Әкесі шенеунік болған шенеуніктер

Бағашар Тұрсынбайұлы - 16.08.201917158

Өткен жолы ақын-жазушылардың отбасынан шыққан шенеуніктер мен әкесі де, өзі де әкім болғандардың бір парасын назарларыңызға ұсынған едік. Енді әке жолын қуып, мемлекеттік іске араласқан, яғни өздері де, әкелері де шенеунік болған кісілердің тізімін жасап көрдік.

Оқи отырыңыздар: Биліктегі ақын-жазушылардың балалары

Бұл тізімді Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев бастайды. Әкесі Елеу Көшербаев Қазалы, Сырдария партия комитеттерінің 2-хатшысы, Тереңөзек, Сырдария ауданының атқару комитеттерінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің 1-хатшысы қызметін атқарған. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, өз өмір жолын жазған екі кітаптың авторы.


Қазақстан ұлттық экономикалық «Атамекен Одағы» палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев ­– Кеңес үкіметі кезінде де, тәуелсіздіктің алғашқы жыларында да ел билігіне белсене араласқан, Дінмұхамед  Қонаевтың сенімді серіктерінің бірі болған Асқар Құлыбаевтың ұлы. Асқар Құлыбаев әр жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев облысы партия комитетінің 1-хатшысы, Республика мемлекеттік құрылыс комитеті төрағасының бірінші орынбасары, төрағасы, Тұрғын үй және құрылыс министрі қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев экс-президент Н. Назарбаевтың күйеу баласы. 

Оқи отырыңыздар: Әкімнен әкім туады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев – Социалистік Еңбек Ері, КСРО жоғары кеңесінің депутаты болған Әбдір Сағынтаевтың ұлы. ҚазССР-дің еңбек сіңірген мал шаруашылығы шебері, 100 қойдан 1967 жылы 147, 1982 жылы 126 қозы алыпты. Шопандықтан депутаттыққа еңбегімен жеткен адам екен.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев белгілі мемлекет қайраткері болған, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған Қаратай Тұрысовтың күйеу баласы. 

Вице-премьер Жеңіс Қасымбек – ұзақ жылдар экс-президент Н. Назарбаевтың кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбековтің ұлы. Махмұд Базарқұлұлы ұзақ жылдар Президент әкімшілігінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Соңғы он бес жылда Президент кеңсесін басқарды. Қазір Тұңғыш Президент – Елбасы кеңсесінің басшысы.

Сонымен қатар, Махмұд Қасымбектың тағы бір ұлы Ардақ Қасымбек «ҚазМұнайГаз» компаниясында қаржылық директоры болып қызмет атқарған. Қазір «Казына Капитал Менеджмент» АҚ Басқарма басшысы. 

Нұрәлі Әлиев Қазақстандағы ең ірі бизнесмендердің бірі болып саналады. Бір кездері Астана қаласы әкімінің орынбасары да болды. «Транстелеком» АҚ-тың 49 пайызы Нұрәліге тиесілі  деген ақпарат 2016 жылы шыққан. Әкесі – марқұм ҰҚК басқарған  ­ Рахат Әлиев. Анасы – Парламент Сенатының спикері – Дариға Назарбаева. Нағашы Атасы – Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Нұрәлі Әлиев  – ОСК төрағасы Берік Имашевтың күйеу баласы. 

Қорғаныс министрінің орынбасары Мүслім Алтынбаев – Осы министрлікті екі рет басқарған, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың ұлы. Мұхтар Алтынбаев «Халық Қаһарманы», өмірінің бәрін әскери қызметке арнаған. 

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова – Сенаттың экс-депутаты, бизнесмен Ерлан Нығматуллиннің қызы. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллиннің немере қарындасы. 

Қазақстанның Италиядағы, Мальтадағы, Сан-Маринодағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сергей НұртаевНұртай Әбіқаевтың ұлы. Нұртай Әбіқаев жоғары билікте біршама қызмет атқарған. Шетелдерде елші, Президент Әкімшілігінің басшысы, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшысы қызметтерін атқарған. Кейін Сенат депутаты болды. Қазір «Отандастар» қорының басшысы. 

Қазақстанның Чехия, Словакия Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сержан Әбдікәрімов – Сенаттың экс-депутаты Оралбай Әбдікәрімовтың ұлы. Оралбай Әбдікәрімов Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Басшысы, Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарған. 

Нариман Бекназаров – Астанадағы ауданаралық мамандандырылған Соттың төрағасы. Парламет Сенатының депутаты, спикер орынбасары Бектас Бекназаровтың ұлы. 

«КазМунайГаз-Аэро» компаниясының бас директоры Нұржан Нұрланов – Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллинның ұлы. Нұржан Нұрланұлы «Бәйтерек» Ұлттық Холдингін де басқарған. Премьер-министр канцеляриясында қызмет атқарған. Әкесі Нұрлан Нығматуллин де жоғары билік те әртүрлі қызметтерді ұзақ атқарып келеді. 

Қостанай облысының прокуроры Тимур СүлейменовҚайырбек Сүлейменовтың ұлы. Қайырбек Сүлейменов екі мәрте ішкі істер министрлігін басқарған. Президент көмекшісі болған. 

Фото: tengrinews.kz

Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.