«Диссидент деп атағанды ұнатпаймын»

Асмира Ермекқызы - 12.08.20191154

Саясаткер, ұлтшыл диссидент, композитор Қожа-Ахмет Хасен Кәрімжанұлын мерейтойымен құттықтай келіп,  «70 жасқа толған қандай екен?» деп әңгімеге тарттық.  Сәл ойланып қалған сұхбат беруші сөзін музыкадан  бастады. Қазақтың азаттығы үшін күрескен батырмен болған сұхбатымызды оқи отырыңыздар.

Әміре Қашаубайұлы – өз атам, Чайковский – нағашым

– 1957 жылдары Ақсу ауданындағы Қарасуда  жалғыз үй, малда тұратынбыз. Мен бес шақырым қашықтағы  Өнім ауылына жаяу барып-келіп 1-2 сыныпты оқыдым. Екі әпкем Ақсу интернатында. Солардың өтінішімен әкем гармон сатып алды. Әпкелерім Роза мен Күләш «Елім-ай» әнін ойнауды үйреткен соң, әрі қарай өзім алып кеткен едім. Сөйтіп, 2-сыныптан бастап мектеп сахнасында менсіз концерт өтпейтін болған. Әкем маған қарап: «Әміре ағама тартқан», – дейтін.  Үшінші сыныпты 15 шақырымдағы Ақсуда оқығанымда да, сенбіде сабақтан шыға ауылға гармон ойнауға кететінмін жаяулап. Бес қыздан соң көрген тұңғыш ұлы болсам да, әкем еркелетпейтін. Ол кез ауылдарда жүк автокөлігі де аса сирек еді. Кейде арба кезігеді. Кезікпесе жаяулап, түрлі қатерге кезігіп дегендей жетесің, әйтеуір. Он бір жасымда жазғы демалыста аудандағы әпкеме барып, Алматыда музыка училищесінде оқитын жігітті кездестірдім. Ол «Капитан Гранттың балалары» фильміне И.Дунаевский жазған увертюрасын (кіріспе) баянмен ойнап берді. Классикалық музыканың тіліне содан «ғашық» болдым. Ауылға келе, соған ұқсас музыка шығарып, концерттерде орындап жүрдім.

Бір күні «Мәдениет және тұрмыс» журналынан дирижер Фуат Мансұровтың суретін көріп, өнер жолындағы адамның ерекше бейнелі болатынын байқадым. Сол, 11-12 жасымда-ақ өзіме де, өзгелерге де музыка ауылында қалатыным шүбәсіз болған. Алайда соғыстан мүгедек боп оралған әкем мені  механиктің оқуына жібермек еді. Шаруашылыққа бас-көз болса дегені болар.  Бірақ  8-сыныптан соң Алматыға,  П.Чайковский атындағы  музыка училищесіне  алып барды. Оған дейін бірнеше ән, баянға вальстер, марш, билер жазған едім. Арманым – композитор болу. Кейінірек симфониялық оркестрдің, операның дирижері болсам деймін. Бүгінде композитор болған сияқтымын, бірақ дирижерлік пультке жетуге саясатқа араласуым бөгет болды. Бәрі әскерден басталды.

– «Әкем маған «Әміре ағама тартқан» дейтін» деп қалдыңыз. Әміреге қандай жақындығыңыз бар?

– Әкем Қожахметұлы Кәрімжан –әйгілі Әміре Қашаубайұлының жақын туысы, нақтылап айтсам – Қашаубайдың қарындасынан туған. Аталарым Қожахмет пен Қашаубай бір рудан болғанымен, аталары бөлек, жеті атадан асқандықтан, қыз алысқан. Әкем 1910 жылы Абыралының Дегелең болысынан сегіз жасында  Семейге келіп, Әміре ағасының қолында өседі. Той-мерекелердің көркі болған Әміреге еріп жүріп, оның достары: ақын Иса Байзақовты, күш атасы Қажымұқанды көргенін, Алашорда өкіметі кезінде қызметке «пәпкесін қолтықтап» бара жататын Мұхтар Әуезовті сан рет көргенін әңгімелеп отыратын. Мен 1965 жылы  Алматыдағы оқуға түскенімде, Әміренің үлкен қызы Күлән апайдың үйінде жарты жылдай тұрдым. Әкемнің даусы  тенор еді. Таза, қатты шығатын. Қазақтың халық әндерін көп білетін. Сондай-ақ жаңадан шыққан, радиодан айтылған әндерді де тез жаттап, айтып отыратын. Әсіресе Садық Кәрімбаевтың әндерін ұнататын. Ал татар жырларын айтқанда, таусылмайтындай көрінетін. «Әміре ағам «домбыра, гармонды үйрен» деп үйге қамап кетуші еді, бірақ терезенің әйнегінен шығып, Ертіске балық аулауға кететінмін», – деп өкінішпен әңгімелеуші еді әкем. Сөйтіп, теміржолшы мамандығын таңдапты.

