Тоқаевтың туфлиі: Отандық өнімді алған шенеуніктер неге мақтанады?

Бағашар Тұрсынбайұлы - 02.08.20191565

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Twitter желісіндегі парақшасына отандық кәсіпкер Дәурен Рахманқұлдың аяқ киім фабрикасынан отандық өнімді қолдау мақсатында туфли алғанын жазды.

«Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқ киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс» деп жазды президент.

Тоқаев туфлиді «Қазпошта» арқылы алыпты. «Бағасы 21 мың теңге, ал аяқ киім өлшемі – 43. Ол қоңыр түсті лофер алды. Біздің аяқ киімдер таза былғарыдан», – дейді фабрика иесі Дәурен Рахманқұл. 

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, тағы екі қызметкер де отандық өнімнің тұтынушысы болыпты.

2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отандық костюмді киіп, осыны алыңдар деген. Бірақ одан жаппай халықтың отандық костюмді киіп кеткенін көрген жоқпыз. Назарбаевтың артынан сол уақыттағы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов пен Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те  бір-бір костюм сатып алған еді. Бейбіт Атамқұловтың костюмі «Golden Nomad» фабрикасында тігілсе, Әбдібековтің костюмі «Алтын Адам» тігін фабрикасынан шыққан еді. Бұл екі өндіріс орны да Оңтүстік Қазақстанда облысында орналасқан. Енді Тоқаевтың артынан шенеуніктер жаппай туфли ала бастай ма екен?

Наурыз айында Шымкентке жасаған іс-сапарында премьер-министр Асқар Мамин Шымкент аяқ киім фабрикасынан екі жұп аяқ киім алған еді. Үкімет басшысының бұл саудасы 12 мың ғана теңге болғанын сол кезде бұқаралық ақпарат көздері жарыса жазды. Неге біздің отандық өнімдерді шенеуніктер сатып алып, сонымен мақтанады? Бұл комплекс емес пе? Алдымен бүкіл елді отандық өніммен қамтамасыз етіп алып, сонда мақтансақ жараспай ма? Егер сол дәрежеге жеткенде біз бұлай мақтанбас та едік, бәлкім. Өйткені ол қалыпты жағдай болар еді. Бұл мақтан – өте арзан мақтан. Және осы уақытқа дейін халқымызды өзіміз киіндіре алмай отырғанымызды көрсетеді. Осындайда Абайдың: «мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді» деген сөзі еске түседі. Аяқ киім шығарады екен, киім тігеді екен десін деп жүріп, өз елін киіммен дұрыс қамтамасыз ете алмай жүр екен демесін дегенді ел басшылары ұмытып кеткендей.

agapas.kz мәліметіне сүйенсек, 90% аса киім-кешек Қазақстанға шетелдерден келеді. Отандық өндірушілер сырт киім сұранысының бар-жоғы 2,5 пайызын ғана шығарып отыр. 2018 жылы Қазақстанға ең көп киім сатқан – Өзбекстан. Өзбекстандық kun.uz сайтының жазуынша, былтыр Қазақстан шетелден киім-кешекті 512,3 млн АҚШ долларына сатып алған. Соның 18,4 млн АҚШ доллары Өзбекстанға кеткен. Яғни Өзбекстан Қазақстанға ең көп киім-кешек сатқан мемлекет. Ала шапанды ел бұл жағынан Қытайды басып озып кетіпті.

Фото: express-k.kz


Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар