«Елім дегендер»: Саяси тұтқындарға арналған ән (видео)

Асмира Ермекқызы - 31.07.20191545

Жас айтыскер ақын Нұрқан ҚАЙРАТ абақтыдағы ақын Арон АТАБЕК, Қазатомпром Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар ЖӘКІШЕВ және 2016 жылғы Атыраудағы жер митингісі үшін сотталған Макс БОҚАЕВҚА арнап «Елім дегендер» атты ән жазды. Әннің сөзі де автордікі.

«Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев сынды елім деген ерлерге арнап, қолдап шығарған туындымды қабыл алыңыздар!», - деп жазды автор facebook.com парақшасында.

Диссидент-ақын, қоғам қайраткері Арон Атабек 2006 жылы болған «Шаңырақ оқиғасы» кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, қасақана кісі өлтірді деген ауыр баптармен 18 жылға сотталған еді.

Ақын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Махамбет өлеңдерін орыс тіліне аударған. 2010 жылы «Назарбаевщина и революция» мақаласы үшін «Тұтқындағы шығармашылық иесі» номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығына ие болды. Халықаралық ұйымдар Арон Атабекті саяси тұтқын деп есептейді.

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда «Қазатомпром» ұлттық компаниясы төрағасы қызметінен алынып, тұтқынған алынған еді. 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық № 2 сотының судьясы Нұрлан ЖОЛДАСБЕКОВ Мұхтар Жәкішевті «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айыппен 14 жылға бас бостандығынан айырған. Бір жылдан соң ұлттық қауіпсіздік комитеті тағы да қылмыстық іс қозғап, «ірі көлемдегі алаяқтық» және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденді» деп айыталды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхтар ЕРКІНҰЛЫН саяи тұтқын деп есептейді. Оған халықаралық мемлекеттік ұйымдар да араша сұраған. Польшадағы «Открытый диалог» құқық қорғаушылар ұйымы Жәкішевтің үстінен қылмыстық іс саяси мотивпен қозғалғанын және құқық бұзушылық болғанын мәлімдеген.

2015 жылы БҰҰ адам құқығы бойынша комитеті Ақордадан Жәкішевті босатуды талап еткен. Былтыр Хельсинки комитеті мен «Орталық Азиядағы адам құқығы» қауымдастығы солк ездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан Мұхтар Жәкішевті босатуын сұраған еді.

Қоғамдық белсенді Макс Боқаев 2016 жылы жер митингісінен кейін «араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп танылып, судья Гүлнәр ДӘУЛЕШОВА бес жылға соттаған еді. Содан кейін жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мораторий жариялады.

Коллаж: zhasalash.kz  



Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.