Әкем сондай-ақ кітап оқығанды ұнататын. Өзі бала кезінде арабша сауат ашқандықтан, кирилл әріптерін жылдам оқи алмайтын. Сондықтан 1957 жылы өзі сатып әкелген «Батырлар жыры», «Рүстем-Дастан», В.Янның «Бату» сияқты кітаптарды әпкелеріме дауыстап оқыттыратын, олар жоқта маған оқытатын. Әкем мүлікке қызықпайтын, өнерді сүйетін кісі еді. Сондықтан мен де, балаларым да, інілерім де негізінен гуманитарлық оқу орындарын тәмамдадық. Музыка училищесін бітіріп, консерваторияның композиторлық бөлімінде оқыдым.  Кейіннен ҚазҰУ-дың журналистика бөлімін бітірдім. Ал балаларым музыка, тарих, филология мамандары. Алайда бәрі де өзім сияқты – қазақтың халық музыкасы мен классикалық музыканы ғана тыңдайды. Кенже інім мемлекеттік симфония оркестрінде қызмет етті. Ол сондай-ақ ән салу (вокал) бөлімін де тәмамдады.

Өнерге қызығу қаныңызда болғанымен, классикалық музыкаға құштарлығыңыз анаңыздан дарыған болар?

–Нені тұспалдап отырғаныңды түсіндім. Анам Екатерина да 1933 жылы Алматыда опералық студияда оқыған, даусы жақсы болатын. Бірақ медицина саласына ауысып кетіпті. Анамның ұлтына келсек, әкесі Ефим Волченко – украиндік (запорожиялық) казактар әулетінен. Орыс деп жүрген композитор П.Чайковский мен жазушы Гоголь де осы ұлттан ғой. Ал анасы жағынан поляк ақсүйектері Лисовскийлер әулетінен. Мұны маған 1990 жылы Польшадан келген журналист, 1994 жылы Польша елшісі де айтты. Поляк, Беларусь, Ресей тарихтарында полковник Александр Лисовскийдің (1575-1616 жж.)  әскери бүлікке (еңбекақыларын талап еткен) қатысқаны, Польша королі оны екі рет өлім жазасына кескен соң, өзінің «лисовчиктер» аталған әскерімен 1607 жылы Московияға өтіп, Мәскеу айналасын қатты шапқаны айтылған.


Диссидент деп атағанды ұнатпаймын


 – Сонау совет заманында-ақ «Совет Одағы отарлаушы» деп ашық айтуыңыз, бәлкім, осы нағашы апаңыздан қалған шығар?

–  Кім біледі, бірақ тарихын білмеген адам өз еліне, өз жұртына араша түсе алмайды. Жоғарыда айттым ғой, әкем  «Батырлар жыры», «Рүстем-Дастан», «Бату» сияқты тарихи кітаптарды оқытатын деп. Ұлт тарихын түсіне бастасаң, саясатқа да сергек қарай бастайды екенсің.

1970-77 жылдар аралығында «Интернационализм және оны орыстардың пайдалануы», «Орыстардың дүниежүзілік жандарм болуға тырысуы», «Одақ па, әлде отар ма?», «Халықтарды ассимиляциялау кімдерге қажет?», «Ұлт мәселесінің тарихи шешімі» т.б. мақалалар жазып, Қазақстанның және басқа елдердің Ресей империясына өз еркімен қосылмағанын дәлелдеуіме тарихқа үңілуім себеп болса керек. Нәтижесінде «ақылдың азабынан», 1977 жылы КГБ тұтқындап, «СССР саясатына жала жапты» деп, екі жылға бас бостандығымнан айырды.

– Жалпы, жұрт сізді диссидент деп қабылдайды. Осы атақ өзіңізге ұнай ма?

– Өзімді қазақ халқының құқығын қорғаушысы ретінде санаймын. Диссидент деп әркім әртүрлі айтып жүр. Біреуі жай анекдот айтса да, диссидент болып шығады. Мен жүйелі түрде тарихты жазған адаммын. Оның барлығын бір сөзбен «диссидент» дей салған дұрыс емес. Өзімді олай атағанын да жақсы көрмеймін. Ол бір сөз менің 50 жылғы жасаған іс-әрекеттерімді аша алмайды.

