Жамбыл Жабаевты жақтырмай жүрген кім?

Оралхан Дәуіт - 03.08.20193120

Неге екенін қайдам, Тараздағы тас мүсіндердің сынға ұшырамағаны кемде-кем. Біреуінің тасы ұнамады, екіншісінің басы ұнамады, енді бір ескерткіштің жасалған затын, батырдың мінген атын жақтырмай, әйтеуір, бұл мәселе үнемі жұрттың қызу талқысына ұласып жатты. 

Тараздың қақ төріндегі Қойгелді батыр ескерткіші бірнеше мәрте ауысты. Батырдың астындағы аты шағын боп қалып, өткен-кеткеннің бәрі қолымен көрсетіп күле берген соң, ол ескерткішті Жуалы ауданының түкпірдегі бір ауылына апарып тастап, орнына жаңасын қойды. Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ мүсінінде батырдың қылышы белдіктің оң жағында қалып кетіп, «сонда Баукең солақай болған ба?» деп жұрт оның авторын жерден алып, жерге салып жатты. Ең соңы күні кеше ғана қойылған Керей мен Жәнібектің ескерткіштерінде екі хан екі тақта отыр, яғни бір елді екі хан билеп отырған сияқты, «бұл бүтіндей бір ел, бір халық үшін өте жаман ырым» деп, тілшілер жазудай-ақ жазды. Ырым-жырымын қайдам, бірақ арада төрт жыл өткенде «осы елді Назарбаев пен Тоқаев қатар басқарып отыр» деген әңгіменің гулегені де жасырын емес. Қысқасы, көне Тараздың төрінен орын алған Абай, Бәйдібек би, Төле би, Балуан Шолақ, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қ.Рысқұлбеков, А.Пушкин және тағы басқа да тұлғалардың ескерткіштері – бәрі-бәрі кезінде жұрттың қатты сынына ұшыраған.

Шамасы, осыған дейін Жамбылда жұрттың сөзі тимеген, сыннан сауыт кимеген бір-ақ ескерткіш болды. Ол жыр алыбы Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ биік тұлғасы еді. Иә, рас, қайбір жылдары жыр алыбы туралы да баспасөз беттерінде біраз нәрсе жазылған. Бірақ олар ескерткіштің сапасын, тұрған тұрысын емес, базардың ортасында қалып кеткенін, ақынның алып тұлғасы қаптаған сауда орындарынан көрінбей қалғанын, алдындағы шағын алаң азып-тозып бара жатқанын жазған еді. Бұдан басқа, Жамбыл жәкеміздің осынау мүсінінің сапасына сын айтқан жанды көрмедік. Шынында, сол жылдары орталық базардың ортасында қалған ескерткіштің еңсесі пәс еді. Одан бері де, құдайға шүкір, базардың барлығы қала сыртына көшті. Ескерткіштің айналасынан мәдени орталық салынып, қаланың ең көрікті жерлерінің біріне айналды. Осынау сұлулықпен бірге жыр алыбының тұлғасы да дараланып көріне түскені анық. Бірақ жыр алыбы туралы «жыр» дәл осы кезде басталды. Дәл қазір Таразға келсеңіз, Жамбыл жәкемнің ескерткіші туралы қаптаған пікірлерге қарық боласыз.

Алдымен осы ескерткіштің тарихына аз-кем тоқтала кетсек. Жыр алыбының алып мүсіні 1963 жылы осы облысты Асанбай АСҚАРОВ басқарып тұрған кезде қойылған. Бұл туралы Асанбай Асқарұлы өзінің «Тағдыр» атты кітабында егжей-тегжейлі жазып кеткен. 1959 жылдың күзінде А.Асқаров Кисловодскіде демалып жатқан жерінен шұғыл түрде Мәскеуге шақырылады. Сол жерде оның Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекітілетіні белгілі болады. Сөйтіп, Асекеңді СОКП Орталық комитетінің хатшысы А.Аристов кабинетіне шақырады.

