Ақтөбелік мұнайшылар қытай компаниясымен соттасып жатыр

Жанар Қожанова - 12.08.20192126

Ақтөбеде қытайлық мұнай компаниясының жұмысшылары жалақыларына қоса төленуге тиіс экологиялық үстемақыларын алты жылдан бері өндіре алмай жүр. Алты жыл бұрын бекітілген ұжымдық келісім-шарт бойынша айлықтарына экологиялық ахуалға қатысты қосымша 20 пайыз ақша төленуі керек. Бірақ сол уақыттан бері бір тиын да өтемеген. Қазақстанның заңын белшеден басқан қытайлық мекеме жұмысшылардың әр қайсысына кем дегенде миллион теңгеден қарыз. Бұл туралы өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі Жанар ҚОЖАНОВА хабарлайды.

Ақтөбеде елуден аса мұнайшы «Sagiz Petroleum Company» компаниясын сотқа берді. Жұмысшылардың еңбекақыларына қосылатын экологиялық үстемақыны даулап жүргендеріне бір жыл болыпты. Бармаған жеріміз жоқ дейді. Тіпті облыстық еңбек инспекциясына да бірнеше рет арызданған. Алайда көмек болмапты. Сөздерінше ірі қытайлық мұнай компаниясы жұмысшыларына экологиялық үстем ақыны төлемей отырғанына аттай алты жыл болған. 

«Компания бізге 2013 жылдан бастап 2018 аралығындағы экология үшін берілетін 20% ақшаны төлемей отыр. Кен орны қай жерде тұр сол үшін төлену керек еді бізге. Байғанин аймағында ма, яғни бізге жиырма пайыз төлену тиіс. Соны төлемей отыр. Экологиялық зардабы тиіп жатыр. Сероводород бар. Вибрация, «шуммен» жұмыс жасаймыз. Үлкен цехтар. Үлкен құрылғылар», -  дейді  Sagiz Petroleum Company» ЖШС қызметкері Аймұрат ТӨРЕМҰРАТОВ.

Сотқа шағымданған жұмысшыларға компанияның қарызы ең аз дегенде миллионнан басталады. Миллион мен үш, үш жарым миллионның арасы. «Біздің талабымыз заңды. Заң бойынша өзіміздің ақшамызды толық алу» дейді Sagiz Petroleum Company» ЖШС-ның тағы бір қызметкері Рустам БАҚЫТЖАНОВ.



Қытайлық мұнай компаниясымен соттасып жатқан жұмысшыларды қарсы жақ медиациялық келісімге шақырып жатыр екен. Алайда алты жылдық төленбеген үстемақының мөлшерін тиынға санап отыр дейді жұмысшылар. «Жас АЛАШ» тілшісі шетелдік компания басшылығымен сөйлесуге ықласты еді. Әйтседе олар қандайда бір түсінік беруден бас тартты.

Мұнайшылардан бір білгеніміз жұмыс берушілері олардың сыртынан алты жылда екі рет ұжымдық шартқа өзгеріс енгізіпті. Екеуі де осы дауға айналған экологиялық төлемге  қатысты.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.