– Ал қазір түрмеде отырған Арон Атабектің диссиденттігі  жайлы не айтар едіңіз?

– Өзім үш рет сотталдым. Одан бөлек, алған ескертулерім бар. Ал Аронның бұрын ондай істі болғанын естіген  жоқпын. Оның басындағы іс – баспана мәселесі – әлеуметтік мәселе. Оны саясиландырып жатқан биліктің өзі. Диссидент деген – саяси билікті, қоғамды өзгерту үшін талпыныс жасаған адам. Тек баспана, жер  мәселесіне қатысты шуға қарап, олай айта алмас едім. Билік халықты қорқыту үшін жазалағысы келген адамын жазалады.

–Қалай десек те, заманыңызда ортаға, жүйеге сыймай жүрген жанның бірі өзіңіз болдыңыз. Досыңыз болды ма?

 – Жан досым композитор Жолан Дәстенов еді. 1966 жылдың көктемінде Алматыда таныстық. Мен музыка училищесінде, ол консерваторияда бірінші курста оқитынбыз.  Кісіге жақсылық жасағысы келіп тұратын, өзгелерді сөзімен, мінезімен магниті бардай тартатын асыл азамат еді. Музыкалық шығармаларымды жазуда кеңесін беретін.  1979 жылы саяси сотталып, өнерде де, саясатта да жолым кесіліп қалғанда Жолан аға  музыкалық шығармашылыққа оралуыма рух беріп, Композиторлар одағында тыңдау ұйымдастырды. Арамыз алты жас болғандықтан, ол «Жүке деші» деп өтінсе де, мен «Жолан аға» деуімнен танбай қойдым.

Желтоқсан көтерілісінен бір апта өткенде Жолан Дәстенов, Сағат Әшімбаев үшеуміз Колбинге, КГБ басшысына ата-аналар, еңбек ардагерлерінің атынан «желтоқсаншыларды жазаламауды, кешірімді болуды» сұрап хат ұйымдастырған едік. Мені соттағанда  басшымыз С.Әшімбаев теле-радио қызметкерлерін алты күн бойы менің сотыма қатысуға жіберді. Ал Жолан Дәстенов мені танитын қазақ зиялылары Шона Смаханұлы, Әсет Бейсеуов, Тілес Қажығалиев, Жоламан Тұрсынбаев т.б. ақын, композиторларды бастап алты күн сотыма қатысып, мені босатуды сұрап сотқа, Колбинге хаттар ұйымдастырған болатын. Ол 1991 жылы қазаға ұшырап, қабырғамды сөгіп кетті.  Түсімде көремін, өлмеген екен деймін. Досыма арнап Виолончель мен фортепианоға арналған шығарма жаздым.

Жолан таныстырған композитор Тілес Қажығалиев құрдасыммен де арақатынасымыз жарасымды болды. Ол да қайтыс болғаннан соң, Композиторлар одағына көп бас сұқпайтын болғанмын. Менің 1970-77 жылдар аралығындағы шығармаларымды зерттеп насихаттаған, өзі де аса батыл пікірлер айтатын тарихшы ғалым Қамбар Атабаевтың қазасы да денсаулығыма әсер етті.

Ән жанрында авторлас ақындарымнан, әсіресе арамыз 18 жас болса да, Марат Ысқақов ағамен, сондай-ақ ақын Серік Тұрғынбекұлымен аса жақын болдық. Кейінгі жылдары Бақыт Турлиннің өлеңдеріне бірнеше ән жаздым. Соның бірін,  «Самайымды бояйын ба қараға?» деп аталатын әнімізді жуырда замандас бір әншіге орындап беріп едім,  жылап қалғаны... Қазіргі елірме-дырду, жалаңбұт «әншілермен» қатынасым жоқ. Ескі досым, әнші Жұмат Махамбетпен операға барып тұрамыз. Ол досым 1988 жылы Арқалық түрмесіне маған кездесуге келген.

Тарих, филология, саясат, музыка салаларындағы зерттеулерім көңілінен шыққандықтан, жылы лебіздерін айтып, шапағатын тигізіп жүрген заңгер Сабыр Қасымов, ғалымдар Қайрат Закирьянов, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбек  секілді тағы да басқа азаматтар бар. Жиі араласуға уақыт тапшы болғанымен, оларды досымдай көремін. Өйткені  өзіңнің азапты өмірбаяныңды да өзіңнен қызғанатын мерездер бар. Адамның қоғам үшін істеген ерлігін түсініп, бағалай біліп, жылы лебізін білдірудің өзі де ерлікке пара-пар қасиет.          

