Атамбаевты ұстау операциясы жүріп жатыр

Елнұр Бақытқызы - 07.08.20194445

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне арнайы жасақ басып кірді. Қырғызстан ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, бұрынғы президентті ұстау операциясы кезінде он шақты адам жараланды, олардың арасында бір журналист және күштік құрылым қызметкері бар.

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, арнайы жасақ тек резеңке оқпен қаруланған. Алайда  оқиға орнынан әлеуметтік желіде тікелей трансляцияға шыққан Атамбаевтың жақтасы Мирбек Айтикеевтің видеосында мылтықтың даусы естіледі.

Әзірге Атамбаевтың ұсталған-ұсталмағаны жөнінде түрлі ақпарат тарап жатыр. Ресейлік "РИА Новости" Атамбаевтың жақтастарына сілтеме жасап, арнайы жасақ шабуыл кезінде экс-президентті ұстағанын хабарлады. Қырғызстандағы "Апрель" арнасы да арнайы жасақ Атамбаевты ұстап, белгісіз жаққа әкеткенін хабарлады.

Алайда Атамбаевтың кеңесшісі Фарид Ниязов бұрынғы президенттің әлі үйінде екенін мәлімдеді.

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуінше, операция әлі жалғасып жатыр.

Атамбаевқа қызмет бабын асыра пайдаланды, жемқорлыққа жол берді тәрізді бес айып тағылған. Бұған дейін Қырғызстан парламенті Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Ал ішкі істер министрлігі оны бірнеше мәрте тергеуге жауап беруге шақырған. Бірақ Атамбаев тергеуге жауап беруге бармады.

Фото: Мирбек Айтикеевтің видеосынан алынған стоп-кадр



Мақала авторы:

Елнұр Бақытқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.