқа. Мұхитты қайдам, Ыстықкөлдің өзі-ақ жердің жұмыр екенін дәлелдеп бере алатындай көрінді. Көз ұшында сағым ойнамайды, бұлт екені, тау екені белгісіз, бір қоймалжың ылғи түнерді де тұрды. Күн әбден ашылғанда да көз ұшындағы қара-көк мұнар тарқамай-ақ қойды.

Әлгі 700 метрлік тереңдік әлі түгел зерттеліп болмапты. Совет өкіметі кезінде, одан беріде жекелеген зерттеушілер көлдің түбінен біраз ыдыстар тапқаны, олардың осыдан 2500 жыл бұрын  және жай емес, өте озық технологиямен жасалғаны жайлы ақпараттың түбі бұл алып қазаншұңқырда бір замандарда ел болды дегенді болжайды. Көшіп-қонып жүрген ел емес, қала салған, мәдениет жасаған, өркениетті жұрт болыпты. Тіпті бірі келіп, бірі кеткен бірнеше жұрт болған дегенді де айтады. Анығы, болжайды. Ыстықкөлдің суы қанша заман өтсе де шегініп көрмепті. 50 шақты үлкенді-кішілі өзендер құяды, бірақ ешқандай өзен ағып шықпайды, ғалымдар оның толысып отыратынынын осымен түсіндіреді. Тереңдігі әлгіндей, ұзыны мен ені де аз емес, Ыстықкөл өз астынан шыққан суы мен сырттан келген қандай өзен болса да сіңіріп, сыйдырып ала беретін сыңайлы. Осыдан ба екен, су өзге көлдердегідей жылы емес. О баста «бұлардың ыстық деп жүрген көлдері осы ма?» деген таңданыс болған. Тіпті «таудан түскен қырғызға осы судың өзі ыстық болып көрінген ғой» деген де әзіл жүгірді арамызда. Әсілі, көлдің «Ыстық» аталуы – суының температурасына орай айтылмаған сияқты. Шалқып-толқып жатқан, жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен қасиетті көл жайлаудан түсіп келе жатқан елдің көзіне оттай басылса басылған-ақ шығар.

Көл атауынан өзгеше мән іздегеніміз тегін болмапты, оның бір замандардағы аты – Әулиекөл болыпты деседі (тіпті «ысық» сөзінің мағынасы көне түрік тілінде «әулие», «қасиетті» деген мағына береді деген де деректер бар). Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі «Ыстықкөл сапарында» осы көлдің жағасынан балбал тастар тапқанын жазады, соған қарағанда көл бір замандарда қасиетті саналса саналған-ақ шығар. Сол қасиетті көл күндердің күнінде назаланып, жағасында күн кешіп жатқан жұртты жұтып қойыпты. Судың назасына тиердей не істегені белгісіз, суға жұтылып кеткен қауымның арасынан апалы-сіңлілі екі сұлу ғана аман қалыпты. Тауда бүлдірген теріп жүрді ме екен... Қос сұлу таудан түседі – ел жоқ. Орны да қалмаған. Жағалауды шарлап, зар жылайды. Ол заманда көлдің суы тұщы болыпты, бүкіл ел суды осы көлден ішеді екен-міс. Өзі де кемерінен асып жатқан көлге әке-шеше, бауырын, ел-жұртын, құрбы-құрдасын жоқтап жылаған қос сұлудың көз жасы қосылып, толқындар таудың етегін соқты дейді. Содан бастап көлдің суы ащы болып кетіпті-міс. Тіпті түбі жоқ бұл аңыздың тағы бір түйіні – қыздардың көз жасы көлдің суын ысытып жіберіпті, содан Ыстық көл атаныпты дегенді де айтады.


Жағасы құм, асты қиыршық тас, көкжиегі түпсіз тұңғиықпен астасқан, анау-мынау емес, алып Алатауға иек артқан Ыстықкөлдің қасиетін жағасында тұрып қолыңды малып көргенде емес, сүңгіп шыққанда білесің. Әдетте солай болады, қолыңды маласың, су жылы болса түскенше асығасың. Ал, Ыстықкөл ә дегенде десіңді қайтарып тастайды. Саусақтан басталған салқындау леп әп-сәтте тұла бойыңды мұздатып жібергендей... Сонша жерден келгенде түспей кетуге болмайды, жасқана басып бір-екі аттайсың. Аяғың да қолың сезгенді сездіреді. Әупірімдеп кеудеге дейін бойлайсың да жүзе жөнелесің. Ары қарай... Шыққың келмейді. Жұм-жұмсақ, тұп-тұнық. Мөп-мөлдір. Аузыңа кермек дәм келеді, ол кезде әлгі жұртта қалған қыздардың көз жасын ойлауға шамаң келмейді, өзге сулардағыдай лоқсымайсың, түкірінбейсің, ащы болса да тіліңді қуырмайды. Ем екен дегенді әбден естігенбіз. Жарасы жазылып кетті деген адамдар туралы талай дәлелдер келтірілген. Біздікі жай ғана демалыс, сонда да қасиетті судың жұмсақ құшағында жүре бергің келеді. Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» балыққа айналып кетуді армандайтын бала есіңе түседі. Жұмсақ қана жағаны сипап жатқан көл тұнық құшағына шақырады...