Атағандарым елге ірі еңбектерімен белгілі азаматтар. Ал «Желтоқсан», «Азат» сияқты қоғамдық ұйымдарда да, әділетті қоғам орнатсақ деген мақсатынан 30 жыл бойына танбай келе жатқан батыр, адал достарым баршылық.    

– Сіздің өмірбаяныңызға қарасақ, өр мінезді, қызуқанды кісі көз алдымызға келеді. Бала кезден-ақ музыкаға жақын болдым дейсіз. Әдетте ондай балалар әлжуаз келетіндей еді. Студент кезіңізде де тәртіпті болдыңыз ба?

– Иә, тәртіпті болдым.1965 жылы музыка училищесіне оқуға түсісімен, күнде кешкісін опера және балет театрынан шықпайтынмын.  Одан қалса, театр репертуарында, оқу бағдарламасында жоқ опера, симфония, тағы да басқа классикалық шығармалардың күйтабақтарын сатып алуға ақшамды аямай жұмсап, өзім аш қалған кездер бастан талай өтті. 1967 жылы анам Алматыға келіп, маған бір киім әпермек болды. Алдырмадым. Киімнің орнына «Дон Карлос» операсының күйтабақтарын алып берші дедім.  Қазір ойласам, сонда дұрыс істеппін. Мамам әперген киім әлдеқашан жыртылып қалар еді. Ал сыйлаған сол күйтабағы, міне, 55 жыл өтсе де, жаңа күйінде үйімде сөреде тұр. Баға жетпес қазынам – осы.

Ал бұзықтыққа келсек, ондайлар да болды енді.  Бірде стипендия алған күні ғой, жатақханадағы есіктің әйнегін сындырып қойдым. Комендант кемпірдің арызымен директорға шақыртты.  Анау-мынау зекулер айтылғаннан соң, директор қандай шара қолданамыз десе, Петренко мұғалім «оқудан шығару керек» деді. Сонда директор Батыр Амангелдиев: «Ау, бұл студентті күнде кешке опера театрынан көремін, музыканы соншама сүйетін оны қалайша оқудан шығармақпын!?» деп, 80 тиын ғана төлеттірген. Директордың өзі қосымша, кешкісін театрдың оркестрінде тромбонда ойнайтын.

«Халық аспаптары» бөлімінен «Музыка теориясы» бөліміне ауысқанымда, аса қатал ұстазымыз Эрнст Феллер менің әлемдік классикалық музыкадан хабарым молдығына тәнті болғандықтан, ауылдан  кешігіп келетін әдетімді үнемі  кешіретін.

Ал 1974 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түскенімде,  композиторлық факультет меңгерушісі Құдыс Қожамияров мені қабылдауға қарсы болып: «Бізге дайын композитор емес, тіл алатын оқушы керек», – деді. Сөйтсем, мен оқуға түсуге төртінші курста талап етілетін шығармалар жазып алып келіппін: «Балқадиша» атты симфониялық-вариация, халық аспаптары оркестріне арналған «Кенеке» (Кенесары) поэмасы, виолончель, труба, фортепиано, домбыра аспаптарына ірі пьесалар, романстар т.б.   

Мені композитор Ғазиза Жұбанова апай қолдады. Алайда сол жылы Ғазиза апай консерватория ректоры болып тағайындалды да, мені өз класына ала алмады. Композитор А.Бычков класында оқығанымда, оның шығарманы абстракционистер әдісімен жазуға бағыттағанын мен қабылдай алмадым. Сол кездері «Жас қазақ» астыртын партиясын құруға әрекеттер жасап, қазақты тәуелсіздік күресіне шақырып, үндеу мақалалар жазуға да уақыт қажет болып, өз өтінішіммен 1976 жылдың желтоқсанында консерваториядағы оқуды тоқтатқанмын. Алайда әлгі, оқуға түсуге алып келген, Қ.Қожамияров «менсінбеген» шығармаларымның көпшілігі орындалды. Валторнаға 1973 жылы жазған «Қайран далам!» атты пьесам 1977 жылдан осы консерваторияның, тіпті кейбір Ресей консерваториясының оқу бағдарламасына еніп, дипломдық концерттерінде орындалып жүр.

