«Алакөлдегі дәрет суының кесірінен ауа жұта алмай отырмыз»

Сәтжан Қасымжанұлы - 13.08.20191514

Айдынды Алакөлдің Алматы облысы жағындағы бөлігіне құйылған лас судың ақ-қарасы тексеріліп, жағдай жұртқа енді түсінікті бола бергенде, Шығыс жағынан шу шықты. 

Анығын айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы Қабанбай ауылдық округінің тұрғындары іргедегі (аралығы- бес шақырым шамасында) Алакөлдің демалыс үйлерінен сорылған кәріз судың исінен түнде ауа жұту мүмкін еместігін айтады. Ел аузында Жарбұлақ аталатын ауылға жолымсыз түскенде бір топ қарияның тілге тиек еткені де осы мәселе.


«Ауылдың ішімен өтетін жаңағы «гавновоздардан» қорлықтың көкесін көріп отырмыз. Көл жағасындағы демалыс үйлері иелеріне жалданып, кәріз суларын сорып алады да, көз алдымыздан көлбеңдеп өте шығып, трассаның ар жағына апарып лақылдата төгіп жатыр. Күніне қаншама рет өтеді. Осыны жөнеге келтіретін кім бар? Білмеймін. Былайғы қоқыстан да ол жерде аяқ алып жүргісіз. Ауылда 1 мыңнан астам отбасы бар. Түнде есік алдына шықсаң адамша ауа жұта алмайсың», -дейді Қабанбай ауылдық округінің тұрғыны Қалдыбай ҚҰНДАҚБАЕВ.

Облыстағы туризмді дамытудың негізгі көзіндей Алдакөлдің дәл іргесіндегі ауылдың ахуалы расында да күнделікті осылай екен. Үш-төрт шақырым жердегі қоқыс полигонына беттегенімізде әдемілігі көздің жауын алатын демалыс үйлерінің кәріз жүйесіндегі лас суларды «сіміріп әкелген» цистерналы автомашиналар, тығынын ағытып,  жердің бетіне «шаптырып» жатқанын да көрдік.

Алайда, қызметіне қанша ақы алатынын, күніне қанша тасымал жасайтынын нақты айтпақ түгілі, жүргізушілер аты-жөнін «ұмытып қалып» ат-тонын ала қашты. Тек атын айтудан бас тартқан біреуі өзінің осы ауылдан екенін айта келіп, жергілікті жігіттер өздері төгетін арнайы орын бар екенін, басқаларды да соған көнуге шақырғанымен, нәтиже жоқтығын айтып шағымданды. «Біз қолымыздан келгенше жинақтаймыз. Бірақ, ауылдың қоқыс жинайтын техникалары сасық екенін айтып, бұл жерге келіп көмектесуге аттап баспайды. Осы жердегі тасмалшылардан үшеу ғанамыз. Қалғанының бәрі сырттан келгендер» дейді әлгі азамат.

Мәселенің мән-жайы түсінікті болғанымен, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің де айтар өз уәжі бар болып шықты. Алакөлдің басына бір қап құжатын құшақтай жеткен Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар ХАМИТОВ өздерінің «ойнап жүрмегенін» дәлелдуге тырысқан сөзіне сенсек, туристерден қалған кәріз суы рұқсат етілген жерге төгіліп жатыр. Ал, Қабанбай ауылының мыңнан астам тұрғындары дәл іргелерінде төгіліп жатқан сол сасық судан күндіз-түні демала алмай жүргендері Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар ХАМИТОВТЫ мүлдем толғандырмайтындай. Есесіне, аудан әкімінің орынбасары сырттан келуші турист көп жүретін жағалаудағы қоқысты жинататын жұмысшы таппай шаршапты. 


-Әрине, кемшіліктер бар. Дәрет суы рұқсат етілген полигонға төгіліп жатыр. Бұл жерде күніне он мың адам демалады. Қоқыс салатын 300 контейнер бар.  Жетпей жатыр. 175 демалыс үйі бар. Қазір бізде басты проблема – жұмысшы жоқ, сенесіз бе?.. Күніне алты сағат мусор тазалау жұмысына 80-90 мың жалақыға жұмысшы таба алмай отырмын. 100 штатым жұмыс істеймін деген адамға ашық тұр. Негізгі тазалау жұмыстары түнгі 3-тен 5-ке дейін жүргізіледі. Күн сайын солай»,  -  дейді Дидар Хамитов.  

Аудан әкімінің орынбасары бұдан да басқа «бас қатырар» проблема жеткілікті дейді. Дегенмен, атқарылып жатқан іс, алға дамып жатқан туризм саласы айтарлықтай байқалмайды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ай құрғатпай Алакөл басынан табылып, алты айналып шығып жүргенімен, іргедегі Қабанбай ауылдық округінің әлеуметтік, экологиялық мәселесінен хабарсыз сияқты. Әрине, әр келген сайын алдынан құрақ ұшып шығатын аудан әкімі Серік ЗАЙНУЛДИН оның көзін байлап әкелмейтіні түсінікті. 

Тоқетерін айтқанда, Ахметов бастаған атқамінерлердің сөзі мен ісі қабыспағанына дәлелдің бірі - Қабанбай ауылының тұрғындары Алакөлге туристердің көптеп келуінен пайда емес, керісінше, зардап көріп отыр.  


Фотолар автордікі.

  

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.