"Қарағандыдағы жедел жәрдем станциясы Бесобадай құлауы мүмкін"

Арай Сатыбалдықызы - 02.08.20191416

Қарағандыда  жаңа  жедел  жәрдем  станциясын салып жатқан бас мердігер егер бұл ғимарат тұрғызылса, кейін оның құлап адам өміріне қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Қарағандыдағы облыстық денсаулық сақтау басқармасы үміт артып отырған үлкен жоба яғни  жедел жәрдем станциясының ғимараты салынбай жатып,  дау-дамайға тап болды. Бұл нысанның іргетасын салған мердігер  «ТехСтройСнаб ЛТД» ЖШС  директоры Талғат ХАМИТОВ жедел жәрдем станциясы үшін арнайы бөлінген жер аумағының су жиналып  тұрған құмды бөлік екенін мәлімдеуде. Бұл нысанның тапсырыс берушісі облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен құрылыс басқармасы болып отыр.Талғат Хамитов қазірден бұл жағдайдың алдын алмаса, жедел жәрдем станциясы тапа-тал түсте құлап қалған  «Бесобаның» күйін кешеді деп дабыл қағуда.

«Бұл нысан осы жерге салынатын болса қауіп төндіреді. Өйткені бұл жерге жер асты сулары  жиналып тұрады. Осындай жер асты суларының жиналғанынан  бүкіл елге танымал  «Бесоба» тұрғын үй кешені құлап қалған болатын. Егер бұл ғимарат құлап қалса, не болады? Дәрігерлермен ем алушылардың өміріне қауіп төнеді. Мен бұл жөнінде құрылыс басқармасын хабардар еткенмін. Дегенмен де мен осы жауапкершілікті өзіме алып, қосымша қаражатымды  жұмсап,нысанның іргетасының мықты болуына әрекет жасадым», - дейді «ТехСтройСнаб ЛТД» ЖШС  директоры  Талғат  Хамитов.


Мердігердің  айтуынша  жаңа  жедел  жәрдем  станциясы ғимаратына қатысты келеңсіздік мұнымен аяқталмаған. Сорақысы сол ,бұл жедел жәрдем станциясы құрылысы жобасында жылу желілеріне қосуға қатысты техникалық  рұқсат қағаздары болмай шыққан.

«Бүгінде жедел жәрдем станциясының жылу желілеріне қосуға қатысты техникалық құжаттары жоқ. Жылу транзит  компаниясы  жылу  жүйесін беру қуаттылығының  жетіспеушілігі кесірінен бізге жедел жәрдемді жылуға қосатын нысанды беруден бас тартты. Сондай-ақ, жедел жәрдем құрылысының жобасы сумен қамтамасыз ететін мекемемен де келісімге келмеген. Сондай-ақ, жобада кәріздік жүйе желісі де дұрыс берілмеген»,- деп мәлімдеді бас мердігер Талғат Хамитов.

Бұл аз болғандай  жедел жәрдем  көліктері үшін жасақталатын гараж жобасыда  құрылыс  нормасына сай келмейді екен. Жаңа жедел жәрдем станциясы Октябрь ауданында салынып жатыр. Құрылыс салуға жауапты болған кәсіпкер «бұл жоба нақты жетілмеген, қате кемшін  тұстары өте көп.Тапсырыс беруші құрылыс басқармасы бұл жобаны қайта түзетуі керек. Өйткені біз ертең нысан құлап жатса, соттың алдында жауап бергіміз келмейді », - деп алаңдайды.

Мәселенің мән жайын білмек болып Құрылыс басқармасына хабарласқан едік. Дегенмен мемлекеттік орган мердігердің қойған талаптарымен келіспейтінін жеткізді.Әуелгіде құрылыс орыны жасақталған кезде  жер қыртысына сараптама жасалып, ол оң нәтиже көрсетіпті. Жедел жәрдем станциясының құрылысы 2018 жылы шілдеде басталыпты. Бүгінде мердігер екі қабатын көтеріп үлгерген.

«Алғашқыда байқауға қатысқан кезде кәсіпкер бөлінген қаражатқа 30 пайыздық жеңілдік жасауға келіскен. Бүгінде ол құрылыс нысанын жобадан ауытқу жасау арқылы салып жатыр. Ғимаратты жобадағы өлшемнен 26-28 см төмен салып жіберген.Бұл ғимараттың сапасына нұқсан келтіреді. Сондай-ақ, гараж нысанына қатысты құрылыс жұмыстарында жіберіп алған олқылықтары бар. Ал жобаның жылу және су жүйесіне қатысты техникалық құжаттары бар»,- деп мәлімдеді Құрылыс, сәулеткерлік және қала құрылысы басқармасының баспасөз хатшысы Балдырған ЖОЛДАСБАЙ.

Құрылыс басқармасы маусым айында мердігер жіберіп алған олқылықтарын орнына келтірсін деген талаппен сотқа жүгініпті.

Фотоларды автор ұсынды.



Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.