Консерваториядан кеткеніммен, Ғазиза Жұбанова ұстазыммен Таутүргендегі шығармашылық үйінде, Есік қаласындағы үйімде кездесіп тұрдық. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, тергеуде жатқанымда мені түрмеден босатуды сұраған Жолан Дәстенов бас болып, достарым қолдарын қойған хатты алып Күләш әпкем Ғазиза апайдың үйіне барыпты. Сонда апай: «Ой, айналайын-ай! Менің күйеуім Әзірбайжан Мәмбетов алаңда ұсталғаны үшін өзіміз де тергеудің астындамыз, мені ректорлықтан босатты. Сондықтан Хасенді қорғап қойған қолым билікті одан әрі ашуландырмаса, көмегі тие қоймас-ау», – депті. Осындай қорлаудың әсерінен Ғазиза апай екі жыл өтпей қайтыс болды. Желтоқсандықтар осы отбасының да нағыз желтоқсандықтар екенін естен шығара береміз.

Айтпақшы, Алматы консерваториясында 1996 жылы менің ән кешім өткізілгенде, ректор Д.Қасейінов ұйымдастыру шаруаларын Қ.Қожамияровтың қызына тапсырыпты. Бұл да бір Тәңірдің ісі шығар!?.

Өнер жолында жүріп саясатқа өміріңіздің біраз бөлігін арнадыңыз.

Уақытым зая кетті деген өкініштер болмай ма?

– Жарты жылдан кейін, 2020 жылғы 13 ақпан күні, алғаш рет саяси түрмеге қамалуыма 50 жыл толады. Қазір біреулер саясатқа депутат болсам, мансапқа жетсем деп араласады. Ал менің саясатқа араласуыма 20 жасымда әскерде ұлтыма тіл тигізгені себеп болды. 1970 жылдары КСРО саясатын да депутат болу емес, жазаға тартыларымды біле тұра сынадым. Өйткені көзім көріп тұрған әділетсіздікке үндемей қалуға намысым жібермеді. Қазіргі шығып жатқан саясатшылардан менің айырмашылығым осында.     

Қазір де «1995 жылы парламент таратылған кезде қабылданған Конституцияны, сайлау туралы заңдарды  демократияландыру қажеттігін» айтып отырмыз. Қытайдың 51 ірі кәсіпорны елімізге экологиялық, демографиялық апат алып келмей ме деп, ол кәсіпорындар қай жерден ашылады, олардың орналасу картасын халыққа жариялауды талап етудеміз. Шын мәнінде мұны саясат деп санамаймын. Бұл – халқымыздың құқықтарын, елді, жерді, өмірімізді қорғау. Осыны айттың деп, билік маған ауылға көшуіме арендаға жер бермей, ұлт-азаттық күресім туралы тарихшыларға конференциялар жасатпай, телеарна, газет-журналдарға шығуымды шектеп келеді. Маған халықтың еңбекақысы, зейнетақы дұрыс болса, басқасы керек емес еді. Жетпіс жасқа келгенімде мансап, қызмет іздеп отырғаным жоқ.  Шүкір, жазған, артыма қалдырған музыкалық шығармаларым, кітаптарым, зерттеулерім, танымдық дүниелерім баршылық. Ал саясаттағы еңбегім зая кетті ме? Иә деуге де, жоқ деуге де болар.

Бұрынғыдай бодан ел емеспіз. Тәуелсіздік тізгіні өзімізде. Бірақ...

1972 жылы жазған «Интернационализм және оны орыстардың қолдануы» деген мақаламда: «Айналаңа қарасаң, өзіңнің қазақ жерінде тұрғандығыңды сезінбейсің: көшеде, жұмыста... барлық жерде орыс, орыс тілі, орысша жазу», – деппін. Енді, міне, жарты ғасыр өткенде айналама қарасам, әлі сол күйдеміз. Отыз жылдан бері бөркімізді көкке атып «тәуелсізбіз» деп алақайлай тұра, отаршылдардың тіліне жабысып айырылар түріміз көрінбейді. Бұрын тек орысша болса, енді оған қоса, Қазақ еліндегі мекеме, дүкен, тағы да басқалардың атаулары ағылшын,  қытай,  араб тілдерінде.

Сол мақаламда және: «Қазақстанда орыс мектептерінде қазақ тілі пәні өтіледі. Бірақ 10 жыл оқып, оқушылар бір ауыз қазақша сөз білмей шығады. Өйткені қазақ тілі әншейін, көзбояу үшін, қалай болса солай өтіледі», –  дегенмін.  Содан бергі 50 жылда ел жағдайы жаңармаған. «Сонда мен не үшін пәлен рет түрме азабын тартып, анам мен туыстарымды, бала-шағамды қайғыдан қан жұтқыздым?!» деген ойға қаламын.

–Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген Әсмира Ермекқызы

Фото: azattyq.org   

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.