Апатты үйде тұрып жатқан қарағандылықтар

Арай Сатыбалдықызы - 08.08.20191261

Қарағанды қаласы  Мұстафин көшесіндегі 3-үйдің шатырына қатысты жағдай бүгінде ушығып тұр. Бұл үйдің тұрғындары «плиталық төбе жабыны құлап кете ме?» деп қорқынышпен өмір сүруде. Тұрғын үйдің төбесінен судың тоқтаусыз ағып келе жатқанына екі жылдың жүзі болған. Былтырғы жылы арнайы мамандар тексерген соң бесінші қабаттағы 80-пәтер апатты жағдайда деп танылған.Бұл пәтер Қарағанды қаласы тұрғын үй қатынастар бөліміне тиесілі екен. Пәтерде әкімшіліктің рұқсатымен бір отбасы тұрып жатыр. Жаздың жауынды күндері және көктемде қар ерігенде бесінші қабаттағы пәтерлерден бастап аққан су бірінші қабатқа дейін жетіп, тұрғындарды әлекке салып келеді. Осыдан бір жыл бұрын  қалалық әкімшілік мамандары жоғарғы қабаттың тұрғындарына  үйге жөндеу жұмыстары жасалғанша, уақытша  басқа баспанаға шығуларын көндіріп қолхат алып алған. Жасалған сараптама  үйдің төбесіндегі плита жабыны дұрыс бекітілмей  қисайғандықтан, мұнда тұру қауіпті  деген шешімге келген болатын. 
«Әкімшілік жөндеу жұмыстарын жасаймыз деп уәде берген болатын.Уақытша тұруға пәтерлер берілген жоқ, әрі жөндеуде жасалмай жатыр. Шенеуніктер болса бюджетте бұл үйге бөлінетін ақша жоқ дейді. Не деген әділетсіздік. Ержанов көшесіндегі үйдің төбесі төмендей бастап еді, оны әкімдіктегілер бірден жөндетіп берді. Ал біз екі жыл бойы шағым айтып, зар қақсап келеміз», - деп қынжылады Мұстафин көшесіндегі үшінші үйдің пәтер иелері кооперативінің төрайымы Оксана Николаенко.
Тұрғын үйдің жоғарғы қабатындағы пәтердің апатты жағдайға түсуіне 1963 жылы құрылыс жұмыстарын салу барысында қателікті жіберіп алуы себеп болған.  Пәтер иелері кооперативінің төрайымы Оксана Николаенконың пайымдауынша үй төбесіндегі плита жабындысы төмендей бастаған. Оның есебінше сәуірде үйдің плитасы 30 см-ге төмендесе, қазір 40 см түсіп кеткен. «Осы 80-пәтердің төбесі құласа бұл панельді үй болғандықтан барлығы құлап қалады», деп тұрғындар үреймен күн кешуде. Бір жыл бұрын жалдамалы пәтерге кеткен тұрғындар бүгінде қайтадан баспаналарына қайтып келген. Өйткені жұрт пәтер жалдап бір шығындалса,өз үйлерінің коммуналдық ақысын төлеп тағы шығынға ұрынған. Тұрғындардың айтуынша  билікктегі ақ жағалылар екі жыл бойы үйдің төбесін жөндейміз деп уәде бергенмен «ақша жоқ» деп қол қусырып келген. 
Қарағанды қаласының тұрғын үй қатынастар бөлімінің мамандары енді ғана бұл мәселені шешуге кірісеміз деп отыр.
«Мұстафин көшесіндегі  3-үй 80-пәтер Қарағанды қаласы тұрғын үй қатынастар бөлімінің меншігі болып саналады. Қазіргі уақытта  Қарағанды қаласынан үйдің жөндеу жұмыстарына  қаражат бөлінді. Енді тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жасау қолға алынады», - деп мәлімдеді Қарағанды қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі бастығының орынбасары Әсет Алдабергенов.

Тұрғын үйдің төбесіндегі плита жабындысын жөндеп, үйді  сақтап қалуға 4 миллион 700 мың теңге бюджеттен қаражат бөлінген. Шенеуніктер құжаттарды рәсімдеу жұмыстарына бірер айдың кететінін айтып отыр. Ал тұрғындар болса осы уақыт аралығында «үйдің төбесі  ортасына түспесе  жақсы»  деген үреймен отыр.


Фото автордікі 

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.