Әкім Маржықпаев Қопа көлін қашан тазалайды?

Нұрболат Әлдибек - 05.08.20191508

Көкшетау қаласының ортасындағы Қопа көлінің мәселесі 3-4 жылдан бері шешілер емес. Көлді тазартудың нақты жобасы жоқ деп эколог мамандар талай рет айтқанды-ды. Бұл жолы ақын Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ былғанған көлдің проблемасын көтерді.

«Ақмола облысының әкiмi Ермек МАРЖЫҚПАЕВТЫҢ назарына! Көкшетау қаласындағы Қопа көліне не болған? Мына фотосуретті көріп жүрегім ауырып отыр. Студенттік жылдарымыз, жастық шағымыз осы көлдің жағасында өтіп еді. Қазір сор-батпақ басып кеткен. Қаланың ортасындағы көл саси бастаған. Өткен жылдары бұрынғы әкім Мәлiк МЫРЗАЛИН Зерендi балық питомнигiнде өсiрiлген 13 мыңға жуық ақ амур және 3 мыңға тарта дөңмаңдай балығын көлге жiберген екен. Онысы дұрыс. Балық көбейсін деген шығар. Бірақ сол жіберген балықтары тірі ме екен? Соның кері кесірі тиіп жатқан жоқ па? Тартылып бара жатқан көлде балық өмір сүре ала ма? Әкімдік көл жағасына жақын орналасқан 100-ден астам жер үй сүріліп, жаңа құрылыс салынады депті. Әуелі құрылыс салмас бұрын көлді сасытпай тазалау керек қой! Ақмола облысының атқамінер басшылары  алдағы аптада Қопа көліне қатысты нақты жұмыстардың жоспарларымен таныстырсын, мына қиын жағдайда қалған Қопа көліне шұғыл шара қолдансын деп талап етемін! Нақты жауап күтемін!», - деп жазды ақын Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ facebook.com әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

2018 жылы Ақмола облыстық полиция департаменті «Уылдырық» шарасынан кейін бұл көлден балық аулауға 2020 жылға дейін тыйым салынған. Қызығы, 2009 жылы Қопаны тазартудың жобасы әзірленген. Әуелі тендер өткізіліп, оны германиялық бір компания ұтып алған болатын. Көлді тазарту үшін 25 млрд теңге кетеді деп болған еді. Содан бері арада 10 жыл өтті. Қопа көлінің ажары күнен-күнге тайып барады.

Фото: facebook.com

 

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.