«Тағдыр» атты кітабының 103-104 беттерінде Асанбай аға болған жайтты былай баяндайды:

«– Жамбыл облысы Жамбылдың құрметіне байланысты аталған ба? – деп сұрады Аверий Борисович Аристов.

– Иә.

– Шын мәнінде ол кісі қайда туған, өзі?

– Жамбыл облысының жерінде, Жамбыл тауында туған.

– Қалада ол кісіге арналған қандай ескерткіш бар?

Ол кісі сәлден кейін бұл сұрағын тағы қайталады. Мен сәл абыржып, бірден жауап қайтара алмай мүдіріп қалдым. Аузым бірден бара қоймағанымен, ақыры:

– Әзірге еш нәрсе жоқ, – дедім. Ол сөзін жартылай әзілге сүйеп:

– Е, қазақтар-ай, сондай ұлы адамға осы уақытқа дейін ескерткіш орнатпағандарың жарамаған, – деді.

Жамбылға соншама көңіл бөліп, ықылас білдіргені мені қайран қалдырды. Көздерін маған қадай, тесіле отырысы жауап күткенін аңғартқандай. Мен болсам еш уәждің ретін таппай отырмын. Ақыры, өзі сөйледі.

– Мен ол кісінің өлеңдерін оқыдым. Сірә, мұндай адамға ескерткіш орнату жөн шығар-ау, – деп сөзін аяқтады.

Мен уәде бердім. Ол бұл мәселені назарында ұстайтынын айтты. Шынында да, ол кісі кейін жәрдемшісі арқылы оқтын-оқтын мәселенің жай-жапсарын біліп те тұрды. Жамбыл қаласындағы ұлы ақынға арналған ескерткіш дүниеге осылай келген еді».

Міне, осылайша Жамбыл Жабаевтың мүсіні Ленинградтағы зауытта құйылып, 1963 жылы сол кездегі Жамбыл қаласының қақ төріне орнатылады. Яғни Асанбай Асқаров, шынында, уәдесінде тұрды. Ескерткіш мыс араластырылған шойын қоспасымен құйылып, қола жалатылған. Қордайдың қызыл гранитінен жасалған тақталармен төрт бұрышты биік тұғырға қойылған.

Ескерткіш авторы – Қазақстанның халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, ұлттық кәсіби мүсін өнерінің негізін салушылардың бірі, қазақтың бірегей мүсіншісі Хакімжан НАУРЫЗБАЕВ. Жалпы алғанда, Наурызбаевты жамбылтанушы десе де болады. 1951 жылы Хакімжан Есімханұлы Харьков көркемсурет институтын бітірер кезде дипломдық жұмысына Жамбыл Жабаевты таңдап, бала Жамбылдың мүсінін жасап шыққан. «Бала Жамбыл» атты ол дүние қазір Алматыдағы музейде тұр. Хакімжан Есімханұлы жыр алыбының бейнесін жасауды ары қарай жалғастырып, «Бозбала Жамбыл», «Дана Жамбыл» атты туындылары дүниеге келеді. Алматыдағы Жамбыл жәкемнің биік ескерткішінің де авторы осы Наурызбаев. Қалай айтсақ та, Хакімжан Наурызбаев қайталанбас тұлға. Тарихи тұлғалардың мүсіндерін сомдауда көркем бейнелілікке, кейіпкерінің жан дүниесін психологиялық тұрғыдан тереңірек ашуға ұмтылған, Қазақстандағы мүсін өнерінің қалыптасып өркендеуіне зор үлес қосқан тұңғыш кәсіби мүсінші. Міне, Тараз қаласындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші Наурызбаевтай таланттың қолынан шыққан дүние. Сәулет өнерінің озық үлгісіне жататын бұл дүние сол кезде одақтас елдердегі ең таңдаулы 100 ескерткіштің қатарына енген.