Бір қызығы, Ыстықкөлдің суы бірде жылы, бірде салқын. Жүзіп келе жатасың да жып-жылы бір белдеуден өтесің. Одан ары қайтадан салқын тартады. Сәл артқа жүзіп, жаңағы жылы белдеуді қайта тауып алуға болады. Су асты ағыстарынан дейді бұл. Соншама өзен құйып жатқанда бір тамшы суын сыртқа шығармайтын көлдің бұзылу түгіл, лайланып та қоймайтыны бір-біріне қосыла қоймайтын осы ішкі ағыстарынан болса керек. Ал, жағадағы құмының тазалығына сөз жоқ. Бұл жақта күн аса ыстық емес, көбіне 20-ны төңіректеп жүреді. Содан да, құмы қызғанмен, өзгелердей денеңді күйдіріп, табаныңды қуырмайды. Жайлы, жылы күйінен бір айнымайтын құм судан шалдығып шыққан адамға жар төсегінен кем көрінбейді. Денеге батар тасы жоқ, қолқаны қабар шаңы жоқ. Бірақ теңіз деңгейінен 1608 метр биіктікте жатқан көлдің күні ащы келеді. Көлеңкеге қуалап тықпағанмен, жарты сағат жүрсең бір қабат теріңді сыпырып алады. Күнге тотықпайсың, әп-сәтте қызара бөртіп шыға келесің.

Кім біліпті, Ыстықкөл осынысы үшін де «ыстық» аталған шығар...

*****

«Жас Алаштың» жылдағы дәстүрі бойынша апталық демалысқа қайда барамыз деген сұрақ Алматыда аз талқыланған жоқ. Ең соңғы екі жол – Ыстықкөл мен Алакөлге тірелген. Алакөл – көрген, барған жеріміз. Бірақ Ыстықкөлдегі шомылу маусымы аяқталып барады, қазірдің өзінде барып келгендер өкініп жүр деген дақпырт жұртты екіге бөлген. Алакөл о жаққа қарағанда әлі жылы. Суының емдік қасиеті де одан аспаса кем емес. Оның үстіне, отандық туризмге үлес қосу мәселесі...

Ары-бері тартыстан кейін, Алакөл кейінге қалды. Басты себеп – жол. Бір ай бұрын қамдансақ та пойызға билет таптырмады, жоқ. Ал, автокөлікпен баруға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Өйткені, бәрі көрген, куә болған. Селкілдеп отырып барып-келген. Қазір Алакөл жайлы сұрай қалсаң, көлдің кереметін емес, жолының нашарлығын алдымен айтады. «Жол азабы – көр азабы» дей ме? Ыстықкөлге барайық деушілердің қарсыластарына ұсынған ең салмақты уәжі осы болды ма, қырғыз шекарасында тұратын сағатқа жуық кезекті елемей, тартып кеттік.


Жағалауды толтыра орналасқан пансионаттар. Бір бүгін емес, ертеде арнайы жоспар-жобамен салынған демалыс орындары сервистік жағынан керемет болмаса да, ауасы, абаттандырылуы жағынан Ыстықкөлдің брендке айналып үлгергенін байқауға болады. Ыстықкөлдің Ыстықкөл болуы сонау Совет өкіметінен басталады. Рас болса, Ыстықкөлге көңіл бөлуге оның суының емдік қасиеті де, ғажап көрінісі де емес, алдымен ғаламат тереңдігі себеп болыпты деседі. Сталин су асты қаруларын осы көлде сынапты, кезінде әскери база болыпты деген де сөз бар. Осылай ерекше санатқа ілінген көл өзге жағынан да елеусіз қалмай, бертін келе туристік жағынан атаққа шығады. Тіпті, Брежневтің өзі арнайы келіп демалып қайтқан. Қырғыздардың «Брежневке көрсетеміз» деп, тауға қолдан сарқырама жасайтыны да осы кез. Бұл сарқырама да қазір Ыстықкөл туристерінің көруге тиіс бір нүктесі.

