Алматы облысындағы жол апатынан бес адам қаза тапты

Дерек көзі: www.azattyq.org - 13.08.2019282

13 тамызда Алматы облысында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, бес адам қаза тапты, үш адам жараланған. Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты таңғы сегіздер шамасында Алматы-Бішкек тас жолында болған.

Департаменттің мәлімдеуінше, 29 жастағы әйел жүргізіп келе жатқан Mazda-626 көлігі Shacman жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан жеңіл көлік жүргізушісі және төрт жолаушы көз жұмды. Тағы үш жолаушы жарақаттанып, Жамбыл ауданы ауруханасына жеткізілген.

Zakon.kz сайтының хабарлауынша, қаза тапқандардың үшеуі – бала. Сайт жариялаған видеода жеңіл көліктің қатты бүлінгені көрінеді. Жүк көлігі де зақымданған. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандардың кім екенін полиция жарияламады.

Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ресми дерегі бойынша, жыл сайын Қазақстанда он мыңға жуық адам жол апатынан мерт болады.

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанда жол апатына көбіне жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы және жол сапасы себеп болады. Еуропа одағының статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын елдердің бестігіне енеді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.