Қазақтың тарихы негативке толы

Қанағат Жүкешев - 20.08.20194026

Қазақтың санасын өзгертуге септігін тигізе алатын ғылымның келесі түрі – тарих. «Тарихын білген адам отаншыл болады» деген түсінік бар. Мен бұл байламға қарсы емеспін. Солай болса да, тарихшылар мен оны мектепте оқытумен айналысушылардың көңілін мынаған аударғым келеді. Англияның тарихын білген ағылшынның отаншыл болып шығуы нағыздыққа сәйкес келеді. Өйткені, ағылшын тарихы тек прогреске ұмтылыстар мен жарқын жеңістерден тұрады. Ағылшындарда әлеуметтік өрлеу, озық мәдениет, ғылым мен техникадағы жетістіктер.., бәрі бар, мың жыл бойы үзіліссіз өрлеу бар. Бір ғана тілімен дүниені жаулап алып отыр. Осылардың бәрі қатардағы ағылшынды мақтанышқа бөлейді, көкірегін көтеріңкі күйге толтырады.

Ал отарға түскен халықтың тарихына қатысты мұндайды айта алмайсың. Қазақ тарихының оқулықтары негативке толы. Авторлардың жазатыны: әлеуметтік салада – қайыршылық пен аштық; соғыста – жеңіліс; мәдениетте – артта қалу; саясатта – бағыныштылық; құқықта– қорғансыздық... Былайша айтқанда, тарих оқулықтары жылау, күңірену, қашу, қырылу... сияқты баланың жігерін құм қылатын сипаттаулардан тұрады. Мұнысымен қоймай, негативті тарих орта және ЖОО-ларда төрт рет қайталанып оқытылады. Осындай тарихты оқып жүрген баланың «қазақ болғым келмейді» деп жылағанына да куә болғанымыз бар.

Әрине, қазақ тарихы ыңғай сұрғылт оқиғалардан тұрмайды. Позитивті сәттер де баршылық. Ал жалпы тарихты зерттеу мен оқытуға қатысты мынаны ескеру керек. Мектепте баланың сағын сындырмайтын, позитивті оқиғалар іріктеліп оқытылуы керек. Ал академиялық тарих идеологияландырудан азат болуы керек. Ұстанымсыз зерттеушілер биліктің емеурініне икемделіп, соларға ұнайтын «тарих» жазып беріп жүр.

Идеологияландырылған тарих – ол іс жүзінде көсемнің өмірбаяны және оны әсіре әспеттеулерден тұратын мәтіндердің жиынтығы болып шығады. Әрине, онда іс жүзінде орын алған тарихи оқиғалар да қамтылады. Бірақ, олардың көбіне кезінде көсемнің өзі кедергі болғандығы, халықтың қолымен, даму инерциясымен, ағыспен жүзеге асырылып келген шаралар екендігі ескерілмейді. Ондай тарихтың басты субъектісі халық емес, көсем болып шығады. Идеологияландырылған тарих – ол жалған тарих.

XX ғасырдың екінші жартысынан бастап дүние жүзінің алдыңғы қатарлы ғалымдары менталды тарих жазу мәселесін көп көңіл аударып жүр. Оның ерекшелігі кез келген тарихи оқиға оған қатысушы халық бұқарасының менталитеті астарында сипатталады. Менталдық тарихтың бірден бір субъектісі – халық бұқарасы. Менталдық тарихта тарихи қақтығыстардағы жеңістің де, жеңілістің де, қоғамның жетістікке жете алуы да, жетпесе – жете алмауының да себептері сол тарихи кезеңдегі бұқараның дүниетанымымен, жан әлемімен – менталитетімен түсіндіріледі. Менталдық тарих арқылы бұқаралық сананы әлеуметтік апатия құбылысының меңдеуі себептерінің де нақты көрінісін көз алдыға келтіруге болады.

