Қытайдан келген ақын-жазушылар іштей бөлініп жүреді

Нұрбек Кеңесбай - 08.08.20194299

Осы «оралман» деген сөз шықса оралғаныма өкінем демеймін, бірақ өзім оралман екенімді білдірмегім келмейтіндердің қатарындамын. Оралман деген әсілі дұрыс атау, себебі, бұл сөзден: тарихи отанына оралды, ескі өрісін, қазық қаққан жерін қайта тапты деген мағына шықпай ма? Ал көп жағдайда осы сөздің эмоциионалдық мәні басқаша бейнеленеді. Қалай дейсіз ғой, тіліміз жеткенше, көзімізбен көріп, көңілімізге түйгеніміз бойынша біраз cөйлеп көрелік...
«Оралман - жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтары» деген мәнге ие екен. Ал 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының “Халықтың көші-қоны туралы” заңының 1-ші бабына сәйкес, оралмандар дегеніміз - Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шетінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстанға тұрақты тұру мақсатымен келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар делінген екен.
Оралман десе көп санды жергілікті халықтың көз алдына бума-бума қағаз құшақтаған, жымырайған шәкпі, сөкінәдан тігілген кастюм киген, болмаса мотоциклге бір әйел екі баласын мінгестіріп, аудандық, облыстық көші-қон бөлімшелерін маңайлап жүрген, бір ауыз орысша қақпаса да, шаруасын бітіру үшін шаршауды білмейтін, шенділерге пара бергеннен гөрі бара беруді жөн көретін қарапайым қазақтар елестеуі мүмкін. Немесе «ш» сөзін «ч» деп айтып, сүтті шайды тұзбен ішетін қазақтар елестеуі де мүмкін. Қалай деген күннің өзінде де оралманның ішер ас, киер киім, жүріс-тұрысынан олардың аңғалдығы, қарапайымдығы аңқып тұрады. Біз сөзбен айтқанда, тұр-тұлғасының өзі «мен оралманмын» деп айқайлайды.
Ал үкімет орындары «оралман» деген сөзге «ағайын» деген сыпайы бір сөзі қосты да «оралман ағайын» деген жап-жаңа, мәдениетті атау жасап алды. «Оралмандар» дегеннен гөрі «оралман ағайындар» деген сөз шынымен де жылы қабылданады. Міне осыдан «оралман» сөзінің қоғамдық рөлі, этикалық мәні шыға келеді.
Қазір жергілікті қазақтар мен оралмандар арасында көптеген ұқсамастықтар бар.
Бірінші, оралман ағайындар мен жергілікті қазақтар ара тұрмыстық тұтыну, әдет-ғұрып жақтарында ұқсамастықтар көп. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оралман ағайындар шайды тұзбен ішсе, жергілікті қазақтар шекермен ішеді; ораза айт немесе құрбан айттарда оралман ағайындар сүннет бойынша қырық үй айттамаса да, өз төңірегіндегі оралман отбасылардың үйіне айтшылап бармай қоймайды, тұрғылықты қазақтар өздерінің туыс-туғаның, дос жаранының үйіне барса барар, көбінде өзге бір танысының үйіне бас сұға бермейді; оралмандарда соғым басына шақыру дейтін ғұрып әлі жалғасын тауып келеді, байырғы тұрғындар соғым сойса сояр-ау, бірақ олардың арасында «сыбағаңды жеп кет», «саған қойған бір шекем бар еді», «жамбасыңды қашан жейсің» деген әдемі тіркестер көп айтыла бермейді. Табақ тарту дәстүрін орекеңдер әлі ұмыта қойған жоқ, ал асқа берген баталары т.б. баталарын кәдімгі бата дерсің, ал жергілікті шалдар “Ал онда” деп қолын жайғанда, тост айтып отырғандай сезіледі де, соңын “деп алып қоялық” деп жібермесе екен деп тұрасың.
Екінші, киім кию, сөз сөйлеу мәдениеттері ұқсамайды.
