Амандық Баталов ақталудан алдына жан салмайды

Оралхан Дәуіт - 13.08.20192512

Бүгін үкіметте 2019 жылғы қаңтар–шілдедегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің орындалу мәселесі қаралып, премьер-министр Асқар МАМИН бірқатар облыстарды сынға алды.

Үкімет жетекшісі ең алдымен Алматы облысында жеті айдың қорытындысы бойынша бірқатар салаларда теріс динамика қалыптасқанын баса айтты. «Атап айтқанда, Алматы облысында инвестиция, кен байыту, құрылыс саласында төмендеу байқалды, нысаналы трансферттер қаражаты игерілмеген» деген Асқар ҰЗАҚБАЙҰЛЫ алғашқы сөзді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВҚА берді.

Басқа-басқа ақталу жағына келгенде Амандық Баталов алдына жан салмайды ғой. Бұл жолы да облыс әкімі әдемі әңгімесімен үкімет жетекшісін ұйытып тастағандай болды. «Тапсырмаңыздың бәрі орындалады» деп аузымен орақ орған Амандық ҒАББАСҰЛЫ жеті айда қалыптасқан төмен көрсеткіштерге анау айтқандай қинала қойған жоқ.  

Тау-кен өнеркәсібінде төмендеу байқалғаны рас. Бірақ, тау-кен өнеркәсібінің көлемі өте төмен, бар-жоғы 1,2 пайыз, ол бізге ешқандай әсер етпейді. Жоспар орындалады. Одан бөлек, инвестиция 3,8 пайызға төмендеді. Бірінші жарты жылдықта бірқатар жобаларды іске қостық. Соның салдарынан төмендеу болып отыр. Жақында бірнеше ірі зауыттарды іске қосамыз. 624 млрд теңге инвестиция тартылуда. Яғни, бұл жоспар да уақытылы орындалады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9-ға өскен. Резервтеріміз бар. Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған межеге қол жеткіземіз. 1,5 млрд теңге игерілмей қалды. Республикадан бөлінген нысаналы трансферттердің барлығы орындалады. Бөлінген қаражаттың барлығы игеріледі. Тапсырмаңыз уақытылы орындалады, іске қосылады, – деп ант-су ішкендей болды әкім. Үкімет жетекшісі Асқар Мамин зейнет жасындағы әкімге тесірейе қарағанымен сол күйі үндемеді.

Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар