Атамбаев: "Халыққа еш уақытта оқ атпаңдар!"

Елнұр Бақытқызы - 08.08.20194142

Тамыздың 7-сі күні кешке Кой-Ташта Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек АТАМБАЕВТЫ ұстау операциясы кезінде 52 адам жараланып, арнайы жасақтың бір сарбазы қаза тапты. Арнайы жасақ пен Атамбаевтың жақтастары арасындағы текетірес бірнеше сағатқа созылды, арнайы жасақ Атамбаевты ұстай алмаған күйі кері қайтты.

Кой-Таштағы оқиғадан кейін "Апрель" телеарнасы А.Атамбаевтың видеомәлімдемесін таратты.

" Мені ұстау операциясы кезінде жазықсыз адамдар зардап шекті. Өйткені мені ұстауға "Альфа" антитеррористік жасағы жіберілді. Біз ешқандай террорист емеспіз. Көп адам Кой-Таштағы үйге менімен суретке түсу үшін ғана келген. Ал арнайы жасақ резеңке оқпен ғана емес, әскери оқпен мұздай қаруланып келді. Адамдар арнайы жасақты ығыстырып шығарған соң, оларды басынан сипай қоймағаны түсінікті. Арнайы жасақ сарбаздарының арасында да зардап шеккендер бар... Билік халыққа оқ ататын жағдайға жетті. Бұл барып тұрған бассыздық. Билік Қырғызстан халқы біреудің айтағымен жүретін мал емес, қырғыздар үшін ар-намыс қымбат екенін ұмытпауы керек. Күштік құрылым өкілдеріне айтарым, еш уақытта халыққа оқ атпаңдар. Оның арты жақсы болмайды", ­– деді Атамбаев видеомәлімдемеде.

Сондай-ақ бүгін, тамыздың 8-і күні А.Атамбаев Кой-Таштағы жақтастарының алдына шығып мәлімдеме жасады. Экс-президент текетірес кезінде арнайы жасақ сарбаздары кепілге алынғанын растап, оларды босатуды ұсынды. Атамбаев қанша сарбаздың кепілге алынғанын ашып айтпады, бірақ қырғызстандық ақпарат құралдарының мәліметінше, кемінде 6 сарбаз кепілге алынған.

"Кепілге алынғандардың арасында ауыр жараланғандар болды, оларды бірден қалаға жөнелттік. Осында қалғандарды да қалаға жіберу керек. Олар да біреудің балалары", ­– деді Атамбаев.

Атамбаев өзі мен жақтастары 8 тамыздан бастап парламент пен президент әкімшілігінің алдында мерзімсіз наразылық акциясын бастайтынын мәлімдеді.

Қырғызстан президенті Сооронбай ЖЭЭНБЕКОВ арнайы жасаққа қарсылық көрсеткен Атамбаев ел конституциясы мен заңдарын аяқасты еткенін мәлімдеді.

Қырғызстанның бас прокуратурасы Кой-Таштағы оқиғадан кейін "жаппай тәртіпіздік" және "бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Атамбаевқа қызмет бабын асыра пайдаланды, жемқорлыққа жол берді тәрізді бес айып тағылған. Бұған дейін Қырғызстан парламенті Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Ал ішкі істер министрлігі оны бірнеше мәрте тергеуге жауап беруге шақырған. Алайда Атамбаев тергеуге жауап беруге бармады.

 

Мақала авторы:

Елнұр Бақытқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.