Сені де өмір ғашық етіп қинасын

Қайсар Қауымбек - 20.08.20192053



КҮҢІРЕНБЕ, МОЛАЛАР

Күңіренбе, молалар, күңіренбе,

Сұм жалған опалы кімдерге?!

Сізден де қалған бұл дүние,

Өтеді бізден де.

 

Тағдырын Тәңірге тапсырған,

О, қайран, бөрілер, ақшулан.

Ақиқат едіңдер кешегі,

Сақалын сан тарам жас жуған.

 

Күрсініп өткеннің тілінде,  

Ештеңе айтпаңдар бүгінге.

Табатын төрі ғой пенденің,

Баратын жері ғой түбінде.

 

Бүк түсіп баладай өкпелеп,

Жата бер,

Кектенбей текке бек.

Біздер де дәл сендей баһадүр,

Бұл заман шақырған жекпе-жек.

 

Кеудеңнен сан тарау сел ағар,

Күрсінбе, саңырау бола қал!

Келешек келеді іңгалап, 

Күңіренбе, молалар, молалар!!!

 

АҢСАР

Хат жазам мен де сағыныш, аңсар пейліммен,

Хат жазады ол да кеудесі байтақ ой-мұңмен.

«Мыңжылқы дейтін жайлауым қалды» дейді атам,

«Қарт Іле дейтін қаймағым қалды» деймін мен.

 

Мұңына қарттың абайсыз айтқан әзілім,

Шынға айналар деп ойладым ба екен –

Жазығым!

Сағынып жүрді көктемде келген құстарды,

Сарала күзде санаға құйып қаз үнін,

 

Тұманға батып жанары,

Ойда мұң кілкіп,

Туған жер, әттең – 

Ол да бір ойдың қылқұрты.

Боз ала таңда булығып барып,

кісінеп

Оянады екен түсіне кіріп Мыңжылқы.

 

Мен дағы бүгін көзімнің алды тұмандап,

Боза ала таңым атар бір тұста қылаулап.

Тағдыры талай талқыға түсіп, тартылған

Іледей болып жатамын сосын мың аунап,

 

Біріне бірін ынтызар қылған!

О, тоба-ай!

Желіге келіп, жәудіреп тұрам ботадай.

Туған елінде туған жері жоқ, басым-ай,

Өлген елінде туған жері жоқ, Атам-ай!

 

 

БҮЛДІРГЕН ЖАЙЛЫ ЕРТЕГІ

Жәудір жанары мұң тұна қалған меңлімдей

Немесе соның бұртия қалған ерніндей.

Бүлдірген самсап тұратын еді күнгейде,

Қып-қызыл нұрдан тамып бір кеткен мөлдірдей.

 

«Алпысқа келіп, ассақ та талай мың белден,

Қарғам-ау, мұндай қасіретіңді кім көрген.

Қазақтар ауып, өзге жұрт көшіп келгелі,

Бүлдірген дағы жерініп кеткен бұл жерден».

 

Топырақ иіскеп, еңсесін жерден көтермей,

Күрсінді көкем, көкірегі ұшып кетердей,

«Арына тисе ажалға ғана жар болған,

Жарықтық бұл да арудай адал екен ғой»

 

Түңіле сөйлеп бүлдірген жайлы баянын,

Толқып бір тұрды бәйтерек сынды саялым.

 «Сәби де сенбес мұныңыз енді ертегі», –

деп айтқым келген,

Айтпадым.

Мүмкін, аядым. 

 

Сағынышы елдің жүрген соң болар көп өртеп.

Ұйытты мені имандай болып сол «ертек».

 

 

***

Бұл ауылда оқылмайды құран да,

Желге ұшқан жоқ жер ошақтың түтіні.

Шығыстағы жеті басты жыланға,

Бара жатқан секілді енді жұтылып.

 

Естілмейді азанның да дауысы,

Қазанның да жылынған жоқ бауыры.

Үнсіз ғана қасіретпен қауышып,

Тілсіз қалған кейуанадай ауырып,

 

Жатыр, әне, өз жүрегін түтіп жеп,

Әлде кімді күтетіндей елеңдеп.

Қайран ауыл, бауырыңды бүтіндеп,

Қалай ғана алсам екен сені емдеп?!

 

Найзағайдай үмітімді бұлт ішіп,

Сол далаға сағыныш боп байландық.

