Киев Путиннің аннексияланған Қырымға сапарлап баруын сынады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 12.08.2019550

Украина сыртқы істер министрлігі Ресей президенті Владимир Путиннің аннексияланған Қырымға сапарына наразылық білдіріп, мәлімдеме жасады.

Киев Путиннің сапарын Украина егемендігі мен аумақ тұтастығын "өрескел бұзу" деп атады. Министрлік мәлімдеуінше, "Ресей билігі мен билікшіл басылымдардың мұны мемлекет ішіндегі "кезекті сапар" етіп көрсетуі түкке тұрғысыз". Ведомствоның 11 тамызда жариялаған мәлімдемесінде Қырым Украинаның "бөлінбейтін бөлшегі" деп сипатталады.

10 тамызда Ресейдің мемлекеттік басылымдары Путиннің Қырымдағы Севастополь қаласында өткен байкерлер жиынына қатысқанын көрсеткен. Шараны кремльшіл "Ночные волки" клубы ұйымдастырып еді.

Путин Севастопольге Мәскеуде ондаған мың адам муниципалдық сайлаудың әділ өтуін талап етіп, наразылық білдірген тұста сапарлап барды. Еріктілер дерегінше, 300-ден аса адам ұсталған.

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған еді. Наурызда Ресей Қырымда "референдум" өткізіп, түбекті өз аумағына қосқан. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптамай, айыптаған.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.