Өнер академиясы ашылады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 17.10.2018213

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дәстүрлі қазақ өнері академиясы ашылады. Қармақшы ауданының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойына арналған шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай деп мәлімдеді. Аудан халқын мерейтоймен құттықтаған облыс әкімі: «Қармақшы ауданы – барша түркі жұртының абызы, данагөй Қорқыт ата мекені, Сыр өңіріндегі ежелгі астаналардың бірі – сақтардың ордасы Шірік Рабат шаһары орналасқан қасиетті жер. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал іргесін қалап, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов күмбезін көтерген жыр керуені – Қармақшы жерінің «Жүз шайыр елі» аталуына себеп болды. Жақын арада Қызылорда қаласында аймағымыздың, оның ішінде Қармақшы ауданының мәдени мұрасын заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта қазақтың дәстүрлі өнер академиясын ашуды жоспарлап отырмыз», – деді «Қармақшы – елдік пен ерлік мекені» атты ғылыми-танымдық конференция барысында. Сонымен қатар, мерейтой құрметіне орай, Қармақшыда республикалық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклінің көрсетілімі және орталық алаңда мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасы бойынша атқарылып жатқан істердің арасында қазақ өнерінің өткені мен бүгінін әлемге таныту бойынша атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиясында тек экономикалық жетістіктер ғана емес, 2014 жылғы жолдауында Президент ұсынған, Қазақстан халқын өзінің бай мәдени мұрасымен және шығармашылық әлеуетін жетілдіруге үндейтін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы да үлкен рөлге ие. Сол себепті, елімізде мәдениет пен өнерге, әдебиетке қатысты атқарылып жатқан әрбір шаруа, қаланып жатқан әрбір кірпіш қазақтың ұлттық келбетін сақтай отырып, заманауи тұрғыда дамуына мүмкіндік береді. Өзі қасиетті, өнері қастерлі саналатын Қорқыт баба туған аймақта өнер академиясының ашылуы - осы шаруалардың заңды жалғасы болса керек. М.МЕРЕЙ

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.