Осындай көңіл бөлудің арқасында Ыстықкөлдің жағасы толықсып-ақ тұр. Жасыл шөп, қалың ағаш, жұпар аңқыған ауа... Пансионаттар осы артықшылығын бетке ұстай ма, сервиске аса бір мән бермейтіндей көрінді. Арнайы бассейндер жоққа тән. Бұның себебі де әлгі жазғы маусымның қысқалығынан. Қысқа уақытта мол пайда табуға тырысатын кәсіпкерлер көп ақша шығарғысы келмейді. Өйткені, енді біраз күнде Ыстықкөлдің жағасын өлі тыныштық басады. Қазірдің өзінде ашық күнінен жауыны көп, күн сәл бұлттанса жағалау босап қалады.

Күн жылт етсе тіршілігі қайнап жүре беретін жағалауда демалушылардың дені жергілікті жұрт. Жұмыс істеп жүргендер де солар. Оның себебін «төңкеріс жасағыш қырғыздың» мінезімен түсіндіреді. Қатарынан бір емес, бірнеше билікті құлатқан қырғыздың мінезінен бір жәбір көрсе – осы Ыстықкөл жәбір көрген сияқты. Өйткені, ресми мәліметтерде соңғы жылдары шет елден келушілер ғана емес, көлдің туризмін дамытуға инвесторлар тарту да қиындап кетті деген сөз бар. Бұл жағы енді-енді ғана жолға қойылып келе жатыр екен.

Кәсіби гидтердің аздығынан, Ыстықкөлдің айналасына экскурсияны қырғыз таксишілер жасап жүр. Алматыдан шыққанда негізгі жоспардың бірі Ыстықкөлдегі Әуезовтің үйіне бару болатын. Апаратын кісі тез табылды.

Ыстық көлдегі Әуезовтің үйі

- Әуезовтің үйі ме? Болды апарамыз, – деген елуден асып кеткен кісі аса сенімді дауыспен. Әуезовтің үйіне бізден бұрын да қазақтар барып жүр екен ғой деп ойладық. Тіпті бірінші кездескен қырғыздың «Әуезов кім?» деп сұрамағанына ішіміз жылып-ақ қалған.

Қызық ертеңіне болды.

Шолпан-Атадағы орталық музейге тоқтады да, «ал, келдік» деді. Бізге керегі орталық музей емес екенін айтып, Әуезовтің салғызған, тұрған үйі бар екенін жан-жақтан айтып түсіндірген соң ғана музейден жөнін біліп, жолын сұрап шықты. Содан біраз адасып жүрдік. Жол-жөнекей кездескен кісілерден сұрайды, ешкім білмейді. Келе жатқан көшеміз – М.Әуезов көшесі. Көше, кейін сұрап білсек, қаладағы ұзын көшелердің бірі саналады екен. Бірақ тар әрі бұлың-бұлың.


Әуезовтің үйі – осы көшенің тұйықталған жерінде, дұрысы, басталған жері (рет саны бойынша). Біз түс ауа барғанбыз. Есігі жабық. Қаққанмен ешкім ашпады. Ағаш қоршаудан қарғып өтіп, аулаға кірдік. Әй деген, қой деген жан жоқ. Ауласы, үйі сол салынған күйі сақталған сияқты. Музей-үй дегеннен гөрі, біреудің саяжайы дегенге ұқсайды. Жер көлемі аса үлкен емес, арыда алма, тағы бір ағаштар өсіп тұр. Ауланың сол жақ қапталын ақ қайыңдар көмкеріпті. Төртеу. Пансионатта бұл жақтың қайыңдарының жуандау келетінін байқағанбыз, мынау да сол. Үйдің кірер есігінің сол жақ маңдайшасына бұл үйде 1958-61 жылдары қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің тұрғанын, сосын, үйдің 1970 жылы Қазақ ССР-іне берілгені туралы орыс тілінде жазылған тақта тұр. 

Бұдан арғы жоспарымызда кемемен көлдің ортасына шықпақ болғанбыз. Әуезов өмірінің соңында тұрған үйдің терезесінен сығалап, есігін ашпай қойғанына налығандай, жөнімізге кеттік. Біздің бұл қуыста не іздеп жүргенімізбен шаруасы жоқ, такси-гидіміз асықтырып әлек. Кемеге де міндік, капитан 100 метрлік тереңдікке барып, суға түсуге рұқсат берді. Осынша терең суға түсіріп жатқанымен шаруасы жоқ, кеменің иелері бейқам. Суға жүзе алам деген адамға кеудеше бермейді. Кеудеше кигендерді де көп қақпайлағанын көрген жоқпыз. Көлдің ортасы деген әшейін сөз ғой, жағадан асса 5-6 шақырым алыстаған шығармыз. Ұзындығы (178 км) мен енін (60 км) шарлап шығу үшін біраз уақыт керек екенін сонда ұқтық. Көл сол күйі, көз алдыңда көкжиекке дейін созылып алып, жатты да қойды. Күн тынық, әлсіз дірілдегені болмаса, толқын жоқ еді.