Құбылаға арманы мен рухы ұшып,

Құр сүлдері қалып қойған қайран жұрт.

 

 

***

Өзекте ауыл.

Өрттей жанған кешқұрым,

Өзегімді тырнайды кеп ескі мұң.

Құбылаға жинады күн сәулесін,

Құйрығындай қанжирен кіл бестінің.

 

Бура бұлтты есіп өткен сарбауыр,

Мына көк шың – қанға малған қандауыр.

Аулақ барып ыңыранып шөкті де,

Ауырсынып ауық-ауық аунады.

 

Саяқ кеткен жылқы үні де үрейлі,

Сапырады бір ой қуып, бір ойды.

Жортуылдан жеткен Жетіқарақшы,

Құба қырдың желкесінде түнейді.

 

Жез киіктің сауырындай мұңлық ай,

Көкжиектен қашады ұзап құлдырай.

Жүрегімдей жүдеп қалған ауылдың,

Жетімсіреп жатқан осы тірлігі-ай!

 

***

Саған мүлде апаратын жол болмай, 
Және соған баруға еш қамданбай, 
Құдай кешсін дәл осынау күнімді. 
Саған да өмір бір махаббат сыйласын, 
Бал ғұмырдың жақсылығы - сол болғай! 

Сенсіз, тіпті, ғұмырымда мән болмай, 
Және соны айтуға еш арланбай, 
Құдай кессін дәл осынау тілімді, 
Сені де өмір ғашық етіп қинасын, 
Тағдырыңның тапшылығы - сол болғай! 

 

***

Бұл ғұмырда сыр айтамын деп жүріп,

Тағдырымды талай жарға құлаттым.

Сұлу қызды қуантамын деп жүріп,

Жақсы қызды жалғыздықтан жылаттым.

 

Жыр-ғұмырда азбаймын деп жүріп-ақ,

Көп досымнан аласардым, кетілдім.

Жаман өлең жазбаймын деп жүріп-ақ,

Жақсы сөзді жалғыздықтан өлтірдім.

 

***

Іңір қараңғысында келді көктем,

Сол баяғы сезіммен, сол жүрекпен.

Қарлығаштың бауырын қас-қағымда,

Қарындастың көзіндей мөлдіреткен.

 

Бірде ағытып шідерін көңіл кердің,

Мүлде жаңа келеді өмірге енгің.

Ең алғашқы тамшысы мөлт ете қап,

Шымырлатты құйқасын қоңыр жонның.

 

Қарашығың секілді талдың бүрі,

Жанашырың секілді әр бұлбұлы.

Қолың созсаң еркелеп,

Еміреніп,

Жұпарланып қояды балғын гүлі.

 

Қозы енесін іздейді, сөз егесін,

Сонау балғын күндерді кезеді есің.

Бала мұрты тебіндеп бозбала – тал,

Көрші қыздың қағып тұр терезесін...

 

***

Көрші жайын айта кеп, көңіл жайын,

Анам кейде келтіріп сөз ыңғайын.

“Әп-әдемі бала ғой, айналайын”

Ұлы үйленбей қалардай – со бір уайым.

 

Сол көрші қыз жүрсе де аға тұтпай,

Ұнатпаған күйге еніп,

Сәл асықпай.

«Қарындас қой ол маған,

Қарындасты

Қорғау керек, - деймін мен, - қарашықтай»

 

Анасы бір жақсы адам жоқ наласы,

Атымды айтса алғандай шоққа басып:

«Кішкентаймын мен одан» дейді екен қыз,

«Мен де әкеңнен кішімін» депті анасы.

 

Неге екенін сол сөзін анасының,

Жақсы көрем жанымдай әлі осы күн.

Білдірместен жүріп-ақ туған айдай,

Бір-ақ күнде бойжетті «қарашығым».

 

Аналардың тілегі-ай, әппақ тегі,

Біздер үшін қойды екен сақтап нені.

Анда-санда кездессек қымсынамыз,

Сол ұяңдық тәтті еді,

тәп-тәтті еді...

 

Туған ауыл – кіндігім жүз байланып,

Жеттім бүгін, жаз ауып, күзге айналып.

“Той өтті ғой көрші үйде” дейді анашым...

Жүрек нені қимайды, ей,

Сыздай қалып.

О, тоба!

 

 

ДҮЛДҮЛ

Айдағар еді – тегім.