Қытайдан көшіп келгеніне көп уақыт бола қоймаған қазақтар тойға кастюм киіп бара қоюы екіталай, ал қоныс аударғанына төрт те бес жыл болған орекеңдердің жасы ұлғайғандары да сыртқа шығарда бойларын түзей бастайды. Ал жастары бір жыл ішінде киім үлгісін өзгертіп, “мерсінилерше” (местный) киініп, “мерсінилерше” сөйлей бастайды. Ең қызығы сөйлеу мәнерінде жатыр. Жасы үлкен кісілер ғой тұрмыстағы отбасылық техника атауларын қытайда қалай атаса, осы жақтада солай атай береді. Айталық, телевизорды қытайда (қытай тілінің атауы бойынша) диянши десе, пульті яукүң деп атап жүре береді. Ешкім де олардың нағыз қазақи баламасын атамайды, (мысалы телевизорды көкжәшік, пульті меңгергіш) дегендей.
Ал оралман ағайындардың жастар жағы ортаға үйренісе бастаған кезден бастап, «проста» (просто), «сразу», «канкретна», «дауай» (давай), «глабыни» (главный), «карашо» (короче), «сымелла» (смело), «гарантия бересің ба?» (гарантии), «сотка», «сапшене» (сообщение), «идіниса» (единица), т.б. “мерсінише” сөзді үйреніп ала қояды. Ал «жатсай», «шешінсей», «ашсай», «отырсай», «тұрсай», «ұрсай», «итерсей», т.с.с. етістіктерді шекара маңына таяй берген де-ақ сөйлей бастайды. Ал Қазақстанға бір-ақ рет келіп, қайта қытайға өткен жастардың сөз мәнерінің шорт өзгергеніне, ондағы атасы да әжесі де аң-таң болуы мүмкін... Жиын-тойда, дос-жарандар ара бас қосуларда өзінің Қазақстанға барғанын айтқысы кеп, «аха», «кәнешіна» деген сөздерін қосып жібереді, қысқасы, өздерінің Қазақстанды да көргенін паш еткілері келіп тұрады.
Cондай-ақ, жаңадан келген оралман ағайын мен жергілікті бір қазақ ұзақ сойлесе алмауы мүмкін, орекең бір ауыз сөзін бірнеше тоқталып, арасына қытайша бірер атау қосып жіберіп ойын әрең жеткізгендей болса, жергілікті ағайын сөзінің ритімін тездетіп, екі ауыз сөйлемге үш-төрт ауыз орысша сөз қосып жіберіп, орекеңді састырады. Мысалы, кеше ғана келген оралманға: «ЦОН-ға барып адресни справка алып кел» деп көріңізші, ол адам сол майданда тілмаш іздеп кетуі мүмкін. Сосын орекеңдерге бір сөзі бірер рет қайталамасаң тән емес.
Үшінші, қарым-қатынас жағындағы айырмашылықтар да көп.
Көшіп келгеніне ұзақ жыл болған оралмандар ғой жергілікті тұрғындармен тіл табысып, барыс-келіс жасап тұрады. Ал бір ауылға бірнеше отбасы болып келген оралман ағайындар мен жергілікті тұрғындар тез арада араласа қоймайды. Тұрақты жұмысы бар, үлкен жерлерде қызметте тұрған кісілер ғой жергілікті тұрғындармен өзара сіңісіп, бала-шағаларымен қоса тіл табысып кетті. Ал оралмандар көп шоғырланған жерлерде жергілікті қазақтармен түс шайысып қалу дейтін мәселе болып тұрады. Әгәраки түс шайысып қалса, «қаңғыбас оралман», «қытай», «қашқын» деген сөздер қарша борайды. Әуелі Қазақстанда туылған інісі, қытайда туылған ағасын: «Үй, қытай», - деп балағаттапты дейтін аңызға бергісіз деректер де бар бізде.
Қытайдағы мал-мүлік, қора-жайды сатып, осында біраз ақшамен келген орекең сәулетті үй, сырқыраған машина міне қойса, жергілікті тұрғындардың іші ыстықтауы мұнда тұрған жағдай. Оған енді, көшіп келгені үшін Қазақстан тарапынан берілетін көмек қаражат және жол шығынын өтеу мақсатында берілетін ақшаны қосыңыз, ауылда онсыз да жұмыссыз жүрген жергілікті қазақтың бүйректен сирақ шығаруына жеткілікті себеп болмай қайтсін. Осының соңы, жеңілі - шөбін өртеу, ауыры - өлтіріп айдалаға көміп кетуге апарып соғады... Ал орекеңдер де жергілікті тұрғындармен тезірек тіл табысып кету жағын көп ойламай, өздері бөлектеніп, малын бөлек жайып, итін көкке қаратып үргізеді.