Енді 50 жылдай уақыттан бері бір орында мызғымай тұрған осынау ескерткішті Жамбыл облысының әкімшілігі бір күнде опыр-топыр ауыстырып жіберіп, үлкен даудың астында қалды. Әрине, облыстың атын иемденіп отырған Жамбыл Жабаевқа жергілікті әкімдік қандай құрмет көрсетсе де, ескерткішін қай жерге қойса да, «неге бұл жерде тұр?» деп айту ерсі болар. Оның үстіне Жамбыл облысына Асқар МЫРЗАХМЕТОВ әкім боп келгелі бері Тараз қаласында алапат жұмыстардың басталып кеткенін де жасыруға болмас. Көне қала тотыдай таранып, қаншама жылдан бері бас ауру болып келе жатқан бірқатар саябақ, көше, қала ішіндегі көл, бассейн, басқа да демалу орындарының мәселесі шешіліп жатыр. Бұған дейін де оңтүстікте әкім болған кезінде Шымқаланың шырайын ашып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Асқар Исабекұлы Әулиеатаның да ажарын ашуда аянбай еңбек етуде.

Енді жергілікті басшыларға жыр алыбының ескерткішін облыстық әкімдік ғимаратының алдына ауыстыру не үшін керек болды? Біздің білгеніміз, Жамбыл ескерткіші тұрған жер өз алдына үлкен мәдени-рухани кешен болмақ. Бұған дейін бұл жерден «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы ашылған еді. Енді сол орталық қанатын тіптен кеңге жайып, тағы да үлкен мәдени нысандар пайдалануға берілмек. Шынында, өте керемет бастама ғой. Бірақ, неге екенін қайдам, Жамбыл Жабаевтың ескерткіші осынау кешеннің сұрқын қашыратын сияқты. Рас болса, ескерткіштің орнына сағаты бар биік монумент орнатылмақ. Әйтеуір, Жамбыл облысының әкімдігі Жамбыл Жабаевты осынау көркем кешенге жолатқысы жоқ. Тек осынау даудан кейін ғана ескерткішті рухани орталыққа экспонат ретінде қоймақ ойлары бар екенін айтып қалды. Ал ескерткішті бұрынғы орнына қою туралы әңгіме мүлдем жоқ. Мұрағат құжаттарында ескерткіш тұрған жерге Жамбыл алаңы деген атау берілген екен. Сонда алаңның атауы да ауысатын болғаны ма?

Ең алдымен «облыстық әкімшіліктің алдына Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ескерткіші қойылады екен» деген әңгіме шыққан. Өйткені әкімшілік ғимаратының алдындағы даңғыл Абай есімімен аталатын. 2015 жылы Таразда Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өткенде Шығыс Қазақстан облысы тойға тарту ретінде Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнатқан еді. Бірақ шығыстың әкімі Даниал АХМЕТОВ қазақ тарихындағы осынау дүбірлі тойға жүрдім-бардым қарап, Өскеменнен үкілеп әкелген ескерткіш ақынның өзіне де ұқсаңқырай бермейді, сосын, сапасы да өте нашар болып шықты. Күн өткен сайын тозып барады. Яғни осынау арзан дүниені облыстық әкімшіліктің алдына қоюға арланды ғой деймін, көп ұзамай бұл орынға Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қойылатыны туралы әңгіме тарады.

