«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын Назарбаев емес, Тоқаев басқаруы тиіс»

Елнұр Бақытқызы - 02.08.20196584

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында 10 жыл жұмыс істеген Мұқан МАМЫТХАН дүниежүзі қазақтарының кезектен тыс құрылтайы өтіп, онда қауымдастықтың төрағасы мен төраға орынбасары сайлануы тиіс дейді. Өйткені елде президент ауысқанымен,  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қазіргі күнге дейінгі басшысы ­– Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. М.Мамытханның айтуынша, оның орнын жаңа президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ басып, қауымдастық жұмысын реттеп, қайта құрылымдауы қажет.

–  Мұқан аға,  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәселесі сізді неге алаңдатады? Бұл ұйымға қандай қатысыңыз бар?

– Атажұртқа 1996 жылы Іле қазақ облысынан көшіп келдім. 1997 жылы астананың көшуіне байланысты шетел қазақтарының делегациясы құрамында Астанаға барып, сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек НАЙМАНБАЕВПЕН таныстым. Бір аптадан кейін Қалдарбек аға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына жұмысқа шақырды. Сөйтіп, 1997 жылы қауымдастыққа жұмысқа орналасып, Қалдарбек Найманбаевтың кеңесшісі болдым. Қалдарбек аға 2004 жылы қайтыс болғанға дейін қауымдастықта бірге қызмет еттік. Найманбаевтың кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетел қазақтарының, әсіресе Қытай қазақтарының көші, оқу-ағартуы, мәдениетіне жауапты болатын. Айналып келгенде, шетелден көшіп келген қазақтарға ол кезде ие болатын екі ұйым бар еді: бірі көші-қон комитеті болса, екіншісі – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. Көші-қон комитеті шетелден келген қазаққа оралман куәлігі мен квота берумен айналысты. Ал қауымдастық, өзінің жарғысында көрсетілгендей, дүниежүзіндегі 5 миллион қазақтың мәдениеті, әдебиеті, тұрмысы, салтына көңіл бөліп, олардың қалай өмір сүріп жатқанын зерделеп, қамқорлық жасайтын. Шеттегі қазақтың басында қандай да бір мәселе туса, соны қазақ үкіметіне жеткізіп тұратын. Осылайша Найманбаевтың кезінде сырттағы қазақ атажұртқа аяқ басқан күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына келіп тіркелетін. Оларды тіркейтін арнайы бөлім бар еді. Сөйтіп, қандастардың төлқұжатын тіркеп, ықтиярхатына қажетті бүкіл құжаттарын дайындап беретінбіз. Азаматтығын алуға да көмектесетінбіз. Қысқасы, сырттан келген қазақ өзін үйіне, Отанына келгендей сезінетін. Қ.Найманбаев шеттен келген ақын, әнші, спортшы, зиялы қауым өкілдерінен қамқорлығын шамасы келгенше аямайтын. Әншілерді мәдениет министрлігіне, спортшыларды спорт комитетіне таныстырып, ақын-жазушыларды Жазушылар одағының мүшелігіне өткізетін. Соның арқасында елге оралған өнер, мәдениет адамдары өздерін осы мемлекетте орны бар адам ретінде сезінетін. Бұдан бөлек, Қ.Найманбаев хат жазып жүріп 40 студентті магистратураға түсіріп, жүздеген баланы бейімдеу курсына орналастырды. Бастапқыда бейімдеу курсына 250 квота ғана бөлінетін, Қалекең соны 1400-ге жеткізді.  Сөйтіп, Қытайдан 1400 баланы шақырып алып, оқуға түсіріп жүрді. Шеттен келген қазақтар 2000 жылдары өз қалтасынан ақша шығарып, Қытайдан құрылыс материалдарын тасып жүріп, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматыдағы ғимаратын өзіміз салдық. Атажұртқа көшіп келген қазақтар сол қауымдастықтың асханасында тамақтанып, мейманханасында түнеп, қызығын көретін. Сол уақытта қауымдастық сырттағы 1 миллион қазақты елге көшіруге ерекше үлес қосты. Қоныс аударған қазақтарды облыс, аудандарға орналастырып, жер алып беруге септесетін.