Тарихтың ресми басылымдарында «отарға түстік», «жерімізді тартып алды», «тонады», «қуды», «аштықтан қырылдық», «шетке қаштық» деген түсіндірулер тұнып тұр. Бұл – қате әдістеме. Осындайдан кейін, бұқара тағы қырылуға дайындық психологиясына бейіндік таныта бастайды. Негативті қайталап айта беру бұқаралық сананы келесі негативке дайындау болып шығады. «Отарға түстіктен» «енді кімнің отары боламыз» деген «идея» туындайды. Осы «идеяның» елесі әлі қазақтың санасынан шықпай жүр. «Етіміз үйренген орыстың отары болғанымыз жақсы» деген «ұсынысты» да естіп жүрміз.

Негативті зарлап айта беру қолдарынан түк келмейтін, өзін азамат, ұлт адамы ретінде сезінбейтіндерге – құлдарға тән. Негатив – рухты сөндіруші фактор. Ұлтқа сәйкестігі бар, жігері бар халық «жеңілдік», «отарға түстік» деген сөздерді айтуға арлануы, намыстануы керек.

Қазіргі таңда ашаршылық және саяси репрессиялар жылдарындағыдай, отаннан қашу идеясы тағы белең алып отыр. Жылына ондаған мың адам шет елдерге қашып та жатыр. Жүздеген мың адамның кәлласына «мүмкіндік болса – қашу» идеясы ұялаған. Қашудың бұрынғысы мен қазіргісінің айырмасы мынада: өткен ғасырда шекаралар ашық болатын. Сондықтан жаппай қашу орын алды. Қазір білімділер, қаражаттық мүмкіндігі барлар қашады. Бұл – қоғамның келешегі үшін қауіпті үрдіс. 

Менталдық тарихта басты назар жеңілу айғағынан гөрі, жеңілудің себебіне көбірек аударылады. «Неге жеңілдік» деген сұраққа жауап ізделеді. Жеңілістің себептері түсіндіріледі. Келесі ұрыста жеңілмеу үшін қандай шара керектігі тарихи мәселе ретінде алға тартылады. Менталдық тарих қазақтың санасында «арыстандай айқастық», «жолбарыстай шайқастық», «тістестік», «шекістік», «кетістік», «бірақ, төтеп бердік», «беріспедік»,.. идеяларын сіңіруге тиіс. Тарихи еңбектерде трагедияның өзі оптимистік сарында баяндалуы қажет. Қырылудың өзі рухты көтеруге қызмет етуі, салтанатқа ұласуы керек. Қырылыстан тірі қалғандар бұл жолы кеткен қателіктің келесі жолы қайталанбайтынына сеніммен, көтеріңкі рухпен шығуы керек.

Қазаққа өткеннен сабақ беретіндей, өкінішті оқиғаларды қайталамауға үйрететіндей, алдағы уақыттарда тек жеңіске жетелейтіндей тарих керек. Кеңестің құрамында болған кезде қазаққа кім мейілінше аяусыз қастандық жасаса – сол ең жоғары лауазымдарды иеленетін. Ұлтқа қатыстының бәріне қаскөйлік жасау – билікке ие болудың төте жолына айналған болатын. Бұл орыс шовинистерінің ұлттарды қосу саясатынан туындап жатты. Енді мына масқараға көңіл аударыңыз: осындай құбылыстар қазір де орын алып отыр. Орыс шовинистері қазақтың елін де, жерін де қосып алу үшін сатқындар мен сұмпайыларды әдейі көтерді. Ал тәуелсіздік жағдайында антигеройлардың биліктің жоғарғы басқыштарына тез көтерілуін қалай түсінуге болады? Қазақтың басына төнген көп қырсықтың бірі осы арада көміліп жатыр. Мұның да сыры менталдық тарих арқылы ашылады. Менталдық тарих кезінде билікке келіп алып, халықты қан қақсатқандардың үрім-бұтағына сайран салдырып қоюдың алдына тосқауыл қояды.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: el.kz

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.