Жергілікті жұрт «жарты ғасырдан бері бір орында тұрған Жамбыл Жабаевты неге ауыстырады?» деп сыбырласып жүргенде әкімшілік ғимаратының алдындағы ескерткіштің ашылу рәсімі де өте шықты. Міне, сол күні Жамбылдың денесін тұтас жауып тұрған ақ жамылғыны ашып жібергенде, ақиқаттың бәрі сол кезде белгілі болды ғой. Сөйтсек, Жамбыл жәкемнің орны ғана емес, ескерткіштің өзі де ауысып кетіпті. Ақ жамылғыны айқара ашып жібергенде көпшілікті бұрын мүлдем көрмеген, мүлдем басқа ескерткіш қарсы алды. Наурызбаевтың баяғы төл туындысы жоқ. Осыдан кейін облыстық әкімдік ескерткіштің көшірмесін жасағаны белгілі болды. Міне, нағыз айқай-шу осы жерде бұрқ ете қалды. Жұрт тек ескерткіштің жаңасы қойылғанына ғана емес, орнының ауысқанына да наразы боп жатты. Әрине, жасалған көшірме көптің көңілінен шығып жатса, қанеки. Көшірмеде жыр алыбының түсі суық, қабағы ісіңкі, бұрынғыдай жүрекке жылу бермейді. Жалпы сұлбасы бұрынғыдай сияқты, бірақ, бет әлпетінде, қолдарында өзгеріс бар. Яғни, сәтті көшіре алмаған. Және ең қызығы, ескерткіштің орны ауысатынын білсе де, оның өзі ауысатынын ақ жамылғы ашылғанға дейін ешкім білмеді. Ал бұл өте құпия түрде жүретін мәселе ме еді?

Негізі, мұндай тарихы терең ескерткіштерді ауыстыру оңай шаруа емес. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану» заңының 38-бабына сәйкес, бұл ескерткіштің дәрежесі республикалық болғандықтан, бұл мәселе үкіметтің арнайы отырысында қаралып, арнайы шешім шығуы қажет еді. 2018 жылдың 17 шілдесінде мәдениет және спорт министрінің орынбасары А.Райымқұлова осы талапты айта келіп, жергілікті әкімдікке алдымен сараптама қорытындысын ұсынуды өтінеді. Екі күннен кейін «Қазгеоархеология» ЖШС-нің атқарушы директоры Е.Торбеков бастаған комиссия ескерткіштің қазіргі жай-күйін тексеріп, құйылған металдың 80 пайызы коррозияға ұшыраған деген қорытынды шығарған. Яғни ескерткіш әбден тозған деп отыр ғой. Міне, осы жағдай ескерткішті ауыстыруға себеп болады. Бірақ дәл соның алдында ғана, яғни 16 мамыр күні жеті адамнан құралған комиссия ескерткіштен ақаулар табылғанын, дегенмен дәнекерлеу арқылы қайта қалпына келтіруге болатыны туралы қорытынды берген екен. Ендеше, Наурызбаевтай шебердің қолынан шыққан дүние неге жөндеуге берілмеді?

Сонымен, бұл мәселе бойынша көпшіліктің пікірі екіге жарылып, осыған байланысты бірнеше мәрте талқылаулар өтті. Әрине, биліктің төңірегінде жүргендер әкімдіктің ұстанымын қолдады. Тіпті облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттардың өзі әкімдіктің бастамасын қолдап сөйлеп, «бұл дауға осымен нүкте қояйық» деп тарқасты. Осы тұста айта кету керек, дәл осы халық қалаулылары осыдан біраз уақыт бұрын Төле би даңғылын Н.Назарбаевтың атына беру туралы ұсынысты да екі қолдарын көтере қолдап, ертеңінде жоғарғы жақтан «бұл дұрыс емес екен» деген пәрмен келгенде өз ұстанымдарын лезде өзгерте салған болатын. Осыдан кейін мәслихат дегенің биліктің ойыншығы сияқты ма деген ойдың келгені рас. Тек депутат Ерболат Саурықов қана кейінірек осы ескерткішті жөндеуге тиісті қаржы бөліп, демеушілік жасап, жанашырлық танытты.

Есесіне қарсы жақ та қарап жатпай, президент Қ.Тоқаевқа хат жолдап, Жамбыл ескерткіші мәдениет және спорт министрлігінің келісімінсіз алынып тасталғанын, әкімдіктің алдына қойылған жаңа ескерткіштің кәсіби емес маманның қолынан шыққан дүние екенін, талап пен талғамға сай келмейтінін айтып дабыл қақты. Бұл хатқа атағынан ат үркетін 13 мүсінші қол қойған. Айтпақшы, жаңадан қойылған ескерткіштің авторы еш жерде айтылмайды. Өте құпия. Сондықтан бұл ескерткіш мамандардың талқылауынан өтті ме, жоқ па, кім қандай пікір айтты, кім қолдады, ол жағын да білу мүмкін емес.