2004 жылы Қ.Найманбаев қайтыс болған соң, 2005 жылы дүниежүзі қазақтарының 3-құрылтайында Талғат МАМАШЕВ қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Мамашевтің кезінде екі жылдай кеңесші болдым. Бірақ біз бастаған жұмысты Т.Мамашев ары қарай жалғастырып әкете алмады. Бірте-бірте жұмысты тастай берген соң, мен де сүйкімімді кетірмейін деп жұмыстан кеттім. Сөйткен Талғат Мамашевтің соңғы айқайын өздеріңіз білесіздер, «оралмандарды ұрғаным бар» деп, күллі қандастың ренішін тудыратын, қанжардай қадалатын сөз айтты.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын қайта құрылымдау керек» деп көпшілік  талап етіп жүріп өткен 5-құрылтайда Талғат Мамашевті алып тастап, орнына Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВТІ алып келді. З.Тұрысбеков қауымдастық жұмысын жандандырады деп үміттеніп, қауымдастықтың шіріп кеткен ғимаратын жөндеуге «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің өкілдері көмектесті. Қалтамыздан 15 миллион теңге шығарып, ғимаратты күрделі жөндеуден өткіздік. Ондағы мақсатымыз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен ­­ «Отандас ел» қоғамдық бірлестігі бірігіп, Қытайдағы қазақтарды көшіріп алса деген ой еді. Бірақ біз түсіндіре алмадық па, әлде қауымдастықтағылар түсінбеді ме, әйтеуір, ғимаратты тапсырып бердік. «Отандас ел» мүшелері қауымдастықтан бір рақмет бола ма деп еді, ол да болмады. Оған да мейлі дедік те қойдық. Ал енді З.Тұрысбековтің қауымдастықтағы қызметіне бағаны мен емес, халық береді.

– Қалдарбек Найманбаевтан кейін қауымдастық жұмысы әлсіреді дедіңіз. Мұны немен байланыстырасыз?

– Меніңше, мұның екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі – үкіметтің ішінде я болмаса мемлекеттің арғы жағында шетелдегі қазақтардың бізге қаншалықты қажеті бар деген пікір болуы мүмкін.  Екінші себебі – Қалдарбек Найманбаевтан кейін қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болған Талғат Мамашевтің жұмыс істеуге құлқы болмады. Әйтпесе шаруаны дөңгелетіп әкететін мүмкіндігі болған. Меніңше, Т.Мамашевтің жанында оны жұмыс істеуге итермелейтін адамдар табылмады. Кейін қауымдастық Астанаға көшіп кетті де, оның жұмысын бақылай алмай қалдық.

­ –  Енді, сіздің ойыңызша, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жөнді жолға қою үшін не істеу керек?

­– Егер шетелде өмір сүретін 5 миллион қазақ Қазақстанға, расында да, керек болса, оларға бас-көз болатын қауымдастық сияқты ұйым қажет болса, онда аты затына сай, қазақ мүддесіне жұмыс істейтін қауымдастықты қайта құру керек. Бұл жерде жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, бәрі қауымдастық жарғысында жазылған. Тек сол жарғыда жазылғандай, жұмыс істейтін команда керек. Қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қалдарбек Найманбаевтың кезінде қауымдастық жұмысы қалай жүргенін бір кісідей біледі. Қытай қазақтары Қазақстанға сапарлап келу үшін қыруар ақша төлеп, виза ашатын. Қ.Найманбаев сол кездегі сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевқа хат жазды, сөйтіп, Шыңжаң қазақтарына тегін виза берілетін болды. Тоқаев 2-дүниежүзілік қазақтар құрылтайында Шыңжаң делегациясын елге әкелуге үлес қосты. Көші-қон агенттігі таратылмақ болғанда «оны таратпау керек» деп араша түсті. Енді осы адам мемлекет басшысы болды. Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қазіргі күнге дейінгі басшысы ­– Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кезектен тыс президент сайлауында Тоқаев заңды басшы болып сайланды ма, олай болса, Тоқаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бірінші төрағасы болып сайлануы керек. Ол үшін дүниежүзі қазақтарының кезектен тыс құрылтайы шақырылуы керек. Өйткені шетелден келген қазақтар «Нұр Отан» партиясы сияқты емес қой. «Нұр Отан» партиясы жер, су, әлеуметтік көмекті қажет етіп отырған жоқ. Ал шеттен келген қазақтар жер, баспана, әлеуметтік көмекке мұқтаж. Мұның бәрі мемлекет қолында. Ал мемлекет басшысы ­– Қ.Тоқаев. Олай болса, қауымдастық заңды түрде Тоқаевтың қолына өтуі керек. Алайда қауымдастықтың негізгі жұмысы төрағаның бірінші орынбасарына жүктеледі. Сондықтан ол жас, қазаққа жаны ашитын, шаршамайтын, қазақтың оқу-ағарту, әдебиет, көші-қонына көңіл бөлетін адам болуы тиіс. Тоқаев сондай адамды бірінші орынбасар етсе құба-құп. Жалпы, қауымдастықты қайта құрып, қазаққа жаны ашитын, қазақ үшін жаны күйетін адамдарды топтастыру керек.  Мәселен, Қытай қазағының мәселесін сол жақтан келген қазақтан артық білетін жан жоқ. Ресей, Моңғолия, Өзбекстандағы қазақтардың жағдайын да сол жақтан көшіп келген қазақтар жақсы біледі. Олай болса, бірінші төраға орынбасары төңірегіне осындай адамдарды жинауы керек.