Ауыл қыстақтағы дәл осы бөлектену мәселесі жоғары жақта да, ашып айтсақ, мәдениет, әдебиет төңірегінде де айқын көрініс тауып жүр. Айталық, қытайдан келгендер өз ішінен керей ақын-жазушылары бір бөлек, қызайы бір бөлек, албаны бір бөлек болып, сыртқа ұрандамаса да іштей бөлініп алушылық жоқ емес. Ал ұлы адамдарды, жазушыларды руға бөліп алып мақтау немесе даттау жағы, арғы бет пен бергі беттегі күллі қазаққа ортақ дерт. Ол әрине айқай-аттансыз, бірақ сырт көзге бірден шалынатын жымысқы әрекет. «Бабамыз пәленге арналған мүшәйрада, пәлен рудың пәленшесіне де жүлде бердік ғой» деген «кең қолтықтардың» сөзін де естімей жүрген жоқпыз.
Жаптым жала, жақтым күйенің қамытын мойнымыздан сыпырып тастап, Қазақстанға келуші оралмандардың «ішкі есебімен» де санасып көрсек дейміз... Осыдан бірнеше жыл бұрын оралмандарға берілетін квота бір жола тоқтатылған еді. Оның ең басты себебі шенеуніктердің сол ақшаны жеп қоюы деп ел болып шуластық. Ия, кінарат тек бір жақтылы емес ғой, қытайда қоңырқалта тірлігі бар кейбір пысықтар сол квота беріліп жатыр дегенді ести сала “бала-шағасының санын көбейтіп”, Қазақстанға келе салып, сол қаражат қалтасына түскесін, қытайға тайып тұрды деген де қауесет бар, бұл да шын әңгіме. Олар ғой бала-шағамның ертеңі үшін дегендер емес. Ақша тиді ма болды деген қызыл көздер.
Ал енді бір топ, қытайдағы жоспарлы туыттың салдарынан, үшінші қызы Ұлболсын немесе Ұлтуарын ертіп, тек қана ұл сүю үшін келгендер дер едік. Осы топтағылардың үшінші баласы ұл боп қалса, олардың келуі екіталай еді... Себебі, ондағы жағдайы жақсы, тұрмысы елден қаларлық күйде емес. Десе де, ауылды жерлерде екі баладан кейін рұқсат етілмейтіндіктен Қазақстанға келіп ұл туу керек болды. Қазақ кедей болса болар, ұлсыз болмауы керек ғой? Енді бір топ бар, олар - ел аман, жұрт тынышта қытайдың пиғылын ертерек сезіп, ұрпақ қамы үшін, ата-бабасының жатқан жерінен тым болмаса топырақ бұйырсын деп, қытайдағы ырғын байлықты тастап, шын пейілімен атажұртым деп келгендер.
Десе де 2017 жылдан бері қарайғы қытай тарапынан жасалған қысымнан кейін, ондағы көп қазақ “Қазақстаншыл” болып кеткенін жасырып қайтейік. Олардың кейбіреуі әне-міне кетеміз деп жүргендер де болуы мүмкін. Қытай түрмесіне тоғытылып, азапты күн көргеннен гөрі, Қазақстанда орыстың болкасына калбаса қосып жегенді артық санайтындар көбейді.
Бұрын бірер рет Қазақстанға келіп, өздері уақытша тіркеуге тұрмай, Қазақстан шекарасына біраз айыппұл төлеп немесе шекара күзетшілеріне “көрімдік” бермегені үшін аздап тоналып қалып, қытайға өте салып Қазақстанды жамандайтын дүмшелердің де ауызы жабылған сыңайлы. Қазақстан өзі жетісіп тұрмаса да келгендерді кет дей қоймас... Қытай да «Қазақстаның тұрғанда кетіп ал, кетпесең бізбен бірге тарақан жеп, шошқа бағасың» деп тұрғандай.
Жылы-жұмсаққа әбден үйреніп, едәуір жалақы алатын адамдардың өзі енді-енді оянғандай, ұрпағының таза қазақ болып қалуының бірден бір шығар жолы, жағдайсыз болса да Қазақстанға келу керек екенін енді түсінді. Ия, әлі де кеш емес, қытай қайта босаңсыды, келулеріне жол аша бастады. Енді қай-қайсысы болса да, “ата жұртын аңсап” келеді.
Ал қазір Павлодар мен Петропавл облысы солтүстікке жұмыс күшін топтау мақсатында ішкі және сыртқы көші-қон бойынша тұрғындарды қабылдап жатыр, жері мен адамдары суық демесең, мемлекеттік бағдарламаның арқасында әжептәуір ақша бөліп, аз да болса жағдайларын жасап жатыр. Өз басым да осы тиімділікті толық пайдаланып, суық өңірге қоныс аударған оралманмын. «Қытайдағы біздің тұрған жер бұдан да суық» деп қойып, маусымда мақталы шапан киіп алып жүріп жатырмыз. Мен сияқты қанша оралман бар осы жақта, кейде құжаттарын