«Әкім Қошанов түрік жігітін кешіріңіздер деді»

Арай Сатыбалдықызы - 13.08.20197043

Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ келіп кеткенімен Жәйремдегі жұмыссыздық мәселесі шешіле ме?

Кеше 12 тамыз күні Жәйрем тау-кен комбинатында төбелес болып, бірнеше шетелдік қызметкер жарақат алған. Бұл мәселенің нақты себебін облыс басшылығы да, полиция да ашып айтпайды. Неге жасырғысы келетіні түсініксіз.

Қазір облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, ҚК-тің 293 бабы 3 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталыпты. Бірақ нақты күдікке ілінгендердің кім екені айтылмады.

«Өзге ақпараттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексінің 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деп хабарлама таратты Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіде жанжал түрік азаматының қазақ қызына қырындауынан басталды деген ақпараттар шыққан еді. Өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі оқиға куәгерімен тілдесті. Жергілікті халықтың айтуынша, басты себептің бірі жұмыссыздық. Кенттегі өндіріс орнына көбіне шетелдік жұмысшыларды алып, жергілікті азаматтар сырт қалып жатады екен.


«Кешегі дүрбелеңнің ортасында жүрдім. Бізде Жәйремде Полиметалл зауытында салынып жатқан өндіріс зонасы бар. Дау содан шыққан. Бұрын «Үш қатын» деген рудник болған. Соған сырттан біреулер келіп оны жауып, ондағы құрылғыларды жұмысшыларды кен байыту комбинатына қосып жіберді. Сосын биыл бағалы металлдар өндіру мақсатында полиметалл зауытын ашуды қолға алған. «Үш қатын» руднигінде болған мың жарым адамды қысқартып, аздаған бөлігін ғана кен байыту комбинатына жұмысқа алды. Кен байыту фабрикасында әйелдер мүлдем жұмыс жасай алмайды. Жағдай жоқ. Мұндағы бір жұмысшыға бір ауысымда  төрт-бес адамның жұмысын жүктейді. Менің күйеуім сол фабрикада жұмыс жасайды. Ол сонда насос қондырғысын орнату машинисті болып жүр. Үйге құлап, сүрініп келеді. Жәйремнің жігіттерін жұмыстан шығарған пром зонада әйелдер істейтін жұмыс тағы жоқ. Енді осы пром зонаға яғни өндіріс зонасына  түріктерді алды, Әзірбайжан, Қырғызстан қысқасы, жан-жақтан келген азаматтарды  жұмысқа алып жатыр. Жаңадан салынып жатқан Полиметалл зауытындағы пром зонаға 150 мың теңге деп әйелдерді жұмысқа алған екен. Жаңа сұрап білсем оларға 65 мың теңге ғана төлеп отыр. Кеше басқа ұлттың бірі қазақтың қызына тиіскен деген сыбыс шығып, қазақ жігіттері сол жерге барып төбелес шығарыпты. Кеше облыс басшысы келді. Халық Ерлан Қошановтан  бірінші кезекте митингіге шыққан жұртты қудаламасын, қазақ жігіттерін жұмысқа алсын, Түріктің компаниясы кетсін деп талап қойды. Бүгінде Жәйремнің жігіттері  жұмыс таппай қаңғып жүр. Бірақ Ерлан Қошанов оларға басу айтты. Әкім қазақ қызына тиіскен түрік жігіті кешірім сұрап жатыр, мұсылман ғой кешірім беріңіздер деді»,- дейді Жәйрем тұрғыны Рауа ОРАЗАЛИНА «Жас АЛАШ» тілшісіне.

Он мың халқы бар Жәйрем кенті Қаражал кентіне қосылған екен. Тұрғындар қандайда бір анықтама алу үшін 1500 теңгеге такси жалдайтындарын айтады. Экологиялық ахула да нашар елді мекенде әлеуметтік мәселелердің де көп дейді.

Осыған ұқсас дау биылғы жылдың 29 маусымында Атырау облысындағы Теңіз кенішінде болып, жергілікті жұмысшылармен шетелдік жұмысшылар арасында жанжал болған еді. Араб елдеріне келген ондаған жұмысшы зардап шеккен. Билік оны «тұрмыстық дау» деп бағаласа, жергілікті халық шетелдіктерге бізден гөрі жақсы еңбекшарты жасалады деп айтқан-ды.


Фотолар: ok.ru және автор ұсынды.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.