­– Ал қазіргі төрағаның бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ше? Ол кісі қызметінен кетуі керек пе?

– Ол жұмыс істемеді деп айта алмаймын, біреуді жамандаудан аулақпын. Ол «менің бағдарламамды үкімет бекіткен жоқ, үкімет ақша бөлген жоқ, сол себепті жұмыс артта қалып жатыр» дейді. Бірақ мұның бәрі нені білдіреді? Бәлкім, затына сай жұмыс істемегендіктен, үкімет көңіл бөлмеген шығар. Қалай болғанда да, оның жұмысына бағаны халық береді. Кезектен тыс құрылтай өтіп жатса, халық сонда талқылар.

– Дегенмен былтыр З.Тұрысбеков «Қытай қазақтарының мәселесін білмеймін» деп, Шыңжаңдағы қыспақтан хабарсыз екенін айтты. Ол уақытта бұл мәселе ақпарат құралдарында кеңінен жазылып, саяси лагерьде қамалған қандастар жайлы құлаш-құлаш мақалалар шыққан. Сонда З.Тұрысбеков іргедегі Шыңжаң қазақтарының мәселесін білмей, көкте қалықтап ұшып жүрген бе?

– З.Тұрысбековтің «Қытай қазақтарының мәселесін білмеймін» деген жиынға мен де қатыстым. Меніңше, ол сол кезде «білмеймін» демей, «менің облыстарға қойған басшыларым, осы мәселені маған неге жеткізбедіңдер, мен неге хабарсыз қалдым, уақытында жеткізсе көмек көрсетер едім» деп айтқан болса, халық ол туралы әлгіндей пікір айтпас еді. З.Тұрысбеков бұл мәселені, расында да, білмеді ме, әлде аузына сөз түспеген соң солай деді ме, ол жағын білмеймін. Бірақ сол жиыннан кейін комиссия құрып, 300-400 адамның арызын қабылдады. Ол комиссияда мен де болдым.

– З.Тұрысбеков қалсын ба, әлде кетсін бе деп сұрап отырғаным, Тоқаев қауымдастықты басқарғанымен, көп шаруамен төраға емес, оның бірінші орынбасары айналысатыны түсінікті. Жалпы, Тоқаев қауымдастықты басқарған күннің өзінде, номиналды басшы болатыны белгілі. Сондықтан одан өзгеретін нәрсе шамалы. Ал іргедегі қазақтың жағдайын білмейтін Тұрысбековтің қауымдастықты басқаруға моральдық құқы бар ма?

– Біз кезектен тыс құрылтай ашатын болсақ, онда екі түрлі жағдай болуы мүмкін. Біріншісі ­­– Тоқаев жас, жалынды, мемлекетке қызмет ететін адамды тағайындауы мүмкін. Екіншісі ­– З.Тұрысбеков бұл қызметте 3-4 жыл отырып қазақтардың жағдайын білмесе, өз еркімен қауымдастықтан кетуі мүмкін.

