Талғат Аянды полиция пикетке шығармады

Құралай Қуат - 13.08.20191687

«Ертең сағат 15-00 де, Атырау облысының әкімшілігінің алдына жалғыз адамдық пикет жасаймын. Өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, қасиетті жер тағдырына алаңдағаны үшін 3 жыл, 3 ай түрмеде отырған Макс Боқаевқа биліктен бостандық талап етем. Ия, пикеттен пайда болмас, бірақ әрекетсіз отыруға болмайды, халайық!»

Бұл Атырау облысынан жер дауы бойынша сотталып, жақында бостандыққа шыққан Талғат АЯННЫҢ кеше кешке «Фэйсбук» парақшасында жарияланған жазбасы. Алайда, бүгін белгіленген уақытта ол облыстық әкімшілік алдына келмеді.

«Сағат 14.00 шамасында мені көшеден полиция қызметкерлері ұстап алып кетті. Учаскелік полиция пунктінде үш сағат ұстап, телефоным мен "Макс Боқаевқа бостандық!"  деген жазуы бар плакатымды алып қойды. Қала прокуроры ескерту берді. Әкімшілік хаттама толтырамыз деді, бірақ толтырмады. Бізде бейбіт жиналысты қана емес, бір адамдық пикетке де рұқсат жоқ», - деп түсіндірді Талғаттың өзі.

Прокуратура органы тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ал бейресми дерек көздері, Талғаттың жалғыз адамдық пикет жасау үшін рұқсат алмақ түгіл, өтініш те жасамағанын алға тартты.

«Маған өтініш жасауым керектігі жөнінде айтты. Бірақ оның тура  заңның қай жерінде жазылғанын ешкім де көрсетіп бере алмады. Өз басым жеке адамның бейбіт түрде талап қойып шыққанына не үшін рұқсат сұрайтынын түсінбеймін. Қалай болғанда да, мен қандай да бір әрекет жасадым, қолымнан келгенді жасауға тырысқанымды барлығы көріп отыр», - дейді Талғат Аян.

Қызығы, бұған дейін Алматыда публицист Сергей ДУВАНОВ Мұхтар ЖӘКІШЕВТІ қолдап жалғыз кісілік акцияға шыққан. Ол кезде полиция ешқандайда бөгет жасаған жоқ.

«Жалпы, біздің заңдарымызда жалғыз адамдық пикет деген ұғымның өзі еш жерде қолданылмаған. Халықаралық құқықтық стандарттар бойынша, ол үшін рұқсат талап етілмейді, себебі, бір адамның шығуы – оның жай ғана талап-тілегін, арыз-шағымын айтып шыққанын көрсетеді. Заңда митинг ұғымы бар, шын мәнінде оның өзі «уведомительный», яғни, «мен, міне, мынадай шағыммен мынадай кезде шығамын» дегенді хабарлау сипатында болуы тиіс. Жалғыз адамдық пикеттің өзіне шығармау – біздің еліміздегі азаматтар құқығының шектеулі екендігінің айғағы. Өзіміз де көріп жүрміз, егер рұқсат сұраймын десең, билік мұндай пикетке ешқашан рұқсат беремейді, оған күмәніңіз болмасын», -  дейді құқық қорғаушы Дарья ҰЛЖАҒАЛИЕВА.

Фото: facebook.com

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.