Осылайша Хакімжан Наурызбаевтай хас шебердің қолынан шыққан туынды, Одақ елдері ішінде үздік деген 100 ескерткіштің қатарына енген асыл дүние қазір көпшіліктің көзінен тасаланып, Тараздағы бір мекеменің ауласында тұр. Тіпті оны жерге бір қырынан жатқызып, мойнына арқан салып, басын ақ матамен тұмшалап тастаған екен. Тараз қаласының жергілікті тұрғыны, ұзақ жылдар бойы мәдениет саласына басшылық етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген Әлібек Әмзеев бастаған ұлт жанашырлары мен сонау Алматыдан келген Хакімжан Наурызбаевтың шәкірті Тілеуберді Бинашев шырылдап, Жамбыл жәкемді әрең дегенде орнынан тұрғызыпты, әйтеуір.

Тілеуберді БИНАШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик:

–Мен Хакімжан Наурызбаевтың шәкіртімін. Ол кісімен бірге жұмыс істедім. Хакімжан ағаның маған аманат етіп қалдырған дүниелері өте көп. Құрал-саймандарының барлығы менде тұр. Ол кісіге арнайы бұрыш та ашып  қойғанмын. Алла қаласа, 15 тамызда ол кісінің туған жері Қостанайда өзінің бюсті ашылады. «Жамбыл ескерткішін алып тастады, орнын ауыстырды» деген хабарды ести сала Таразға жанұшырып жеткенім рас. Негізі, ескерткішті автордың рұқсатынсыз қайталау, көшіру деген – қылмыс. Авторлық құқық деген бар. Барып көрдім, Жамбыл ескерткіші 99 пайыз жарамды. Әлі мың жыл тұратын дүние. Бұл ескерткіш Кеңес Одағы кезінде Санкт-Петербургтегі зауытта өте сапалы құйылған. Ескерткіште пәлендей ақау, жарық жоқ. Иә, кей жерлері аздап тозған. Ол жерлерін арнайы бояуымен бояп бердім.

Негізі, Наурызбаевпен мақтануымыз керек. Ол – Қазақстаннан шыққан тұңғыш мүсінші, елімізде мүсін өнеріне тұңғыш жол салған кісі. Алматыдағы көркемсурет училищесінен тұңғыш рет мүсін бөлімін ашқан. Мен сол бөлімде оқыдым. Хакімжан аға жасаған дүниелердің жарамай, сынып түсіп қалған бір бөлшегінің өзі біз үшін өте құнды экспонат болуы тиіс. Өйткені Хакімжан ағадан артық жасау мүмкін емес. Біреуге айтып, көшірмесін жасату өте ұят нәрсе. Мен көшірме ескерткіштің авторымен де сөйлестім. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Оған: «Сен өзің де кезінде Мәскеуде білім алдың. Осының бәрі дұрыс қадам емес екенін сен жақсы білдің ғой», – десем, ол: «Маған өтініш жасады», – дейді. «Өтініш жасаса, Хакімжан ағаның дүниесін көшірудің не қажеті бар еді, басқаша жасамадың ба? Көшіру деген өнерге жасалған қиянат қой. Бұл дегеніміз – Хакімжан ағаның аруағын сыйламау, қазақтың өнерін қорлау деген сөз», – десем, «Әкімдер өтінді, мен жасадым. Тек көшірмесін жасау тапсырылды», – деп өзі де өкініп отыр. Кім біледі, оған да бір қаражат керек болған шығар.

