Қарағандылықтар балабақша ақысының қымбаттағанына наразы

Арай Сатыбалдықызы - 13.08.2019901

Қарағанды қаласындағы Пришахтинскі елді мекенінде екі балабақшаның қызметі 1 қыркүйектен бастап қымбаттайды.

Бұл қымбатшылыққа наразылар Қарағанды қалалық білім бөлімінен бастап, құзырлы орындарға дейін аралап шағымдануда. Айтуларынша 2 тамызда «Ақжарқын » бала бақшасының басшысы 1 қыркүйекте балабақша қызметі бес мыңға, кейін қаңтарда тағы бес мың теңгеге көтеріледі  деп ескертіпті. Бұл жерге келетін үш жүзден астам балақайлардың барлығы мұнда мемлекеттік тапсырыспен орналасқан. Яғни мұнда әр бала үшін қала бюджетінен ай сайын  26 мың теңге бөлінсе,  тамағы үшін тағы 11 мың теңгені ата-аналар төлейді. Енді балабақша ата -аналар үшін төлейтін қызмет түрінің бағасын өсіруді қыркүйектен бастап қолға алмақшы.

«Үш балам балабақшаға барады. Мен әр балаға  11 мың теңге төлеп отырмын, енді әрқайсысына 20 мыңнан қалай төлеймін. Басында балабақшамен қымбаттау болмайды деп 2021 жылға дейін келісімге отырған едік.Қазір маған үш балаң болса мың жарым теңгеден жеңілдік жасаймыз деп отыр. Ол маған не болады? Балабақшаның ақшасынан бөлек балам бірінші сыныпқа барады. Сосын цирк келеді. Концерт те келеді.  Басқа балалар барған соң еріксіз ақша тауып береміз.Отбасында жұбайым ғана жұмыс жасайды»,-дейді Пришахтинск тұрғыны Сәуле БОРАНБАЕВА.

Пришахтинскідегі жеке меншік кәсіпкерге тиесілі екі балабақша да қызмет ақысын  1 қыркүйектен бастап бірден тоғыз мың теңге өсіреді. Кәсіпкер бастапқыда бағаны өсіруді екі кезеңмен жүзеге асырмақ болған екен. Алайда соңғы уақытта бірден бағаны көтеруді жөн санапты. Енді мемлекеттік тапсырыспен  баласын беріп отырған ата-аналар баласы үшін ай сайын 20 мың теңге төлейтін болады.Балабақша ашып кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер  бағаның қымбаттауына алғашқыда уәде етілгендей бюджеттен берілетін субсидия көлемінің ұлғайтылмауымен байланыстырады.

«Біз 2017 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша  баланың тамағы үшін ата-аналардан 11 мың теңге алып келе жатырмыз. 2017 жылдан бері азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Сондықтан бұл 11 мың теңге аз болады. Биылғы жылы екі рет балабақша қызметкерлерінің жалақысын өсірдік. Бұған қарамастан мемлекеттік орган тарапынан субсидия қаражаты өскен жоқ. Сол себепті біз қосымша қызмет түрінің негізінде бағаны өсіреміз. Егер біздің мектепке дейінгі мекемеге ата-аналар балаларын бергісі келмесе басқа балабақшаға баруларына болады»,- деп мәлімдеді «Ақжарқын» балабақшасының құрылтайшысы Гүлнәр СМАИЛОВА.

Қалалық білім бөлімі жеке меншік балабақшаларға берілетін қаражатты өсіру мәселесін тек қана қалалық маслихаттың шешетінін айтады. Дегенмен білім саласының мамандары әр балаға бюджеттен берілетін 26 мың теңгені аз қаражат деп есептемейді. Өйткені басқа облыстарда бюджеттен балабақшаға берілетін қаражат көлемі аз екен. Тек Астанада  ғана бұл сомма 28 мың теңгені құрайды.

«Ата- аналардың тамаққа төлейтін 11 мың теңгесін жеке меншік және мемлекеттік балабақшалардың көтеруге құқысы жоқ. Бұл Қарағанды қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген. Дегенмен білім беру заңына сай мемлекеттік және жеке меншік мектепке дейінгі мекемелер ақылы негізде қосымша қызметтерді ұсынуға құқылы.Қосымша қызметті балаға тек ата-анасының ықтиярымен ғана көрсетеді», - дейді Қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Наталья ГОЛОВИНА.

Қалалық білім бөлімі әзірге үш жеке меншік балабақшаның баға көтеруге ниет білдіріп отырғанын айтады. Ал бағасы көтерілген мектепке дейінгі мекемеге баласын апарғысы келмеген  ата-аналарға Қарағанды қаласындағы балабақшаларда жеті жүздей бос орынның тұрғанын мәлімдейді. Алайда ата- аналар бұл орынның өздерінен алыста қаланың өзге аумақтарында екенін айтып наразы болуда.

Фото автордікі.




Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.