Абай шығармаларының жаңаша үлгісін ғалым өз қаражатына шығарды

Сәтжан Қасымжанұлы - 02.08.20191748

Белгілі абайтанушы ғалым, техника және философия ғылымдарының кандидаты Асан ОМАРОВТЫҢ тиянақты зерттеуімен Абай өлеңдерінің жаңаша үлгідегі басылымы жарық көрді. Бұл еңбектің ерекшелігі сол, Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ өлеңдерінің қайсы қай жылы жазылғаны жөніндегі деректі ғалым әр кезеңдегі естеліктерді саралай отырып, талдап көрсеткен. Одан бөлек тағы бір жаңалығы- бұған дейінгі жинақтарда Абай өлеңдерінің жалпы саны 170-тен астам деп болжанса, А.Омаровтың дәлелдеуінше нақты саны 195 екен.
Семейдегі Абай кітапханасында ғалым Асан Омаровтың «Абай жаңаша үлгідегі басылым» атты 2 томдық кітабының тұсаукесерінде Амантай ИСИН, Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА, Мұхаметқазы МҰХАМАДИҰЛЫ сынды ғалым-әріптестері өз ойларын ортаға салды. 
«Бұл еңбек- Асан Омаровтың абайтану саласындағы 20 жылдық жұмысының жемісі деуге болады. Иә, рас, Абайды зерттеушілер аз емес, жетіп артылады. Бірақ, Абай өлеңдерінің хронологиясын нақты деректермен көрсетіп шығу күрделі шаруа екенін мойындауымыз керек. Тәуекелділікті қажет етеді. Бұл еңбектің ерекшелігі неде? Асан Омаров өлеңдерді құр тізбелеп көрсете салмаған, сол өлеңдері арқылы Абайдың жаратылысындағы даму сатыларын көрсетіп отыр. Бір мысал келтірейін. Абайдың «Қансонарда» өлеңі классикалық үлгіде жазылған ғой. Бұған дейінгі жинақтарда ақынның бұл өлеңі 1882 жыл екені көрсетіледі. Ал Асан Қайырбекұлы 1877 жыл деп отыр. Себебі, бұл өлеңінде қазақ даласының тынысы сезіліп тұр. Яғни, Абайдың орыс әдебиетіне, шетел әдебиетіне әлі дендей қоймаған кезі екендігін алға тарта отырып, өлеңнің жазылуын бес жылға алға жылжытқан. Сол сияқты «Жаңа закон» деген өлеңнің нақты Абайдыкі екеніне соны пікірмен келтірген. Жалпы, ғалым осы еңбегі арқылы Абай өмірінің ойсырап тұрған жылдарының орынын толтыратын хронологиясын жасаған. Осыған мән беруіміз керек. 1879 жылдан 1888 жылдарға дейінгі аралықта Абай өмірінде орын алған оқиғаларға да мән бере отырып, біраз өлеңдердің жазылу себебіне үңіледі. Бастысы, осындай сүбелі дүниеге кірісу арқылы Асан Қайырбекұлы үлкен іс атқарып отыр. Абай өлеңдерінің жазылу дерегін анықтауға жеке-дара кіріскен ғалымның еңбегі әлі де талданары сөзсіз», -дейді тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Амантай Исин. 

Абайтану саласындағы тыңнан түрен салған ғалымның қос томдық еңбегі бар болғаны 100 данамен автордың өз қаражатымен жарық көрген. Асан Омаровтың бұл қадамын академиялық орталықтың жүгін арқалаған абайтануға деген адалдық деп айтуға әбден болады. Алда келе жатқан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына әзірлік барысында жаңаша үлгідегі осынау қос томдық басылымның таралымын көбейту Үкімет тарапынан қолдауды қажет етіп тұр. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, ұлы ақынды түлеткен Семей қаласындағы азды-көпті зиялы қауымның арасынан дараланып көрінген ғалымның шығармашылық ізденісіне назара аударар кез жеткен сияқты. 
Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.