Шынын айту керек, бұлар ешкіммен келіспей, ақылдаспай, осы тірлікке барды. Мәдениет және спорт министрлігі де бармағын тістеп отыр. Кейін ескерткішті жарамсыз деп таныған комиссияның қағазын көрдім, мүсін өнеріне ешқандай қатысы жоқ адамдар жасаған. Барып, өз көзіммен көрген кезде ескерткіштен ешқандай ақау байқамадым. Кеңес Одағы кезінде мүсіннің сапасына өте қатаң бақылау жасалатын. Тағы бір айтары, Жамбыл ескерткішін орнынан алар кезде де қажетті талаптар сақталмаған. Күн сайын құрылыста бетон көтеріп жүрген кранды әкеле салып, темір көтергендей, қалай болса солай көлікке арта салған. Негізі, ескерткіштің табанында кран көтеруге арналған өз тесіктері бар. Одан кейін ескерткіштің өне-бойын арнайы жалпақ арқандармен бірнеше мәрте орап, көтерген кездегі негізгі күшті сол табанындағы тұғырға түсіру қажет еді. Бұлар кәдімгі темір тростпен тартқандықтан, ескерткіштің төменгі жағындағы бір-екі жері жұлынып кеткен. Көшіру кезінде бұл саланың маманы болмаған ғой деймін. Одан жергілікті мүсіншілер ескерткішті жөндейміз деп «болгарка» аппаратымен кей жерлерін жонған. Қайтып дәнекерлемекші болған. Бірақ қайтып дәнекерлейтіндей одан ешқандай ақау көрмедім. Шынын айту керек, бұл ескерткіш сол құйылған күйі былқ етпей тұр. Маған Жамбыл облыстық әкімдігінен де өкілдер келді. Оларға тұңғыш президент Н.Назарбаевтың қолынан алған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген куәлігімді көрсеттім. Одан мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет қайраткері» деген атақ берген. Тіпті Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезде «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» деген медаль берген болатын. Солардың бәрін көрсеттім. Содан ба, олар маған артық-ауыс ештеңе айтпады. Қырық жылдық еңбек стажым бар, «Құрмет» орденінің иегерімін. Олар үшін бұдан артық қандай анықтама болсын? Содан ескерткішті жақсылап бояп, желімдеп бердім. Әкімшіліктен келген өкілдер қабылдап алды. Сосын, оларға: «Мырзахметовқа ешқандай өкпем жоқ.  Оған басқа адамдар «жарамай қалған» деген теріс ақпарат беріп адастырып отыр. Тіпті жарамай қалып, ескерткіштің аяқ-қолы бөлек, басы бөлек жатқан күннің өзінде, Хакімжан аға жасаған дүниенің бір бармағы болса да, мұражайға қойылуы тиіс. Бұл дегеніміз – Хакімжан Наурызбаевтың қолтаңбасы. Бұл  тарих қой», – деп айттым.

Қалай айтса да, Жамбыл ескерткішін ешкімнің көшіруге ешқандай хақысы жоқ еді. Бұл «Абай жолын» көшіріп, Мұхтар Әуезовтің орнына өзінің атын жазып қойған сияқты дүние ғой. Егер автордың көзі тірі кезінде өзі рұқсатын беріп, өзі келіп, қасында тұрып алдыртып тастаса, мұны енді түсінуге болар еді. «Өзі жоқтың көзі жоқ» дегендей, бұл жасалып отырған нәрсе өнерге жасалған қиянат. Егер осылай кете берсе, кезіндегі алыптарымыз жасаған дүниелердің бәрі құрып, орнын халтурщиктер басады. Бір күні Алматыдағы Абайдың ескерткіші де жарамайды екен деп алып тастап,  орнына басқасын қойса қалай болады? Орыстардағы І Петрдің, Пушкиннің ескерткіштері қаншама ғасырдан бері ауыспай тұр. Олар сонысымен де құнды. Тағы бір айтары, Жамбыл ескерткішінің жаңа көшірмесі қаңылтыр және мыстан жасалған. Сыртынан қаттырақ бір ұрсаң, майысып қалады. Консерві банкісі сияқты. Ал бұрынғы ескерткішті тепсең, аяғың сынады.

