Худжанд түрмесіндегі бүлікке "кінәлі" өмір бойына түрмеге кесілді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 14.08.2019454

Тәжікстан Жоғарғы соты билік "Худжанд түрмесіндегі бүлікті ұйымдастырды" деп айыптаған сотталушы Амирали Давлатовты өмір бойына бас бостандығынан айырды. Амирали Давлатовқа және 32 сотталушыға сот үкімі өткен айдың соңында шыққан. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметінің сенімді дереккөзі хабарлады.

Худжанд түрмесінде былтыр 8 қарашаға қараған түні сотталушылар бүлік шығарып, ресми ақпарат бойынша 21 жазасын өтеуші қаза тапқан. Бүлік кезінде екі түрме қызметкері мерт болып, бес күзетші қатты жараланған. Қаза тапқандар арасында елде тыйым салынған партия мүшелері болған. Бүліктен соң түрменің бұрынғы басшысы мен қызметкерлері сотталды. Оқиғаны "Ислам мемлекеті" исламшыл радикалдар тобы мойнына алған.

Тәжікстанның Жоғарғы соты әзірге жабық өткен сот процесі жөнінде ресми ақпарат таратпады.

Өмір бойы түрме жазасына кесілген Амирали Давлатовтың әйелі Окиламо сот үкімі жөнінде күйеуімен соңғы рет кездескенде естігенін айтады. "Жаппай тәртіпсіздік орнаған түні мен балаларыммен бірге күйеуіммен кездесу бөлмесінде болғанбыз. Бүлік туралы ешнәрсе естімедік. Егер ол ұйымдастырса, бізді кездесуге шақырмас еді, қыстық киім алдыртпаушы еді" дейді Окиламо Давлатова.

Оқи отырыңыз: Тәжікстан түрмесіндегі бүлік: себеп пен күмән

Амирали Давлатов "Маханов бандылары" тобының мүшесі болған. Ол 2014 жылдың наурыз айында терроризм айыбымен 19 жылға сотталған. Арнайы қызметтің мәліметінше, Махановтың өзі Өзбекстанның Ислам қозғалысының мүшесі болған.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.