Туып ем

Арғымақтардан қайырған.

Шұрқырай шығып теңіз түбінен,

Ай астында ғана жайылғам.

 

Жұтына кетсем желіге байлап,

Кекілім сүйген көк аспан.

Құтыра кетсем бөрімен ойнап,

Жеткізбей жүйткіп бел асқам.

 

О, Қамбар атам, Құлагер бабам,

Қайдасың ағам – Көкмойнақ.

Қақпайлап ұрып, мына кер заман,

Барады бізді отқа айдап.

 

Төбемнен бүгін күшіген ұлып,

Қансырап қалған құлын ем.

Төбел жұлдызың түсіме кіріп,

Кісінеп шығам түнімен.

 

Табайын қайдан сенсіз бағымды,

Қалдырдың ба енді жұртқа иен,

Қырық үш күндік кемшін бабымды,

Қымызбен жазған Құртқа-ием!

 

Сірі табаның жолдарды қажап,

“Сенімен жаным егіз” деп.

Сен тірі болсаң, Қобыланды-қазақ,

Келерсің бір күн мені іздеп!

Табарсың бір күн мені іздеп...

 

СҰЛУ АЛМАТЫМ

Шұғылаң да түн, қайтейін,

Құбылаң да түн,

Құбыла қалсаң антыңнан суынар ма ақын?!

Мен саған осы қалпыңмен ынтызар болғам,

Тек қана сенің кінәң жоқ, сұлу Алматым.

 

Келбеті ләйлі, қалам-ай, кеудесі қайғы,

Кер заман туса құдайын пенде сынайды.

Жат бауыр балапандарын баурыңа басып,

Сығанның сылқым қыздары теңге сұрайды.

Оған да сенің кінәң жоқ, сұлу Алматым.

 

Сойыл да тиіп өтеді соры қалыңға,

Сорлап жүреді кей-кейде оғыланың да.

Мешіттер таңғы азанын қоңыраулатса,

Мас ағай құлап жатады омырауыңда.

Оған да сенің кінәң жоқ, Сұлу Алматым.

 

Өтеді біреу өмірге опына жаздап,

Өтеді біреу тағдырын аһ ұра қарғап.

Атағы таудай ақынның көшесін бойлап,

Сұм нәпсі, суық құшақтар шақырады арбап.

Оған да сенің кінәң жоқ, Сұлу Алматым.

 

Шіренген зәулім үйлердің сөнгенде шамы,

Сағыныш шөлін бауырлар шермен басады.

Арыстай болып ағалар құлап жатады,

Аға бола алмас біреулер кердең басады.

Оған да сенің кінәң жоқ, Сұлу Алматым.

 

Сұлу Алматым, мәңгілік жұмағы жердің,

мен сені барлық ғаламның тұмары дермін.

Бейкүнә туып, беймезгіл ақын боп тұрған,

Бәріне соның жалғыз-ақ кінәлі - менмін!

Кінәлі – менмін!

 

ТЕҢІЗ

Беу, Теңіз, бегзатым-ай, жаны мұңды,

Мен саған барған жоқпын әлі күнгі!

Көкке атып көбігіңді көкжиектен,

Тауысып жатырмысың сабырыңды.

 

Қазірге бұлақпын мен, күте бергін,

Бір күні жолықтырар құты өлеңнің.

Жағаңда самалды өппей, саған жетпей,

Әманда ақ арманы біте ме ердің?!

 

Сол күні қарсы ал күліп, теңіз, мені,

Шер-мұңды жырымды оқы көзімдегі.

Кеудеңнен айға ұмтылған ақ маржандай,

Шашылып қалсын саған сезімдерім.

 

Толқындар тулап қағып барабанын,

Солқылдап шулап қалсын жағалауың.

Төбемде шыр айналып тұрып алсын,

Төменнен шырқап ұшқан шағала мұң.

 

Жүзіңде, Көкше теңіз, қалқуда ай-күн,

Түбінде саған жетпей тартылмаймын.

Аңыздағы аласұрған айдаһардың,

Ақ алтын бауырындай жарқылдаймын.

 

Тумаған тұнығыңмын көшіңдегі,

Тулаған толқыныңмын төсіңдегі.

Кер заман кері ағызып әлдеқалай,

Кешігіп келер болсам, кешір мені!



Мақала авторы:

Қайсар Қауымбек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар