Жаңаөзеннің қара алтыны

Құралай Қуат - 20.08.20191628

Қазақ мұнайының 120 жылдығы, «Өзенмұнайгаз» компаниясының 55 жылдығы және Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай бір топ журналист киелі мекен – Маңғыстау жеріне ат басын бұрды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірден «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай кәсіпшіліктеріне жол тартты. Қонақтарды Жаңаөзен қаласындағы өндірістік блок ғимаратында кәсіпорын бас директоры Есен ӨТЕЕВ қарсы алды. Ол Өзен және Қарамандыбас кен орындарының ескіруіне байланысты қазіргі уақытта «қара алтынды» өндіру ісі қиындай түскенін атап өтті. Дегенмен, мұндағы дәлелденген мұнай қорының көлемі 120 млн тоннаны құрайды екен. Бұл жаңа тәсілдерді қолдануды, заманауи технологиялар мен қызметкерлерді дамытуды қажет етеді.

- Қазіргі уақытта компания мұнай өндіру деңгейін қалыпты жағдайда сақтау және ұңғымалардың жұмысын оңтайландыру үшін сынақтан өтіп, тиімділігін дәлелдей білген тәсілдерді қолдануда. Мысал ретінде жер қабатын сумен айыру әдісін келтіруге болады. Соның нәтижесінде жыл сайын 200 мың тоннадан астам қосымша өндіру көлемі қамтамасыз етіліп келеді Сонымен қатар, «Өзенмұнайгаз» кен орындарында тігінен және көлденең ұңғымаларда көп деңгейлі қабаттарды сумен айыру жөніндегі жұмыстар ойдағыдай жүргізілуде. Біз мұнымен тоқмейілсімейміз. Өндірісті қарқындату үшін барлық мүмкіндікті пайдаланамыз - деді Есен ОҒЛАНҰЛЫ.


Тілшілердің сапары қалада орналасқан «№1 ұңғымадан» басталды. Дәл осы ұңғымадан Өзен кәсіпшілігінің жұмысы бастау алған еді. Бүгінде оның жұмысы тоқтатылып, көпшілікке ашық аспан астындағы мұражай жәдігері ретінде көрсетіледі. Оның жанында Жаңаөзеннің тұңғыш мұнайшыларының есімдері жазылған естелік тұр. Баспасөз өкілдері үшін сала майталманы, Өзен кен орнының алғашқы бұрғышысы Болатбай Қарамұрзаевпен кездесу ұйымдастырылды. Болатбай аға еңбек жолына 20 жасында қадам басты. Бұрғышының көмекшісі кәсібін игеріп, осы кен орынға бүкіл саналы ғұмырын арнаған жан. Ол мұнайшы әулетінің отағасы - баласы әкесінің ізін қуып, оның ісін табысты жалғастырып келеді. Еңбек ардагері өз әріптестерін мақтанышпен еске алып, өзен мұнайының көзін ашу үшін қаншалықты адал еңбек сіңіріп, маңдай терін төккендерін баяндады:

- Қуанышымызда шек болмады, - деп есіне алды ардагер мұнайшымыз. Сол сәттегі алғаш ойым енді өндірісті аяққа тұрғызамыз. Ол сәтке дейін нәтиже болмап еді. Осымен ештеңе шықпас, бұл жерден мұнай таппаймыз деп арасында күмәндандық. Бірақ, мұнай табылып, өңірдегі өмір жандана түсті. Жас мұнайшыларға еңбекқор болыңдар дегім келеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарнын тіленбей» демекші, адал еңбек еткен адам қашанда биіктен көрінеді.

«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы құрылған сәтінен бастап 383 млн тонна мұнай өндіріпті. Бүгінгі таңда іргелі кәсіпорын тәулігіне 15,5 мың тонна өндіріп, жыл сайынғы өндіру көлемін 5,5 млн тонна деңгейінде ұстап тұр. «Өзенмұнайгаз» акцияларының 100%- «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі және ол еліміздің ең ірі салық төлеушілерінің ондығына кіреді.


Журналистер жерасты жабдықтарын жөндеу және диагностикалау цехының жұмысымен танысты. Цех бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілді. Заманауи жабдықпен жабдықталған цех жыл сайын 400 мың сорғы-компрессорлық құбырды, 300 мың сорғы бағаналарын және 10 мың тереңді сорғыларды жөндеуге әрі диагностикадан өткізуге мүмкіндік береді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жабдықтарды жөндеу сапасы артып, ұңғымалардың жөндеуаралық кезеңі 105 күнге дейін ұзарды. Бұған дейін бұл кезең 80-ге жуық күнді құрайтын.

Биыл компания тағы бір айтулы жобаны іске асыруға кірісті. Қазір көлемі 20 мың текше метр су тұндыру қазандығының қарқынды құрылысы жүріп жатыр. Қазандық мұнай-су эмульсиясын термохимиялық өңдеуден өткізуге арналған. Ол мұнайды судан ажыратады. Содан барып шикі мұнай терең тазалауға жөнелтіледі. Су жер қабатындағы қысымды сақтау үшін қайтадан жер астына жіберіледі. Жоба жер қабатына сапасы жоғары суды айдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде су сорғы қондырғыларының жөндеуаралық кезеңін ұзартады. Өйткені, су неғұрлым лас болса, құрал-жабдық соғұрлым тез тозады.

Компанияның басты құндылығы - адами капитал. «Өзенмұнайгаз» жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын ұдайы жақсартып отыруға ерекше көңіл бөледі. Бірнеше жылдан бері Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді. Қазіргі уақытқа дейін 42 шаруашылық-тұрмыстық және әкімшілік-тұрмыстық кешен тұрғызылды. Барлық топтық қондырғыларда қызметкерлер жуынатын, киім ауыстыратын және демалатын арнайы бөлмелер салынды. Жұмысшыларды сапалы тағаммен қамтамасыз ету үшін 15 тамақтану нысаны ашылды. Ал, жерасты жөндеу жұмыстарымен айналысатындарға ыстық тамақ ұңғыманың жанына жеткізіліп береді.


«Өзенмұнайгаздағы» ұжымдық шартқа жеке тоқталып кету керек. Құжатқа сәйкес жұмысшылар Қазақстан және ТМД елдерінің шипажайларында денсаулығын түзей алады. Бұған қоса компания қызметкерлеріне «Кендірлі» курорттық аймағында орналасқан сауықтыру-оңалту орталығында демалуға мүмкіндік беріледі. Жыл сайын 4 500-ге жуық бала үздік сауықтыру лагерьлеріне аттанады. Қауіпсіз өндіріс үшін барлық жағдай жасалуда – кәсіпорында қабылданған бағдарламалар ықтимал тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған. Компания үстіміздегі жылды «Еңбекті қорғау жылы» деп жариялады.

«Өзенмұнайгаз» АҚ Жаңаөзендегі жалғыз қала құраушы кәсіпорын. Сондықтан компания әлеуметтік жауапкершілігін терең түсіне отырып, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға аса назар аударады. Келісімшарттық міндеттемелер аясында кәсіпорын Жаңаөзен қаласы мен Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға жыл сайын 900 млн теңге бөліп отырады. Компания қаржысына спорт нысандары, мәдениет үйлері мен балабақшалар тұрғызылды. Бұған қоса, Жаңаөзеннің мектептері заманауи компьютер сыныптарымен жабдықталды, қала аумағында 10 спорт және 2 әмбебап ойын алаңы салынды.

Суреттерді компания баспасөз қызметі ұсынды

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.