­­– Тоқаев қауымдастықтың төрағасы болды делік. Одан бірдеңе өзгереді деп ойлайсыз ба?

– Тоқаевтан үміт күтетінім, ол қанша дегенмен шетел көрген дипломат, демократиялық елдердің қалай дамығанын жақсы біледі. Осы тәжірибенің арқасында елді жаңа жолмен бастап әкетіп, авторитаризммен күресті шеше алады деп үміттенемін. Әлбетте, Назарбаев елді 30 жыл бойы басқарды, Қ.Тоқаевтың айтқаны бірден бола бермеуі мүмкін.


­–  Ал Назарбаев қауымдастық төрағасы болып отыра берсе қайтеді?

– Адамның өмірі мен жасы шекті. Мансап қолда болғанымен, жас Құдайдың қолында. Н.Назарбаев төраға болып отыра берсін дейтін едік, бірақ оның жасы 80-ге келді. Осы тұрғыдан алғанда, мансапты уақытында тапсыру керек. Қазір ол билікті  тапсырды деп жатыр ғой, алайда оны түбегейлі тапсырды ма, оны енді халық біледі.

– Президент ауысқанымен, қауымдастық  төрағасын ауыстыру мәселесі неге көтерілмей жатыр? Әлде биліктегілер мұны ұмыт қалдырды ма?

– Асылы, Н.Назарбаев қауымдастықтағы төрағалықты бермеймін деген жоқ, ал Тоқаев төрағалықты алмаймын деген жоқ. Әлде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын ұмыт қалдырды ма? Бұл мәселені қазір көтеріп жатқанымыз да сол. Ұмыт қалдырса, шеттегі 5 миллион қазақтың көшіп келуі, орналасуы тікелей үкіметтің құзырында. Ал үкімет президентке қарайды.

­– Олай болса, құрылтайды кім шақырады?  Төраға мен оның орынбасарын сайлау процесі қалай жүреді?

Тоқаев З.Тұрысбековпен кеңесіп, құрылтай шақыру жөнінде тапсырма бере алады. Құрылтайға сырттағы 5 миллион қазақтан 300-ден астам делегат келеді, елден қосылатын делегаттарды қосқанда, бас-аяғы 500 делегат жиналады. Оларға құрылтайды ұйымдастыру комитеті төраға кандидатурасын ұсынады. 500 делегат төрағаны көпшілік дауыспен сайлайды. Міне, Тоқаев қауымдастықтың төрағасы болып сайланса, бірінші орынбасарлыққа кемінде үш адамның кандидатурасын ұсынса деймін. Сонда құрылтай делегаттары үш кандидаттың бірін сайлап алар еді. Тағы да қайталап айтамын, біз Қалдарбек Найманбаевтың кезіндегі қауымдастық жұмысын аңсап отырмыз. Қазіргілер неге солай жұмыс істемейді?  Жүрегі қазақ деп соғатын, басшы болуға лайық адам жоқ па? Меніңше, бар. Тоқаев сондай адамдарды тауып, құрылтайда төраға орынбасарлығына ұсынады деп үміттенемін.

– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының алдында тұрған тағы қандай мәселелер бар? Бәлкім, Шыңжаңдағы қазақтарға араша түсу үшін қауымдастық үкіметпен бірігіп әрекет етуі керек пе?

– Бұл жерде кезек күттірмейтін нәрсе – шетелдегі 5 миллион қазақты, әсіресе Қытайдағы қазақтарды елге көшіріп алу. Неге десеңіз, Қытайда бірде-бір қазақ мектебі, қазақ балабақшасы қалған жоқ, бәрі қытай тіліне өтті. Енді он жылдан кейін ол жақтың қазақтары ұлттық болмысынан ажырап кетеді. Сондықтан елге көшіп келемін деуші Қытай, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарын көшіріп алу керек. Ол үшін көші-қон комитетінің кейбір құзыретін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына берген жөн. Бізде көші-қон комитеті немен айналысады? Атажұртқа келген қазаққа оралман куәлігін береді, бес облысқа бөлінетін квота бар, соны бөледі. Соған бола білдей бір комитет құрылған. Меніңше, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына көші-қон комитетінің құзыретін беріп, қайта құру керек.

Қытайдағы қазақтарды қыспақтан құтқарудың бірден-бір жолы – оларды атажұртқа көшіріп алу. 2016 жылдан бері Шыңжаң қазақтарына қысым көрсетіліп, саяси үйрену орталықтарына қамалып, Қытайға туысшылап барып, елге орала алмай қалған қазақтар көп. Қазақ үкіметі мұны сол елдің ішкі саясаты деді. Алайда дүниежүзі қазақтарының 2-құрылтайында Н.Назарбаев «әлемдегі қазақтардың жалғыз мемлекеті – Қазақстан» деді ғой. Сонда шеттегі қандастар «біздің Отанымыз, бізге ие болатын еліміз бар екен» десті. Бірақ біз әлгі сөзді қандастарды алдау үшін айттық па, әлде, шындығында, солай ма? Егер, расында да, бүкіл қазақтардың жалғыз мемлекеті болатын болсақ, неге шетелдегі қазақтарға араша түсіп, олардың мүддесін қорғап, Отанға оралтпауымыз керек?! Әлбетте, қазақ үкіметі, сыртқы істер министрлігі Қытайдағы қандастарға мүлде араша түспеді демейміз, қолынан келгенін жасады. Бірақ ол шаруа өз деңгейінде болды деп айта алмаймын.

Сондықтан егер қандастарды көшіріп алуға ниетті болсақ, Қытай үкіметімен келіссөз жүргізіп, қазақтарға шақырту беріп, елге көшірейік. Солтүстікте бос жатқан жерлерге қоныстандырайық. Ол қандастар ауыл шаруашылығы мен мал өсіруге бейім. Мәселен, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Асы жайлауында бұрындары тек 5-6 қос отырса, қазір мал сыймай кетті. Соның 70 пайызын біз баяғыда көшіріп әкелген қандастар асырап отыр. Өткенде ауыл шаруашылығы министріне сілтеме жасаған Тоқаев өзінің сұхбатында «20 мың тонна ет саттық» деді. Сол 20 мың тонна етті 16 облысқа бөлсе, бар-жоғы 1200 тоннадан ғана шығады. Бүкіл Қазақстан емес, бір облыс 20 мың тонна ет сататын көрсеткішке жетуге болады. Ол үшін қандастарды көшіріп әкелу керек. Халық саны өссе мемлекет те дамиды, экономикасы да өседі. Оның үстіне ел басына күн туса, өзгелер емес, ең алдымен қазақ ұлты үн қатады.

– Бағанадан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы туралы сөз қозғадыңыз. Ал шетелдегі этникалық қазақтар мен оралған қандастарға көмек көрсету үшін 2018 жылы құрылған, Нұртай ӘБІҚАЕВ басқаратын «Отандастар» қоры туралы не дейсіз?

– «Отандастар» қорын құруды 2017 жылы дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайында Н.Назарбаев тапсырған болатын. Н.Назарбаев «Отандастар» қорын құру арқылы әлемдегі қазақтардың көші-қон, оқу-ағарту, мәдениетіне көмек көрсетеміз деді. Қор құрылды, бірақ ол жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па? Бұл да Тоқаев зерттеп көруі тиіс мәселе.

Мұндағы айтпағым, қазір Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының жұмысын біздің «Отандас ел» тәрізді қоғамдық ұйымдар атқарып отыр. Біз 2009 жылы қауымдастық жанынан «Отандас ел» қоғамдық бірлестігін құрып, Қытайдағы оқушыларды бейімдеу курсына орналастырып, визасын ашып, тіркеу жұмыстарына көмектестік. Меніңше, «Отандастар» қоры біз секілді нақты жұмыспен айналысып отырған ұйымдарды қаржыландырса, қандастарды көшіру, тіркеу жұмыстарын өз мойнымызға алып, тегін бітіріп берер едік.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Елнұр Бақытқызы

Фотолар: mfa.kz, akorda.kz



Мақала авторы:

Елнұр Бақытқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.