Сондықтан жамбылдықтар «міне, сондай тұлғаның жұмысы біздің қаламызда тұр» деп мақтануы тиіс еді. Хакімжан аға бұл ескерткішті жасар алдында Жамбылдың туысқандарымен сөйлесіп, әбден зерттеген. Менің ойымша, облыс әкіміне дұрыс ақпарат бермеген. Мәдениет басқармасы қайда қарап отыр? Негізі, бұл ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Осы тірлікті жасаушылар ескерткіштің авторына мән бермеген деп ойлаймын. Хакімжан аға Лениндік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның мүшесі болған. Сонда кейін мұның өзін сол Лениндік сыйлыққа ұсынған кезде «Мен осы комиссияның мүшесімін, қалай өзіме аламын? Басқалар алсын, мен елге әбден танылдым ғой» деп, өз кандидатурасына өзі қарсы шыққан екен. Бұған Мұхтар Әуезов қатты ұрысыпты. Міне, Хакімжан аға осындай атақ-даңққа құмар емес, өте қарапайым кісі болған.

Хакімжан ағаның әрбір еңбегі құнды. Өйткені оның әрбір дүниесі өте қатаң комиссияның талқылауынан өткен. Кезінде үкіметтік комиссия болған. Оған қазақ та, орыс та, еврей де мүше еді. Олардың сынынан өту өте қиын болған. Бәсекелестік өте жоғары болды. Яғни Жамбыл ескерткіші қаншама конкурстарға қатысып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан еңбек қой. Соның қадірін білмей жүрміз, менің соған қаным қайнайды. Қазір екінің бірі мүсінші болып кетті, суретшілердің өздері де мүсінмен айналысады. Ескерткіштерді қаптатып қойып жатыр. Ешқандай комиссия жоқ. Әкімдер ақшасын тауып берсе, ескерткіштерді қоя береді.

...Сонымен, Таразда Жамбыл Жабаевтың ескерткіші туралы дау толастамай тұр. Жергілікті билік «бұл дауға нүкте қойдық» деп арқаны кеңге салып, бұл істі біттіге санап отырғаны анық. Біздіңше, жергілікті жұртты биліктің бұл істі жария түрде жүргізбегені ашындырған сияқты. Шынында, заңға салсаң да, арға салсаң да, мемлекет қорғауындағы осындай ескерткіштің, Наурызбаевтай хас шебердің қолымен жасалған Жамбылдай тұлғаның ескерткішіне, жарты ғасырлық тарихы бар өте құнды ескерткіштің тағдырына жеңіл-желпі қарауға бола ма? Мұндай мәселе халықтың талқылауымен шешілсе де артықтық етпес еді. Бұл жерде ескерткіштің орнын ауыстыру, көшірмесін жасағанды былай қойғанда, авторлық құқықтың өзі аяқасты болып, аруақтарды аттап кету жағдайы орын алып тұр емес пе? Сонда мәдениет және спорт министрлігі қайда қарап отыр? Олардың үні неге шықпайды? Әрине, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскерлігін, осы өңірге келгелі бергі еңбегін ешкім жоққа шығармайды, бірақ «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, дәл осы мәселеде облыс басшысын біреулер шатастырып отырғандай.

Айтпақшы, дәл қазір жергілікті әкімдік Жамбылдың бұрынғы ескерткішін қай жерге қою мәселесіне бас қатырып жатыр. Тараздағы рухани орталыққа, одан Жамбыл ауданының орталығына және Жамбыл облысының Алматы облысы жағынан кіретін шекарасына қою туралы ұсыныстар түскен. «Шекараға апарып қойғанымыз ар жағындағы Алматы облысындағы ағайындарға «Жамбыл жәкемді осы жерге дейін жеткізіп бердік, ары қарай өздерің алып кетіңдер» деген ырым емес пе?» деп күйінеді осы істің жанашырлары.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.