Әуезов үйіне қайтар жолда тағы соқтық. Қоршаудан секіріп жүргенде  жол бастаушы әріптесіміз Ринат көзілдірігін түсіріп алыпты. Жол-жөнекей болған соң ала кетсек деп едік, – дәм тартыпты, – музей-үйдің қызметкері іште жүр екен. 

Үй 1957 жылы салыныпты. Әуезовке Қырғыз үкіметі алдымен жер сыйлапты. Жерді Қырғызстанның кез келген жерінен өзі таңдап алуына болады. Жазушы көп ойланбай-ақ осы Шолпан-Атаны таңдапты. Қызығы, ол кезде бұл Шолпан-Ата қаласы жоқ, бірді-екілі үйлер болмаса иен жатқан жер екен. Әуезов өзі келіп, көлдің көзге жақсы көрінетін жерін таңдапты. Үйді өз ақшасына салғызған. Таныстырушы әйелдің айтуынша, ол жылдары мұндай үй – ең мықты үй есептелген. Оны өзіміз де шамалап тұрмыз, кіре беріс кең зал, жатын үй, жұмыс бөлмесі, тағы бір бөлме, асхана, дәретханасы бар, бірнеше есігі бар кең үй. Бірақ қай бөлмеге бас сұқсақ та кітаптар сіресіп тұр. О баста жазушының жеке қорынан алынған кітаптар болар деп ойлағанбыз, сөйтсек, бұл үй қазір музей-үй емес, музей-кітапхана екен. Қаланың меншігінде. Оқырмандар келіп, кітап алып кетіп оқиды. Оқу залы жоқ. Төргі, жазушының жұмыс бөлмесі ғана сол күйінде сақталыпты. Төрде жазу үстелі, жұмсақ орындық, бер жақта ағаштан тоқылған тербелмелі кресло, тағы басқа заттар бар. Жазу үстелі тура көлге қараған терезенің алдына қойылған. Қазір құрылыс қаптап кеткен, көл көрінбейді, ал, ол кезде бұл жерден көлдің сұлу көрінісі ашылатын болған. Жазушы жасы ұлғая бастаған шағында жанға тыныш, көзге сұлу осы бір жерде алаңсыз демалып, тыныш жұмыс істеуді, бейбіт өмір сүруді ойластырған сыңайлы. Бірақ аяқталмай қалған «Өскен өркеннің» кейбір тараулары болмаса, бұл үйде жазушы анау айтқандай ештеңе жазып үлгермей кетіпті. Бұл бөлмеге бізді кіргізбеді. Біз түгілі, «жазушының ұрпақтарын да кіргізбеймін» дейді.


Кіре беріс кең залдың төргі жағы Айтматовқа арналыпты. «Айтматовты әлем оқиды» деген айдармен шет тілдердегі кітаптары, өзге де суреттері бар. Босаға жақта Әуезовтің суреттері, түрлі кездесулердегі, отырыстардағы, қырғыз жазушыларымен басқосулардан естеліктер... Тағы бір шағындау бөлме қазақ драматургиясы мен театр өнеріне арналған. Мұнда да әр түрлі суреттер мен көріністер. Қысқасы, қазақтың әйгілі жазушысы тұрған үйді бұзып тастауға немесе өзге біреуге өткізіп беруге болмайтындықтан, музей «жасауға» мәжбүр болған жайт аңғарылады. Жазушы өмірінен сыр шертер экспонаттар аз, тіпті жоқтың қасы. Сол себепті, бос қалған орындарды бірдеңемен толтыру керек болғандықтан, Айтматовты, қазақ театр өнерін, одан кейін кітапхананы ойлап тапқан сияқты. Әйтпесе, кітапхана дей қоярдай емес, кітап қоры да шамалы (2000-нан асар ма екен?). 

