«Ерік Құрманғалиев туралы шындық әлі де айтылады...»

Құралай Қуат - 11.08.20195880

Биыл тірі болса талантты әнші Ерік ҚҰРМАНҒАЛИЕВ 60 жасқа толар еді. 1998 жылы АҚШ-тың Бостан қаласындағы музыкалық фестивальде баспасөз біткен ол туралы феномен деп жазды. Соңғы жылдары ғаламат әнші жайлы зерттеп жүрген белгілі ақын Маржан ЕРШУМЕН "Жас АЛАШ" тілшісі сұхбат өткізген еді. Соны ұсынамыз. 

– Маржан, биыл сирек дауысты әнші Ерік Құрманғалиевтың туғанына 60 жыл толады. Оқырмандарымызға Ерік Құрманғалиевтың туған топырағы, өскен ортасы туралы толығырақ айта кетсең?

– Ерік Құрманғалиев 1959 жылы 31 желтоқсанда Атырау облысының Жылыой ауданында, Құлсары қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі Сәлім Құрманғалиұлы Құрманғалиев – хирург, Ақтөбенің жігіті болса, анасы Меруерт Зинешқызы Сауықова – бала дәрігері, Атыраудың қызы. Олар Алматы медициналық институтын тәмамдағаннан кейін, сол кездегі дәстүр бойынша жолдамамен Құлсары аудандық ауруханасына жұмысқа келген. Ерікті Атырау мен Ақтөбенің ортақ перзенті десек те жарасар. Себебі, оның көп туысқандары Ақтөбе жақта. Өзі Құлсарыда дүниеге келген соң , құрметі шығар, әйгілі әнші сұхбаттарында «мен құлсарылықпын, туған жерімді сүйем» деп көп айтады екен. Құрманғалиевтар отбасы Құлсарыда көп уақыт тұрмаған. Ерік Құлсарыда туды, бірақ Атырау қаласындағы №17 (бұрынғы Киров атындағы) мектепте оқыған. Жазғы каникул кездерінде Махамбет ауданы орталығында тұратын нағашы ата-әжесіне қонаққа барып тұрған. Еріктің нағашы атасы Зинеш Сауықов ел ішінде беделді адам болыпты. Махамбет ауданында колхоз, совхоз басқарған. Соғысқа қатысқан майдангер. Ерік кішкентайында қой бағып, қоңырау тағып, сиыр бағып, сидаң қағып, түйе бағып, түйме таққан малсақ бала болмаған. Әйтсе де, қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігі оны қызықтырды. Қазақ тілінде жетік сөйлеуіне әсер етті.

Ерік Құрманғалиевтың ата-бабасы туралы қандай дерегің бар?

–Ерік Құрманғалиевтың ата-бабалары Ақтөбе облысының Мұғаджар ауданы аймағын қоныс еткен. Әлімнің Шекті деген тарауынан тарайды. Шектіден – Назар – Кенегес – Танас – Жаманша – Боранқұл – Құрманғали – Сәлім – Ерік тарайды. «Талант сүйекке бітеді» дейді халық даналығы. Еріктің ата-бабалары сөзге шешен, би адамдар болған екен. Құрманғалиевтар әулетінің қан туыстығы жағынан тіл білімі саласындағы тұңғыш қазақ профессоры, түркітанушы -ғалым Құдайберген Қуанұлы Жұбанов, қазақ жерінде тұңғыш рет оркестр құрып, дирижерлік еткен белгілі композитор, академик, музыка зерттеушісі Ахмет Қуанұлы Жұбановтармен жақын туыстығы бар. Еріктің кәрі нағашы жұрты әйгілі Жұбановтар әулеті болып келеді.

– Әйгілі әншінің өнер жолы қалай басталған?

– Ерік Подольск хореография училищесінде бір жарым жыл оқиды. Бір күні Еріктің салған әнін естіген бір ұстазы қайран қалады. Ол ұстазы – әлемдік музыка саласында үлкен беделі бар әйгілі музыка маманы, еврей ұлтынан шыққан профессор әйел Н.Л.Дорлиактың шәкірті екен. Сол кісі «Мұнда ғажап дауысты қазақ баласы оқып жүр» деп Дорлиакка айтады. Құбылыс таланттарды көргенде жүрегі елжірейтін атақты Дорлиак Гнесиндер институтына Ерік Құрманғалиевты қабылдау жөнінде өтініш-хат жазған. Мықты мастер Дорлиак Ерікті қанатының астына алады. Сөйтіп, Дорлиактың арқасында Ерік Құрманғалиевтың таланты төрткүл әлемге жайылған еді!

