Жаманқұловтың жеңісі

Алмас Нүсіп - 01.08.201910353

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВТЫ қабылдады.

Бұл қабылдауды Халық әртісі Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВТЫҢ жеңісі деп қабылдауымызға болатын сияқты. ЭКС-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫМЕН алысып, «Қазақфильм» тарапынан «Феникс» фильмін түсіру кезінде ақша жеді деп айыпталған Жаманқұлов қамауға алынып, артынан айыппұл төлеп босап шыққан еді.  Сол кезде бүкіл қоғам Халық әртісін қолдап шыққан еді.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫМЕН арасы қалай ушығып кеткенін Тұңғышбай Жаманқұлов «TalkLIKE» жобасына берген сұхбатында айтқан еді. Қонақта болған актер өзінің не үшін сотталғанын, Арыстанбекпен не үшін араздасқаны туралы ашып айтқан. Ол уақытта Арыстанбек Мұхамедиұлы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры екен.

«Бар болғаны 12 грант. 11 адамның тізімін берді «осыларды өткіз» деп. Мен қарсы шығып, адамгершілікпен адам қабылдайық дегенмін. Сөйтіп, оны тыңдамадым да талапкерлердің өнеріне қарап 2-3-еуін өткізіп жібердім. Сосын маған түн ішінде телефон соғып, айқайға басты. Мен де ашуға беріліп, орысша үш әріпке айтып жібердім оны. Енді ер адамның бәрінде болады ғой мұндай жағдай. Кейін бірақ артық кеткенімді түсініп, ертесіне барып кешірім сұрадым», – деген болатын Тұңғышбай Жаманқұлов.

Мұнан кейін осы оқу орнын бітірген Еңлік Сыдықова есімді бойжеткен ректордың өзіне азғындық көрсеткенін айтып, видеоүндеу арқылы шағым жасаған еді. Артынша Жаманқұлов Еңліктің сөзін сөйлеп, министрді ашық айыптаған.  

«Осы жағдайдан кейін ол менің әр қадамымды аңдып, ізіме түсіп алды. Министр менің басымдағы жағдайды өз қолыменен, өзінің лауазымын пайдаланып, Елбасының ықыласын пайдаланып, осы нәрсеге нақақтан нақақ барып, өш алды», ­– деген еді актер.

Сол уақытта Халық әртісі сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұрап видеоүндеу жариялаған еді. Оны үндеуі туралы да: «Менің үндеуім Елбасына жеткен жоқ. Жетсе де, Арыстан мырзаның үндеуімен жетті деп ойлаймын. Ол басқаша жағдаймен жеткізіп отырды», – деп қынжылған еді.

Тілегі Назарбаевқа жетпесе де, Тоқаевқа жеткен Жаманқұловтың алапасы асты. Лауазымды қызметінен кеткеннен кейін Тұңғышбай Жаманқұловтың қазіргі президенттің алдына кіруіне ешқандай қайран жасай алмаған Мұхамедиұлы не күйде екен?

«Бір күн атқа сен мінесің, бір күн мен мінем» деген осы шығар...

Коллаж: zhasalash.kz


Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.