Биыл мақташылар судан таршылық көрген жоқ

Бақытжан Әбдіраш - 20.08.20191208

Түркістан облысы Жетісай ауданында мақта алқаптарын суару науқаны қыза түсті. Қазіргі таңда аудан бойынша 10 мың гектар ақ алтын алқабы суарылған. Шаруалар ағын судан тапшылық көріп жатқан жоқ. Бүгінде «Достық» және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы каналдарынан секундына 52 текше метр ағын су келуде.

- Бұл көлем шаруалардың сұранысын толық қанағаттандырып отыр, - дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуов. Оның айтуынша, 52 текше метр судың 20 текше метрін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы берсе, қалғаны «Достық» каналының еншісінде. 

Аталған аудан әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда,  Қазыбек би ауыл округінің шаруалары тәулігіне 98 гектар мақта алқабын суарып үлгеруде. Ал жалпы суарылған алқап 665 гектарды құрайды. «МАК» шаруа қожалығының төрағасы Мұхтар Ботабековтің 17 гектар мақта алқабына су жібергеніне бүгін 3 күн болыпты. 

«Ағын судан тапшылық жоқ. Каналда су жеткілікті. Қазір біз жаппай суаруды бастап жібердік. Алдағы аптада мақтаның бірінші суарымын аяқтаймыз», дейді Мұхтар Ботабеков. 

Биыл бұл қожалық мақтадан бөлек, 3,5 гектар жерге «Жиенбай» қауынын егіпті. Ашық грунтта егілген қауын алдағы аптада толығымен пісіп жетілмек. 

Мақта алқаптарын суаруда Жаңаауыл ауыл округінің шаруалары да алда келеді. Бүгінге дейін мұнда 842 гектар ақ алтын алқабы суарылған. Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 45 мың 100 гектарға мақта егілген.

Жалпы, мақта ыстықты және суды жақсы көретін өсімдік. Оны уақытымен суармаса өнім күйіп кетеді. Сол себепті дәл қазіргі, суару науқаны кезіндегі судың жеткілікті келуі маңызды. Осы күнге дейін мақташылар судың зардабын аз тартқан жоқ. Өйткені, жаппай суару жұмыстары басталғанда Сырдарияның суы азайып кетеді. Оның себебі ағынның бас жағында отырған Өзбекстан судың көп бөлігін бұрып алады да, Қазақстанға көп су жетпей қалады. Қырғыздар да жазда көп пайдаланады да, қыста электр энергиясын мол өндіру үшін көп ағызады. Осы бір қарама-қайшылықтар Қазақстан шаруаларының 20 жылдан бергі шеше алмай келе жатқан мәселелері. Десе де, биылғы маусымдағы судың жеткілікті екендігі жоғарыда аталған проблемалардың шешімін тауып келе жатқанын көрсетеді.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.