бітіре алмай, орыстілді шала қазақтарға ойын жеткізе алмай тұрған оралмандарды көріп жаным ашиды. «Оралмандардың 70%-ы сауатсыз» деген уәж осындайдан айтылса керек. Оған енді үстіне ілінген жұпыны киімдерін кие салып жүре беретін сыртқы имиджді қосыңыз. Ал өз басым, қысты күні қалың киіммен жиын залына кіріп бара жатқан оралманға, ауданымыздың білдей бір қызметкері: «Курткаңды шешсейші, сиыр қораға кіріп бара жатқан жоқсың», - деп “мәдениеттік танытқанын” көзіммен көріп, құлағыммен естігем. Жыным түсіп, сол оралман үшін “ана кісінің” жағасынан ала түскім келгенімен, жылы жиын залына сырт киімсіз кіруге де болатынын ойлап, өзімді ұстап қалғанмын...
«Қошқар мен теке» дейтін мультфильмде текенің: «Мал десең өзіңе тиеді» дейтін сөзі бар ғой, сол сияқты кей жағдайда оралман деп айтсаң өзіңе тиеді. Кейбір кісілердің оралман екені түрінен шығып тұрса да, “мерсіниміз” дегілері келеді. Оларға оралман екені білініп қалмау керек. Сонда не үшін деймін да? Оралманмын десең ол сені соттап жібере ме, жоқ әлде көлігіне отырғызбай немесе дәмханасынан тамақ бермей қоя ма? Мәселенің бір ұшы қайда жатыр? Ол әрине, жергілікті тұрғындардың оралмандарға деген теріс пиғылынан туып отыр. «Біз аштықтан қырылып, орысқа жем боп жатқанда, сендер жан сауғалап қытайға қашып кеткенсіңдер, қашқынсыңдар т.б.» шетқақпайлықтан шыққан әңгіме, осыны көп естіген орекеңдер кәнешінә оралман болғысы келмейді.
Қытайда жап-жақсы шаруасы бар кейбір адамдар осында келіп тоз-тозы шықты дер едім. Әсіресе қытайда тұрақты жұмысы бар, бір отбасындағы екеуі айына 10 -12 мың юань (500 де 600 мың теңгедей) айлық алатын кісілердің, осында келіп жалдамалы жұмыс істеп нәпақа тауып жүргенін көргенде сайсүйегім сырқырайды. Бір ойдан нағыз ақымақсыңдар дегім келгенімен, ҰРПАҚ ҚАМЫ деген жалғыз мақсатының бар екенін сезгенде амалсыз елжірейсің...
Ал таяуда келген, әлі келетін орекеңдер мейлі не мақсатпен келсін, оларда енді кері қайту деген жоқ. Өлсе Қазақстанның шұңқырында, өнсе төбесінде қалатындар. Сондықтан, жетпіс жылдық адасу араға салған кірбеңдікті енді жою керек деп ойлаймыз.
Біз жоғарыда көпке топырақ шашып, барлық оралманды немесе барлық жергілікті қазақты бір шыбықпен айдаған жоқпыз. Топқа бөлдік, жіктеп отырып айтуға тырыстық. «Бір биеден ала да туады, құла да туады» демей ме қазақ, сондықтан көргеніміз бен түйсінгеніміз бойынша зер салуға тырыстық. «Платон менің досым, бірақ ақиқат одан да қымбат» дейтін принцип бойынша айтсақ та, бір жақты артық, бір жақты кем айтудан барынша аулақ бола отырып зерттедік. Айтпақшы болған ақиқатымыз – оралман бөтенің емес, өзі болмаса да бабасының табаны осынау топыраққа тиген. Ал жергілікті қазақ жауың емес, қалауын тапсаң қар да жанбай ма, тамырын баса білсең, ол сенің қормалың, қорғаның болуы тиіс.
Қазіргі Қазақстан - ел ішіндегі бұра тартулар мен үй ішінен үй тігуді көтере алмайтын халде. Себебі бізде оралмандардан басқа да істейтін тірліктер көп... Ала қойды бөле қырқып, жүнінен киіз басуды көксейтін мысық тілеулестердің арбауынан қашан да сақ болған жөн.
Бір қуанарлық жағдай, соңғы он жыл көлемінде Қазақстанға оқу іздеп келген қазақ жастары көбеюде, көбісі этникалық қазақтарға арналған грантпен оқуға түсіп, қалаған мамандығы бойынша диплом алып жатыр. Олардың көп сандысы осы елдің бірегейлігі үшін, тұтастығы үшін от пен суға түсуге дайын.
Қазірше біздің айтар осы, термелей берсек теңіз астынан тебен іздегендей болармыз, сөз осымен тәмәм.




Мақала авторы:

Нұрбек Кеңесбай

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Марат Сапарбеков 14 Тамыз, 2019

Мен осы мақала бойынша айтайын дегенім төмендегідей: 1.Оралман болып келген сон бас иіп жүру керек.Орысша айтқанда "со свойм уставом в чужой двор не ходят" дегендей.Еліміз оралмандар үшін жағдай жасады ма, жасады. Енді елге келіп мінез көрсетпей ақ қойсын 2.Мүмкін айтқаным ерсі шығар бірақ 1991 жылғы тәуелсіздік алғанға дейін тұрған халық еліміз тәуеғлсіздік алуға және көрейуіне оралмандардан көп еңбек сіңірді. 3.Орысша айтқанда репатрианты елге 40 жыл еңбек еткен соң назын айтуға болады деп ойлаймын

Жауап беру

Kiyabayev Serik 08 Тамыз, 2019

Өте ақылды Азамат екен. Тек қана екі нәрсені ескеру керек. Біріншісі ұлт пен ұлттық мемлекеттің шекаралары сирек сәйкес келеді. Мысалы, немістер Австрияда, Швейцарияда және Германияда тұрған. Ал қазір немістер деп Германия азаматтарын ғана айтады, ол түрік болсын, мейлі афроеуропалық болсын. Қалғандары австриялық, немесе швейцариялықтар. Мысалы, Шварцнеггер түбі неміс, шыққан жері австрия, қазір американ. Немесе Зидан - француз. Өзіңіз байқағандай Қытайда қалған қандастарымызды да осы тағдыр күтіп тұрған сияқты, олар табысты болып, мансапқа жету үшін балаларын қытай тілінде оқытады. Әрине, олар кейін жақсы тұрады, мүмкін бақытты болар, бірақ қытай ретінде. Ұлттық белгі жоғалады. Бұл баяғыдан солай. Қанша көк түрік қытайланып кетті, оңтүстігіне қарағанда солтүстік қытайдың бізге түр ұқсастығы осыдан болса керек. Мемлекет қандай, түбі ұлт та сондай болады. Біз де советтік болып кете жаздағанымыз осы себептен. Екі - үш ұрпақтан кейін қазақтығымыздан айрылып қалар ма едік... Екіншіден, немесе есесіне Қазақстанда тұратындар түбі қазаққа айналады. Бүкіл әлемде солай. Мысалы, Пеле бразилиялық, Марадонна аргентин, олар потугал, немесе испан емес. Тек бізге уақыт керек. Осы себепті сіздер әзірге қытайсыздар, ұрпақтарыңыз қазаққа айналады. Израильге 80 жылдардың аяқ кезінде кетіп бара жатқан Володя деген досым айтып еді: - Білем, мен онда бөтен болам, бірақ ұрпағым үшін бара жатырмын, - деп еді. Ауылымызда 90 - жылдардың басында мынандай әңгіме болыпты. Бір күні моңғолдан келген қазақ ауыл азаматтарын