Жәйремдегі жағдайға жұмыссыздық себеп

Арай Сатыбалдықызы - 13.08.20192282

12  тамызда Қарағанды облысындағы Жәйрем кен байыту комбинатында жұмысшылар шиеленісі бұрқ ете қалған.  

«Жәйремдегі өндіріс орнында тура Теңіздегідей жағдай қайталанды.Мәселенің басы түрік жігітімен қазақ қызының қатынасынан шыққан. Дегенмен, ұшқынның отқа айналуына басты себеп әрі де жатыр. Жәйремде полиметаллдық зауыт салынып жатыр. Екі жарым мың адам жұмыс жасап жатыр деген ақпарат бар. Соған жергілікті жігіттерді жұмысқа алмайды екен. Жергілікті тұрғындар жан жақта вахталық жұмыстарда жүр, әрі ауылдарда жұмыс іздеп жүреді», - деп жазады қарағандылық журналист Айсұлтан Жақыпов facebook.com парақшасына.

Жәйремдік елу шақты жігіт зауыттың бақылау өткізу нысанын бұзып басып кірген. Куәгерлердің айтуынша, наразылыққа барған жігіттер түріктерді соққыға жыққан. Наразылық шарасына жалпы саны жүзден астам Жәйрем тұрғындары мен кенбайыту комбинатының жұмысшылары жиналған. Ушыққан жағдайды басуға Жәйремге прокуратура өкілдерімен бірге Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ-та барған. Аймақ басшысы ашуға  жол берген Жәйрем тұрғындарымен кездесіп, оларды сабырға шақырған. Жәйремдіктер жұмысқа алу талаптарының орындалуын сұраған. 

Бүгін облыс әкімінің баспасөз қызметі Жәйремдегі жағдайдың реттелгенін әрі мұндағы жайтты аймақ басшысы тікелей бақылауына алғанын мәлімдеді.

Жәйрем кен байыту комбинаты қазіргі уақытта «Жәйрем Полиметаллы» инвестициялық жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның құны 100 млрд теңге. 

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.