Еріктің жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазы, профессор Н.Л.Дорлиак көп еңбек сіңірді. Н.Л.Дорлиак Еріктің өнердегі ұстазы ғана емес, оған анасындай қамқорлық танытқан аяулы жан. Ол кісі өзі қаражат тауып, ән нотасын жаздыртып, сахналық костюмін дайындатып, Ерікті талай рет шетелге конкурстарға алып барған. Ерік ұстазы, профессор Н.Дорлиак жетектеп апарған алғашқы конкурста, 1987 жылы Хертогенбошеде (Нидерландия) өткен жас орындаушылардың халықаралық конкурсында топ жарып, лауреат атанады. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннесс кітабына енеді және оны атын аңызға айналған итальяндық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді. Ф.Барбьиери 1940 жылы алғаш рет Италияның опера сахнасына шығып, ғажайып (меццо-сопрано-контральто) дауысымен миллиондаған халықтың жүрегін жаулап алып, бірден өнердегі табыстың шырқау биігіне көтеріледі. Ерік те табыстың шыңына тез көтерілген.


– Аты аңызға айналған әншінің өмірі ғана емес, қазасы, жерленуі туралы да алыпқашпа сөз көп. Осы туралы не айтасыз?

– Ерік Құрманғалиев өмірінің, өнерінің жұлдызды шақтарын елінен жырақта, Мәскеуде өткізді. Мәскеу оның талантына, болашағына жарқын жол сілтеген қасиетті мекен болды. Мәскеуде жүріп есімдері елге белгілі мықты мамандардан білім алды, тәрбие мектебін көрді. Оның өмірде тек жасыл жарық жанып тұрмағаны анық. Дағдарысты да басынан өткерді. Қиналды да.

2007 жылы 16 қазанда Мәскеу қаласының ауруханасына бауыры ауырып түскен әнші 13 қарашада 47 жасында жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Кісі табанынан, қарағай тамырынан кетеді. Туған жерге тамырын жая алмаған есіл талант өзі еріксіз тап болған қоғамнан да өзекке тебер соққы жеп, шуылдақ тобырдың қақпақылына жем болып кете барды...

Еріктің өнерін өмірде өте жоғары құрметтеген атақты кутюрье Пьер Карден ол өлгенде де азаматтық танытты. Парижден Мәскеуге ұшып келіп, Ерікті жерлеу туралы мәселемен мэр Лужковқа шығады. Ресейдің атақты адамдары жатқан зиратта орын болмағандықтан, жерлер алдын ала сатылып қойылған екен. Содан Пьер Карден мәскеулік эмигранттарға іздеу салып, Нечаева деген атақты актрисаның Швейцарияда тұратын миллиардер ұлын табады. Ол Карденге «Маған Парижден молама орын берсең, айырбас жасаймын» деп келісім-шарт жасасып, келісіпті. Бұл жерде адамды мүрдесін өртеп, күлін қояды екен. Ерік те солай қойылды.

– Ерікпен етене араласып, дос болған отандық өнер шеберлерінің пікірлері қандай екен?

– Ерік Құрманғалиевты кімдер таниды, кімдер жақсы араласқан деген сұрау салуым да, мені кері қарай итергендей болды. Әншімен қазақ ішінде жақын араласып, дос-сырлас болған өнер адамдары да жоқ екен. Ол Мәскеуде, шет елде жүрді ғой көбіне. Мүмкін, аралас-құралас жүруге уақыты болмаған шығар. Әйтсе де, танымал өнер иелерінің Ерік Құрманғалиевке деген ықыластары оң көрінді. Атақты әнші Майра Мұхамедқызы Мәскеуде өткен Халықаралық конкурсқа барғанында Еріктің репетицияларына келіп, моральдық қолдау білдіріп, ақыл-кеңес бергенін айтты. КСРО Халық әртісі, атақты әнші Роза Жаманова апамызбен өмірінің соңғы кездерінде кездесіп, Ерік жайлы естелік айтуын сұрағанымда, ол кісі сырқаттанып жүргенін тілге тиек етіп, «Ерік Құрманғалиев – ғажап талант!» деді бір ауыз сөзбен жайлап қана. «Ерік туралы айтыңыздар, жазыңыздар, бұл өте дұрыс!» дегеннен артық ештеңе айтпады.

– «Ерік Құрманғалиев» кітабыңда «атақты әншінің Алматыда тұратын апасы біраз деректер айтты» депсің.