жинап, әңгіме бастапты: - Біз еліміз деп, жеріміз деп, қазағымыз деп келдік, ал сендер бізді моңғол дейсіңдер. Бұл қалай? Әсағаң марқұм, сол кезде физика пәнінің абыройлы мұғалімі мырс етіп күліпті дейді екен: - Біз Қытайдан келгелі 40 жыл болды, әлі Қытай болып жүрміз. Асықпаңдар, үлгересіңдер! Мүмкін нағыз ежелгі қазаққа сіздер көп ұқсас шығарсыздар, бірақ қазақ деп айтатын біздерміз, Бауыржан, Төлеген, Талғат, Күлаш, Бибигүл, Қасым, Мұқағали мен Димаш сияқты миллиондаған азаматтарымыз тарихтың ішінен ойып отырып, қазаққа орын алып берді. Білген қазаққа Бауыржан Мәскеуді ғана қорғаған жоқ, ол қазақтың тәуелсіздігін де қорғады, қазаққа тиіспек болған қызылкөздер алдымен Бауыржан мен Қасымдарды ойлады, әлі де ойлайды. Тағы бір әңгіме айтайын. Сашка деген тыныс орыс елім деп Омбыға барып, жарты жылдан кейін қайтіп келді: - Да ну, оларды. Қазағым артық. "Қазақ" деп мазақтайды (обзывается). Ең қорлығы (самый обидный) Омбыдағы қазақтар мені қазақ деп обзывается, - дейді. Болған оқиға. Сіздер әзірге бөлініп, білініп тұрасыздар: тілдерің де, басқа заңмен өмір сүргендерің де, ідет - ғұрыптарың да. Әрине, Ресейде жақсы болса, онда Ресейдің орысы, қазағы мен татарына жақсы, біздің орысқа қатысы жоқ, сол сияқты біздің ел жақсы болса, оның да Ресей қазағына қатысы жоқ. Әрине, біз өз елімізде Қазақстанда тұрдық, шынын айту керек, елдің көбі боданбыз деп ойлаған да емес. Елұранымыз тәуелсіздіктен 30 жыл бұрын жазылып қойылған, елбасымыз тәуелсіздіктен 10 жыл бұрын да ел басқарған. Сөз соңында бір жәйтті айтайын: Қазақ елі туралы жазылған өлеңдердің ең кереметі, құдіреттісі көзге жас келтіретін "Көк тудың желбірегені". Онда қандастарымыздың қасіреті мен арманы дәл берілген. Әнді тыңдап тұрғанда түркілер мен ноғайлардың ордалары, Қабанбайдың найзасы мен арманда кеткен Кенесарының соңғы демі, бәрі - бәрі көз алдыңа келеді... Осы өлеңнің жалғыз өзінен - ақ сіздердің Қазақ елін қаншама армағандарыңызды көруге болады. Отанға оралуларыңызбен!!!

Жауап беру

Нұрбек КЕҢЕСБАЙ 08 Тамыз, 2019

Кімдер не айтатынын алдын ала межелеп алғаным қандай жақсы болған, әйтпегенде өзіме ауыр алып алар едім. Мүмкін дәлел-дәйегіміз жеткіліксіз шығар, дегенмен де, сезінуіміз солай.

Жауап беру