Парамен сотталған генералдың інісі Қазақфильмге басшы болды

Нұрболат Әлдибек - 13.08.20194711

Тамыздың 9-нан бері «Қазақфильм» киностудиясы басшысыз еді. Бақыт ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ орнына актер, продюсер Арман АСЕНОВ келді. Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрқиса ДӘУЕШОВ «Қазақфильм» ұжымына президент міндетін атқарушы болып тағайындалған Арман ТҰРСЫНБАЙҰЛЫН таныстырды.

1972 жылы Германияда дүниеге келген актер Мәскеуде білімін жетілдірген. Республика сарайы мен Жастар сарайын басқарған. Көрерменге Рүстем ӘБДІРӘШ түсірген «Қазақ елі» сериалындағы Қобыланды батыр рөлі арқылы таныс. Ондаған киноға түскен актер «Махамбет» кинокартинасында Түрген батырдың рөлін сомдаса, «Әбілқайыр хан» да Жанарысты экранға алып шыққан. Сондай-ақ, ол «Десант», «Возвращение в А» киноларында әскерилердің бейнесін сомдайды. «Возвращение в А» кино туындыда ауған соғысының ардагері Борис КЕРІМБАЕВТЫ ойнайды. Айтпақшы, Арман Асеновтың туған ағасы әскери болған. Алайда, соттың шешімімен әскери шенінен айрылған.

Актердің ағасы қырықтың ішінде генерал шенін алған еді. Қорғаныс министрлігіндегі басқармалардың бірін басқарды. Генерал-майор Алмас АСЕНОВ 2013 жылы 11 жылға сотталды. Қатаң режимдегі колонияға түскен генерал бар-жоғы үш жылдан кейін бостандыққа шығып кетті.

Алмас ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ 200 мың АҚШ доллар пара алып жатқан жерінен ұсталған-ды. Ол украиндық "Укрспецэкспорт" компаниясының басшыларынан "откат" алған. Сонымен қатар, украиналық азаматтар Александр ШКОЛЯРЕНКО мен Александр ХРУЛЕВ та істі болған еді. Алмас Асенов Қорғаныс министрлігінде қару-жарақты сатып алу, жаңарту және есептен шығару істерімен айналысқан.

Коллаж: zhasalash.kz



Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.