– Мен Ерік Құрманғалиев туралы баспасөз бетінде біраз жылдан бері сөз қозғап келемін. Әйтеуір, «жіптің бір ұшы қолға іліне ме, Ерікті білетіндер бар ма?» деген тілек қой. Интернеттегі дереккөздері де бірсарынды. Содан бір күні Құлсарыда тұратын азамат Телжан Балжігітов хабарласты. Телжан Мәскеуге іссапарға барғанда, Еріктің зиратына барып, топырақ салып, мұсылманшылық ырымын жасапты. Ол маған Алматыда Ернар Ғаббасов атты музыкант досы тұратынын, ол кісі Еріктің Алматыда тұратын апасы Раиса Қуанқызы Құрманғалиевамен жақын араласатынын айтты, осылайша мен Еріктің әкесі Сәлімнің қарындасы Раиса Құрманғалиева апайдың отбасымен таныстым. Үлкен кісілер Ерікті ешкім іздемегеніне, жоқтаусыз қалғанына іштей ренішті сияқты. Басында ашылып сөйлемеді. Мені де онша қабылдай қоймаған сыңайлы.Тағы да келерсің, көрерміз деп шығарып салды. Мен оларға Ерік туралы жазған «Талант трагедиясы» атты көлемді мақалам жарияланған «Астана» журналын тастап кеткен едім. Тағы бірде Алматыға барғанымда, ол кісілер маған: «Сен Ерікті көрдің бе? Оның өмірінің қиын болғанын сен қайдан білесің? Мақалаңда тап білетін адамдай жазыпсың» деді. Мен Ерікті өмірімде көрмегенімді, тек түсіме енгенін, содан кейін Еріктің өмірін зерттей бастағанымды айттым. Мен ақындық интуицияға сенем. Менің ішкі түйсігім Еріктің тағдырын танытып, таразылап жатса, бұл менің ақындық табиғатымнан шығар деп ойлаймын. Ерік Құрманғалиевтың 60 жылдық мерейтойына орай , осы кітабымды деректермен толықтырып шығармақпын. Атырауда Ерік Құрманғалиевтың тұрған үйі бар, мерейтойына орай ескерткіш тақта қойылса жақсы болар еді деп ойлаймын. Туған жері Құлсарыда музыка мектебіне не мәдениет үйіне Еріктің атын берсе жарасатын сияқты. Күзде Атырауда Ерік Құрманғалиев атындағы халықаралық вокалистер конкурсы өтеді екен. Оны ұйымдастырып жатқан - «Ерік Құрманғалиев қоры».

«Ерік Құрманғалиев» қорын кімдер құрып жатыр? Туыстары ма?

–Жоқ, туысқандары емес. Оралдық өнер жанашырлары.

– Әңгімеңізге рахмет!

 «Музыкатану әлемінің Н.Л.Дорлиак, Александр Лаертский, Дмитрий Бертман, тағы да басқа белгілі өнер қайраткерлері «Дәл Еріктей ән салатын контратенор жоқ. Еріктің дауысы өте жоғары, жұмсақ дауыс. Оның дыбысында өн бойыңды сиқырлап, баурап алатын бір құдірет бар. Мұның сыры – табиғат берген ерекше дауысында, талантында» деп баға берген еді. Ерік – қазақтың маңдайына сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант. Көп болмаса да, концерттерге келіп, әндерін шырқап жүрді. Ол фонограммаға сеніп алған эстрада әншісі емес қой. Көбінесе шет елде гастрольде жүрді. Мен оны шет елде гастрольде жүргенімде көрдім. Талантын өте жоғары бағаладым. Мені де апалап, сыйлап тұратын. Өте қарапайым, биязы, мәдениеті жоғары адам болатын. Өзгелермен қалай сөйлесетінін білмеймін, менімен сөйлескенде дауысын төмендетіп, ақырын сөйлейтін. Мені құрметтегені болар деп ойлаймын. Бірге киноға да түстік. Әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға батады. Өйткені, ол санадан тез ұмытылып қалатын көп жұлдыздың бірі емес қой!

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, ҚР Халық әртісі

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Уразбекова Тыныш 12 Тамыз, 2019

Ерик Курмангалиев туралы интернеттен тауып окып едим бугинги макаланы окып Актобенин Мугалжар ауданынан жане Алим руынан екнин окып тан калдым себеби казирги Димаш баламызда сол жактан сол рудан кандай сайкестик пе алде сол жерден осындай ерекше адамдар омирге келеме екен кандай керемет Ерикти мойындамай ол кисинин шет жерде кайтыс болуы оте окиништи арине алтыннын колда барда кадири жок деген осы гой мен оз басым окып тек танданумен болдым ол жайлы кобирек билип айтылса жаксы болар еди

Жауап беру