Қазақ демократ та, либерал да бола алады

Қанағат Жүкешев - 21.08.20191489

Ж. Бабалықұлының сұрағына берер жауабымның ұзын ырғасы осылай. Бұқаралық апатияның себептеріне қатысты бұл топшылаулар әлі толықтыруды қажет етеді. Бұған қоса, төмендегі екі нәрсеге оқырманның көңілін бөле кеткенді жөн санадым. Біріншіден, аталғандардан өзге ғылымдардың керегі жоқ деген ұғым тумаса керек. Бұл жерде мен қазақтың рухани аспаны астындағы сөз болып жүрген кейбір құбылыстарға қатысы бар ғылыми шараларды сөз еттім. Екіншіден, ой ағысы ыңғайымен бұл жерде әлеуметтік психология алдымен аталып отыр. Негізінде, барлық қоғамдық ғылымдардың философиядан бастау алатыны баршаға аян.

Өкінішке орай, қазақтар арасында ғылыми-шығармашылық қызметтің аталған түрлерімен айналысып жүргендер көп деп айта алмаймын. Сандық өлшеммен алғанда әлеуметтік философия мамандығын иеленгендер баршылық. Бірақ, олардың арасынан қазақ халқының қазіргі өмірлік қызметінен алып, ұлттың бір мәселесін шешуге бағытталған зерттеу жүргізіп, татымды ұсыныс айтып жүргендер шамалы. ­Өз басым әлеуметтік психология, психологиялық лингвистика, менталдық тарих мамандарының дауыстарын естіп жүрген жоқпын.

Жалпы қазіргі қазақты орта ғасырлық түнекке қарай итере салуға да немесе дамыған қоғамдар бастан кешіріп отырған постиндустриализмнің миуалы жонына қарай бағыттап жіберуге де болады. Оның себебі қазақтың аграрлы қоғам мен индустриялы қоғамның арасындағы диффузиялық белдеуде тұрғанымен айқындалады. Диффузиялық белдеуде тұрған индивид бейімделгіш болады. Өйткені, ол мезеттік тиімді жаққа ауыса салуға ыңғайлы жерде тұр. Қазақ демократ та, либерал да бола алады. Қазақ ашық қоғамды қолдап шыға да алады. Қазақ таяуда ғана, қайта құру кезінен нөлінші жылдардың ортасына дейінгі кезеңде демократиялық даму жолын толық қуаттап, бұл бағытта құлшына әрекетке кірісуге дайын болатын. Ал билік авторитаризмге қарай бұра тратып еді, қазақ айтарлықтай қарсылықсыз оның соңынан еріп кете барды.

Үдерістің себебі айқын болғанда, оның даму бағытын өзгерту мүмкіндігін де көз алдыға келтіру оңайлай түседі. Бір ескеретін жай – әлеуметтік-рухани салаларда кері қайту нүктесіне таяп келіп тұрған, кейде одан асып кеткен тұстар да бар. Бұл – жалпы жағдайдың апаттық сызықтың екі жағына шоғырланып тұрғанын көрсетеді. Мәселе қазақтың өз тағдырын өзі қолына ұстауға ұмтылуында немесе ұмтылмауында. Оны қазақтың өзі ғана шеше алады. Ұлт зиялыларының міндеті бұқараға ғылыми жолын көрсетіп, дұрыс бағыттап жіберуде ғана.

Осы жазбаларымда мен қазақ қоғамы келіп тіреліп тұрған рухани дағдарыстарға сипаттама беруге, олардың орын алу себептерін ашуға тырыстым. Ендігі сұрақ чернышевскийше, не істеу керек дегенге тіреліп тұр. Бұл сұраққа беретін жауабымның нұсқасын келесі жолға қалдырып отырмын. Мен қазақтың басын қатырған барлық сұрақтың жауабы табылатынына, біз жұмыла кірісіп жарқын келешекті өз қолымызбен жасайтынымызға, және бұл мақсатқа таяудағы онжылдықта жете алатынымызға сенімдімін.

Қанағат Жүкешев,

«Билік метаморфозасы».

СОҢЫ



Фото: b17.ru

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.