Шыңғыс Айтматов осыдан 20 жыл бұрын келіпті. Одан кейін бас сұқпаған. Президент атаулыдан жалғыз Отынбаева келіпті. Қазақ жазушылары мен атқамінерлері келіп тұратын көрінеді. Жазушының ұрпақтары жыл сайын жазушының туған күні қарсаңында арнайы келеді. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан президенті Назарбаев пен Қырғызстан президенті Бакиев Ыстықкөлде кездескенде осы үйді де көрсету жоспарда болыпты.

- Қолымызға гүл ұстап, ауланы тазалап, көшені босатып, күні бойы күттік. Келмей кетті...

«Қандай проблемалар бар музейге қатысты?» деген сұрағымызға: «Айтпаймын»,– деп жауап берді. «Айта-айта шаршадық», – дейді. Бәрібір түк шықпайды. Күзетші жоқ. Бір ғана қызметкер әйел жұмыс істейді. Бұрын төрт адам істепті, «қазір үйге кетерде жазушының үйін Құдайға аманаттап кетеміз, басқа амал жоқ», – деп қалды. Қазақтың атқамінерлері де, ақын-жазушылары да келген сайын музейді жақсылап қолға алатынын айтып кетеді екен. Бірақ одан кейін хабар жоқ.

Кітапханашы осындай уәделерден жалыққан адам. Қазір Әуезов көшесіндегі жабайы жайма базарда мәліш сауда жасайды. Көлге түсетін киім-кешек, көйлек-дамбал... Біреу-міреу іздеп келсе, саудасын тастай салып жүгіріп келеді екен. «Негізі, адамдар келіп тұрады, көбіне кітап оқитындар кітап алу үшін» дегеніне де онша сене алмадық. Бұл сапардан ең бір жақсы пайда тапқан біздің таксиші болды ғой деймін, кетерде бұл үйдің қазақтар үшін ерекше маңызы бар екенін біліп, кітапханашы әйелдің телефон нөмірін жазып алып жатты. Сұңғыла неме «Әуезовтің үйіне апарам» десе, қазақтардан клиентінің көбейетінін ұққан сияқты. Гид-таксиші әбден кетерде бізге көңілі түскен түрмен: «Оказывается, Әуезов – ақын екен ғой», – депті (өзім естімей қалдым). «Ақын емес, жазушы. Шыңғыс Айтматовтың ағасы». «А-а, Айтматов... Білем-білем», –деп сәл бөгеліп: «Айтматов та ақын болған ба?» деп сұрапты. Ал, бұл кісі маған бір күн бұрын кемеге шыққанда Ыстықкөл туралы елдің ішінде айтылатын аңыздардың көп екенін айтқан. Тіпті мен кеткенше жақсылап бір айтып берем деп уәде де берген...

Көл жағалап жүріп, тек тіршіліктің, тиын сауудың ғана құлы болып кеткен, ешқашан «білмеймін» деп айтпайтын, жолап кеткен адамынан бірдеңе «сындырып» қалуға тырысатын «экскурсовод» байкелер «адамзаттың Айтматовын» білмейді дегенге бұрын айтса сенбес едім-ау...

*****

Тесіліп келіп көлге қараймын. Көзің көкжиекті мағынасыз кезіп кеткені болмаса, тиянақ табар бір бұдыр тапсашы. Көлдің орта тұсы дүңкиіп көрінеді. «Жер – домалақ, әлі кездесеміз», дейтіндей. Одан әрі түпсіз шыңырау, шексіз көкжиек мұнарытады. Беріде сан ғасырлық тарихты бауырына басып ап, міз бақпай Ыстықкөл жатыр.

Бұл Ыстықкөл, бұл көкжиек... «Ақ кемені» күте-күте көзі талған, ең соңында балыққа айналып кеткен жетім баланың қарашығы сіңіп қалған жер ғой. Әкесін күткен жетім бала ғана емес, ғашығын күткен қыз, ұлын күткен ана, жарын күткен жесірдің жанарын талдырған көкжиек, жасын жұтқан Ыстықкөл...

Әбден кетер қарсаңда алай-дүлей толқыныңды тулатып, өз суың аз болғандай аспанның суын да міз бақпай сіміріп жатқан қатал түріңе қарамастан ыстық тартып бара жатқаныңды қарашы... Алатаудың екі қоржынын енші ғып қырғыз-қазаққа бөлгенде бір басынан сен шыға келіпсің, Ыстықкөл. Сол себепті, «Алатаудың жалаңаш жағын бізге бердің» деп қырғыз туғандар құдайға өкпе айта алмайды.

Біз үйге қайттық деп қоштасып кеткенімізбен, теп-тегіс жолмен Ыстықкөлді жағалап ұзақ жүрдік. Көз ұшында ақ кеме жүзіп жүр...

Алматы – Ыстық көл – Алматы.

Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.