Атамбаевпен келіссөз жүргізген министр орынбасары қызметінен босады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 14.08.2019297

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы кезінде Кой-Таш ауылындағы экс-президент үйінде Атамбаевпен келіссөз жүргізген ішкі істер министрінің орынбасары Курсан Асанов қызметінен босатылды.

Министрлік мәлімдеуінше,"7-8 тамыз күндері болған операция кезінде тәртіпсіздікке жол бермеу міндеті жүктелген" Асановтың үстінен жүргізілген қызметтік тексеру қорытындысына сәйкес, министр орынбасары "қырғыз милициясының мүддесін сатып, сенімді ақтамаған".

Асановтың өзі әлеуметтік желіде Кой-Таштағы оқиғада қиын жағдайға тап болғанын жазды. "Ішкі істер министрлігінің жеке құрамының арқасында қиындықты жеңдік. Өз қызметімді адал атқардым деп есептеймін. Жеке мүддемді мемлекеттен жоғары қоймадым. Елдің алдында арым да абыройым да таза" деп жазды ол.

Атамбаев 8 тамызда жалғасқан операция кезінде өз еркімен билікке берілді. Оған жемқорлық айыбы тағылып, экс-президент 26 тамызға дейін қамауға алынды. Қазір оның ісі тергеліп жатыр.

13 тамызда прокуратура бұрынғы президентке тағы бірнеше айып тақты. "Атамбаевқа тәртіпсіздік ұйымдастыру, заңсыз қару айналымы, тергеуге кедергі келтіру, адамдарды кепілге алу, адам өлтіру, адам өлтіруге талпыныс жасау сияқты жеті қылмыстық айып тағылды" деді бас прокурор.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады. Үш рет шақырту жібергенімен тергеуге бармаған Атамбаевты министрлік арнайы операция жүргізіп, күштеп әкелуді тапсырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан. Бішкек бұл айыптардың саяси астары бар дегенмен келіспейді.

Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.​

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.