Апелляциялық сот журналист Асиповтің шағымын қанағаттандырды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 13.08.2019254

13 тамызда Алматы қалалық соты Ratel.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Марат Асиповтың апелляциялық шағымын қанағаттандырды. Қалалық сот Медеу аудандық сотының «журналистік міндетіне шектеу қою» туралы шешімін түсіндіруден бас тартқан анықтамасын жойды.

Биыл маусымда Марат Асипов Алматының Медеу аудандық сотына арыз жазып, өзіне не себепті Ratel.kz атынан мақала жариялауына шектеу қойылғанын түсіндіруді сұраған. Асипов өзіне қойылған шектеу бір жылға ма, әлде өмір бойына ма, ол жағынан хабарсыз екенін айтқан. Медеу аудандық соты Асиповке шектеу себебін түсіндіруден бас тартқан. Осыдан кейін журналист қалалық сотқа апелляциялық шағым түсірген. Енді қалалық соттың шешіміне сай, аудандық сот Асиповке не үшін қызметіне шектеу қойылғанын түсіндіруі тиіс.

Алматы прокуратурасы былтыр көктемде Ratel.kz сайты мен бас редакторы Марат Әсіповке қарсы азаматтық шағымы түсірген. Прокуратура шағымға редакцияның сайтты тіркеу ережесін бұзуы себеп болғанын айтады. Прокуратура Ratel.kz порталының иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болған соң Ratel.kz доменін пайдаланып материал жариялауды, Balborsyk.kz-ті Ratel.kz сайты меншігіне алуды заң бұзу деп біледі. Бұдан өзге, Ratel.kz интернет-ресурсы орналасқан аппарат-бағдарлама кешені шетелде орналасқан. Ratel.kz сайтын тіркеуге қою туралы куәлікте орыс тілі ғана көрсетілгенімен, мақалалар орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде шығады.

2018 жылы мамырда Медеу аудандық соты прокуратураның шағымын қанағаттандырып, "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатып, Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жылға шектеу қойған. Сот Марат Әсіповтің БАҚ-та және Ratel.kz, Balborsyk.kz, wildratel.com, itau.kz және басқа да домендік атауларда "Ratel.kz" интернет-порталы атынан ақпараттық материалдар жариялап, таратуына да тыйым салған.

ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир өткен аптада Алматыда өткен Еуразия медиа форумында Қазақстанда "кейбір БАҚ-ты қудалауда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қолданылып отырғанын айтып" бұған Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan журналын мысалға келтірген.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.