Бір қойды 83 рет көтерді

Құралай Қуат - 12.08.2019756

Атырау облысында Құрбан айт мерекесі тойланып, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көптеп көмек көрсетілуде. Атап айтсақ, қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні ғана орталық «Иманғали» мешітінде үш жүз отбасыға құрбан малының еті таратылды. Оны «Иманғали» мешітінің бірінші наиб имамы Мұрат МҰСТАФАЕВ бастаған ұстаздар тобы келушілерге өз қолымен тапсырды. Бұдан бөлек, «Сұлтан Бейбарыс» мешітінде бес жүзден астам жамағатқа мерекелік дастархан жайылып, екі жүздей отбасына құрбан малдың еті таратылды.


«Бұл күні біз балаларды да қуантқанды жөн көрдік. Сол себепті, бүлдіршіндер үшін мешіт атынан арнайы сыйлықтар дайындалды», - дейді «Сұлтан Бейбарыс» мешітінің бас имамы Ержан ҚАҒАЗҒАЛИЕВ.

Сондай-ақ, мереке құрметіне Атыраудың бас мешітінде ұлттық спорт түрлері бойынша жарыс өтті. Қой көтеру сайысында қой малын бір демде 83 рет көтерген Марат ОРАЗҒАНИЕВ, кір тасын (гири) көтеруден сексен бес деген көрсеткішке тоқтаған Бақтыбек БЕКТИМИНОВКЕ, қазақша күрестен жауырыны жерге тимеген Ибрагим ГУСЕЙНОВТЕР жеңімпаз атанды. Басты орынды иеленген жеңімпаздардың барлығына қой малы, келесі орындардың иелеріне тұрмыстық техникалар сыйға тартылды. 

Қазіргі күні Меккеде қажылық сапарда жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ көпшілікке ұлық мереке - Құрбан айттың басталуына байланысты бейнеқұттықтау жолдады.

  

Фотолар автордікі.



Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.